Қазақстан • 24 Қараша, 2021

Азаматтық форум: ҮЕҰ мен билік институттарының қатынасы

616 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылы» тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстанның X Азаматтық форумы аясында «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының қолдауымен «Үкіметтік емес сектор мен билік институттарымен өзара іс-қимыл серпіні» атты фасилитациялық сессия ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

Азаматтық форум: ҮЕҰ мен билік институттарының қатынасы

Сессия модераторы ҚҚДИ «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Бұқанова болды.

Жыл сайын еліміздегі үкіметтік емес ұйымдардың саны артып келеді. Мәселен, 1994 жылы Қазақстанда 500 үкіметтік емес ұйым жұмыс істесе, 2020 жылы – 21 мыңнан астам, оның ішінде 11 мыңға жуығы тұрақты қызмет атқарып келеді.

Айта кетейік, X Азаматтық форум жұмысына тұңғыш рет Қазақстанның ЕҚЫҰ, БҰҰДБ, ЮНИСЕФ, Фридрих Эберт қоры, ЮНЕСКО, ЮСАИД сияқты халықаралық серіктестері қатысуда.

Сессия барысында үкіметтік емес ұйымдар санының артуы осы институт әлеуетінің индикаторларының бірі болып табылатыны атап өтілді. Жүргізілген зерттеулерге сәйкес, респонденттердің 53%-ы ҮЕҰ-лар мен билік институттары арасындағы ресми өзара іс-қимыл формалды екенін, ал 13,5%-ы өзара іс-қимылдың жоқтығы туралы пікір білдірсе, қалған сұралғандардың 22%-дан астамы толық өзара іс-қимыл бар екенін атаған.

«Қазақстандық қоғамда қазір «мемлекеттік орган және ҮЕҰ -қатысушы» моделінен «мемлекеттік орган және ҮЕҰ - сарапшы» моделіне көшу жүзеге асырылуда. Өзара әрекеттесу парадигмасы да өзгеруде. Бұл формат стратегиялық әріптестікке қарай өзгереді деп үміттенеміз», деп атап өтті «Рухани жаңғыру» орталығының жетекшісі Жанар Бұқанова.

Пікіралмасуға қатысушылар қазіргі уақытта үкіметтік емес сектордың өз ішінде экожүйе қалыптастыру қажеттілігі пісіп-жетілгенін атап өтті. Бүгінде ҮЕҰ-дар өз қызметін 8 бағыт бойынша жүзеге асырып келеді. Мысалы, ұйымдардың 7%-ы білім беру саласында, 8%-ы денсаулық сақтау саласында, 3%-ы экология саласында өз қызметтерін ұсынып келеді.

«Қазірдің өзінде күш-жігерді біріктіріп, экожүйелер құру қажет, ынтымақтастық арқылы өзара әрекеттесуді күшейту керек», деп атап өтті сессия қатысушылары.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бұл идеяны қолдап, сондай-ақ жақын арада қазақстандағы ҮЕҰ-ды қаржыландыру тәсілдерін өзгерту жоспарланып жатқанын да атады.

«Гранттық қаржыландырудың қолданыстағы жүйесі - бұл шын мәнінде жобалардың үлкен «нарығы» болып табылады. Жыл сайын жобаларға 20 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Қаржыландыру құрылымының өзі нақты тақырыптық бағыты бар және сол тақырыпқа қатысы бар қатысушылар арасында ойналатын етіп құрылған. Көптеген ҮЕҰ-дар өз идеяларына қарсы келе отырып, қаржыландыру қаражатына деген қажеттіліктен аталмыш жобаларға бейімделіп барып, іске асырып жатады. Бұл мәселені ескере отырып, заң жобасы әзірленді, ол қазір Парламент талқысында. ҮЕҰ өздері айтқандай: бізде идея бар, оны қаржыландыруға рұқсат етіңіз. Сонда қажетсіз бәсекелестіксіз кооперация мүмкіндігі пайда болады», деп атап өтті АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахмет.

Сессия қатысушылары азаматтық бастамаларды қолдау тақырыбы бойынша ҮЕҰ-дар белсенділігінің артқанын атап өтті. «Біз бұл туралы көптен армандадық. ҮЕҰ-лар қаржы алып, конкурстар жариялайды және жергілікті азаматтық бастамаларды қолдайды. Бұл тәжірибені зерделеп, кеңінен қолдану керек», деді «Үздіксіз білім беру» қоғамдық қорының жетекшісі Гүлбаршын Қасыманова.

ҚҚДИ қолдауымен ұйымдастырылған сессия барысында ауылдық аймақтардағы ҮЕҰ-ы дамыту мәселелері де қозғалды. Осылайша, қазіргі уақытта қала мен ауылдарда ҮЕҰ-лар санының басым болуында айтарлықтай алшақтық байқалады.

«Ауыл мен қала мәселесі әрқашан болған. Ауылдық жерлерде барлығы екі мыңна астам белсенді ҮЕҰ-дар бар. Мүмкін, осы бір мәселені шешу үшін ҮЕҰ-дар көшбасшыларының өздерін ауылдарда оқыту керек шығар. Егер олар қалалық жерлерге келіп өз біліктіліктерін арттыра алмаса, онда тиімді экожүйені қалыптастырып, ауылдарға арналған ҮЕҰ-на арналған көшпелі тренингтер өткізуге болады», деді «А.Қарабеков атындағы қор» жетекшісі Роза Қарабекова.

Қатысушылар тарапынан мемлекеттік билік органдары мен ҮЕҰ-лар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту бойынша басқа да пікірлер айтылды.

Сессия қорытындысы бойынша ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы базасында мемлекеттік органдардың өкілдерін ҮЕҰ-мен жұмыс және өзара іс-қимыл бойынша оқытудың кешенді бағдарламасын әзірлеу және жүйелі оқыту жүргізу ұсынылды.

Және де белсенді жұмыс істеп тұрған ҮЕҰ-лардың қызмет салалары бойынша экожүйелер қалыптастыру және форумаралық кезеңнің келесі төрт жылы ішінде Азаматтық Альянс базасында және Қоғамдық Кеңестер отырыстарында құрылған экожүйелер бойынша тақырыптық талқылаулар ұйымдастыру ұсынылды. Сонымен қатар, тәлімгерлік институтын дамыту, ауылдық елді мекендердегі ҮЕҰ-ны қолдау, тақырыптық журнал шығару және т.б. ұсыныстар айтылды.

X Азаматтық форумның жұмысы 22-26 қараша аралығында Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 5 күн бойы онлайн және офлайн форматта да өтеді.