Аймақтар • 24 Қараша, 2021

Қарағанды кеншілерінің еңбекақысы көтерілетін болды

406 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңқайында өткен брифингте Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек «Абай» шахтасында болған төтенше оқиға бойынша құрылған келісім комиссиясы жұмысының қорытындысын баяндады, деп жазады Egemen.kz.

Қарағанды кеншілерінің еңбекақысы көтерілетін болды

Еске сала кетсек, 7 қараша күні «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментіне қарасты «Абай» шахтасында көмір мен газдың атындысы болып, апаттың салдарынан оқиға болған жерде алты кенші көз жұмған еді.

Құрамына кеншілердің кәсіподақ ұйымдары, шахталардың белсенділері, жергілікті атқарушы орган өкілдері енген келісім комиссиясына басшылық еткен облыс әкімі 10 күн бойы жүргізілген тегеурінді және табанды жұмыстың нәтижесінде шахтерлер көтерген өзекті мәселелердің түгелге дерлік оң шешім тапқанын мәлімдеді.

Брифингте Жеңіс Қасымбек алпауыт кәсіпорынға қарасты барлық шахтаны аралап шыққанын айтты.

– Шахталарда кеншілермен болған кездесулерде оларды толғандырған барлық мәселелерді ашық түрде талқыладық. Жалпы шахтерлер басшылық алдына ұзын саны 12 талап қойды. Мен олардың барлығы да әділ деп санаймын, – деді облыс әкімі.

Келісім комиссиясы жұмысының нәтижесіне келсек, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жыл сайын 1 қаңтардан бастап инфляция деңгейінің 100% көлемінде еңбекақыны индекстеуді жүзеге асыруы тиіс. Өндірістік-экономикалық көрсеткіштер жоспарының орындалуына қарамастан, алдымыздағы желтоқсан айында 13-ші еңбекақы төленетін болады.

– Ең бастысы, желтоқсан айында кеншілердің еңбекақысы 15-17 пайызға көтеріледі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сонан соң, кадр тапшылығын жою үшін желтоқсан айының соңына дейін нормативті сандық және штаттық кесте әзірленеді. Соған сай, штат толық қамтылғанға дейін ай сайын кем дегенде 100 адам жұмысқа орналастырылуы  керек.

Кеншілерді таситын жұмыс автобустары жартылай ғана жаңарыпты, енді олар толығымен жаңасына ауысытырлатын болады. Кәсіпорында 2018 жылдың 1 қаңтарынан кейін жұмысқа орналасқан қызметкерлердің демалыс күндері аз екен, алдағы уақытта оның саны көбейтіледі. Сондай-ақ, ұзақ уақыт ауырған адамдардың еңбекке жарамсыздық парақшасындағы төлемдер 50 АЕК-ке дейін арттырылатын болады.

Бұдан былай кәсіпорын еңбек қауіпсіздігіне бұрынғыдан бетер көңіл бөлетін болады. Бұл тұрғыда шахталардың бәрінде техникалық аудит жүргізіліп, ескірген жабдықтар пайдаланудан шығарылады. Сонымен бірге,  тау-кен-геологиялық жағдайларға байланысты жоспарлау тапсырмаларына да  түзетулер енгізіледі.

«Кеншілердің басты талабына сай, шахталардағы құрал-жабдықтардың жай-күйі, шахталардың болашағы, оларға салынатын инвестиция бойынша жүргізілетін аудит жұмыстары екі айдың ішінде аяқталып, оның қорытындысы бойынша тиісті шешімдер қабылдануы тиіс», деп атап өтті Ж.Қасымбек.

Апат жиі болатын алпауыт кәсіпорындағы еңбек қауіпсіздігі проблемасы күн тәртібінде өте өткір тұр. Сол себепті, бұл бағыттағы қордаланған мәселелерді шешу мақсатында жұмыс тобы құрылды. Осы орайда арнайы мамандар 1996 жылдан бері болған апаттардың барлығын жан-жақты және тереңдете тексеретін болады. Талдау негізінде нақты іс-шаралар жоспары жасалуы керектігін атап өтті облыс әкімі.

Өңір басшысы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының алдағы бес жыл ішінде кәсіпорынға 3 млрд АҚШ доллары мөлшерінде инвестиция құю жоспары бар екенін мәлімдеді. «Бұл қаражаттың 35 пайызы шахталарға бағытталады. Жалпы кәсіпорындағы құрал-жабдықтардың жаңартылмауы еңбек қауіпсіздігіне ғана зиянын тигізбейді, сонымен қатар жоспардың орындалуына, соған сай кеншілер еңбекақысының тұрақты болуына да кедергі келтіреді. Бұл мәселе ерекше бақылауда болады», деді Ж.Қасымбек.

Ал кәсіпорынға биылғы салынатын инвестиция көлемі 140 млрд теңгені құрайды екен. Соның 35%-ы кеншілердің мәселесін шешуге арналатыны айтылды.

Брфингте Жеңіс Қасымбек кеншілердің зейнеткерлік жасын төмендету бойынша талабының Үкіметтің қарауына жолданғанын, жалпы бұл бағыттағы жұмыстардың үнемі назарда болатынын жеткізді.

– Келісім комиссиясының жұмысы аяқталған жоқ. Қабылданған шешімдердің орындалуын өзім тікелей қадағалайтын боламын. Ол үшін тараптар ай сайын кездесіп, барлық мәселені екі жақты талқылайтын боламыз, – деп сендірді Ж.Қасымбек.

Брифингте облыс әкімі өңірдегі шахталардың болашағы туралы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының басшылығымен арада бүкпесіз   әңгіме болғанын айтып өтті. Алпауыт кәсіпорынның басшылары алдағы 10-15 жыл ішінде бір де бір шахтаның жабылмайтынын мәлім еткен.

Дегенмен, Жеңіс Қасымбек күні ертеңдері қандайда бір шахта жабыла қалған жағдайда, оған дайын болу керектігін еске салды. «Сондықтан біз бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтеміз. Кеншілер көп тұратын Абай, Шахтинск,  Саран сияқты моноқалаларда жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың ашылуы, олардың дамуына барынша жағдай жасау жіті назарда болады. «Шағын қалаларда тұрғын үй салу, жолдар мен әлеуметтік нысандарды жөндеу, көшелерді абаттандыру сынды кешенді жұмыстар жалғасын таба береді», деп мәлімдеді Ж.Қасымбек.

Брифингке қатысқан «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Биджу Наир және «Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев келісім комиссиясы жұмысының қорытындысымен түгелдей келісетіндіктерін және ол бойынша қабылданған шешімдердің толығымен  орындалуына күш салатындықтарын жеткізді.