Кеше Бас прокурор Асхат Дауылбаев және Халықаралық көші-қон ұйымының Қазақстандағы миссиясының басшысы Деян Кесерович адам саудасына қарсы әрекет ету саласындағы ынтымақтастық мәселелері бойынша өзара түсіністік туралы меморандум жасасты.
Қазақстан ұзақ жылдар бойы Халықаралық көші-қон ұйымымен көші-қон, этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтару, мұқтаж адамдарға көмек көрсету мәселелері бойынша жұмыс атқарып келеді. Біздің еліміз 2002 жылы Халықаралық көші-қон ұйымының толық құқықты мүшесі атанды.
Құжатқа қол қоюдың өзектілігі туралы айта келе, А.Дауылбаев құқық қорғау органдарының адам саудасымен күрес саласында қызмет атқаратын үкіметтік емес және қоғамдық ұйымдармен ықпалдастығының белсенділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл ретте Бас прокуратураның Халықаралық көші-қон ұйымымен ынтымақтастығын тереңдету азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдігін нығайтуға бағытталған әріптестіктің жалғасы болып табылады. Қол жеткізілген уағдаластықтарға сәйкес, адам саудасының құрбандарына жәрдем беру, адам саудасына қатысты әрекеттердің алдын алу және тергеу мәселелері бойынша ақпарат алмасу, сондай-ақ бірлескен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастыру өзара іс-әрекеттің негізгі бағыттары ретінде белгіленді. Сонымен қатар, тараптар Қазақстан Республикасы Үкіметінің адам саудасына байланысты қылмыстарды болдырмау жоспарын жүзеге асыру аясында күш-жігерлерін шоғырландыруды көздеп отыр. Орталық Азиядағы көші-қонды реттеу, еңбек мигранттарының құқықтарын қорғау, адам саудасына қарсы күрес, Қазақстанның барлық аймақтарында әрекет ететін адам саудасы құрбандарын сауықтыру үшін дағдарыстық орталықтардың жұмысын қолдау – аталған жұмыстың негізгі бағыттары болып табылады, деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.