Сексен жылдық тарихы бар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі оқу-тәрбие мен маман кадрлар даярлау ісі мемлекеттің мүддесіне сай, еліміздің ертеңгі өркеніне орайластырыла жүргізілуі бір ғанибет. Осы тұрғыдан келгенде қарашаңырақ білім ордасы әрқашан заманауи жаңа бағыттардың қолдаушысы, жақсылығы мол игілікті ізденістердің ұйытқысы болып отыр деп күмәнсіз айта аламыз.
Бүгінде университет студенттерінің өз еліміздегі ғана емес, бар әлемдегі өзгерістерге ілесе сапалы білім алып қана қоймай, сонымен бірге, бәсекелестікке қабілетті тұлға болып қалыптасуы үшін көптеген іс-шаралар атқарылуда. Осы орайда университеттің әрбір қадамы міндетті түрде уақыт талабымен, елімізде қабылданып жатқан негізгі құжаттармен үндесіп отыратынын байқауға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы тарихи Жолдауында еліміздің 2050 жылға дейінгі негізгі даму бағыттарын айқындады. Осында белгіленген сара бағыттардың ішінде энергоэкологиялық тұрақты даму тұжырымдамасы маңызды орын алады. Оның іске асырылуы инновациялық «жасыл экономикаға» оң ықпалын тигізеді. Осыған орай 2012 жылы өткен БҰҰ-ның тұрақты даму бағдарламасы аясындағы Халықаралық «РИО+20» конференциясында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев ұсынған идеялар әлемдік деңгейде қолдау тауып, «Жасыл көпір» бағдарламасы бастау алғаны белгілі. Шын мәнінде XXI ғасырда энергоэкологиялық тұрақты даму тұжырымдамасының «Жасыл көпір» арқылы нәтижелі іске асырылуы ерекше мағынаға ие. Бір қуаныштысы, конференцияға қатысушылар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың инновациялық тұрақты даму аймағында әлемдегі басты ғылыми бағыттар негізінде кадр даярлау жобасын қолдаған болатын. Университетіміздің география және табиғатты пайдалану факультетінде халықаралық, пәнаралық энергоэкология кафедрасы ашылып, алғашқы магистр түлектері қанат қағып үлгерді.
Ал енді аталған кафедра қандай мамандар даярлайды? Қазақстанның жасыл экономикасының талаптарына сай және де бәсекеге қабілетті мамандар құзыреті қандай болуы керек? Иә, біз осындай сауалдардың үдесінен шығуға ұмтылудамыз. Осынау болашақтың мамандары өндірістің экологиялануы мен экономикамыздың жаңа мүмкіншіліктерін бірдей қарастыратын болуы керек. Ел аумағының климаты өзгеруі, энергетикалық қауіпсіздік барысында көп бағытты кешенді саладағы міндеттерді шеше алатын жоғары білікті мамандар даярлау басты міндет. Үкімет талабы да осы.
Бұл кадрлар – кәсіби мамандандырылған, өндірістік және ғылыми дайындықтары мықты, инновацияларға ынтық, жан-жақты дамыған, интеллектуалдық тұрғыдан бай, адамзаттың өркендеу құндылықтарын бағалай білетін жастар. Сонымен қатар, табиғат пен қоғам арасындағы төтенше жағдайларда жылдам әрі нақты шешім қабылдай алатын мамандар. Баламалы қуат көздерінің артықшылығын түсіндіре отырып, экологиялық таза технологияларды өмір мен өндіріске енгізу осы мамандардың еншісінде.
Энергоэкология кафедрасында бакалавриат-магистратура-докторантура бағыттары бойынша осындай мамандарды даярлауға барлық жағдайлар жасалуда. Оқу үдерісіне жаңа курстар: «Баламалы қуат негіздері», «Жасыл экономика негіздері», «Шикізат өңдеудің экологиялық таза технологиялары», «Ауылшаруашылық экологиясы», «Экосаясат пен экодаму негіздері» енгізілуде. Кафедра ұжымы жаңа бағыттағы «Энергияның жаңғырмалы және дәстүрлі емес көздерін пайдаланудың экологиялық проблемалары», «Табиғатты пайдаланудан тұрақты дамуға көшу» және т.б. ғылыми-әдістемелік әдебиеттер шығаруда. Еліміздің белгілі ғалымдарымен қатар дәріс оқуға шетел профессорлары да шақырылып, кафедрада халықаралық жобалар іске асырылуда.
Өз кезегінде университетімізде «Экопарк құру» жобасы сияқты қызықты да мағыналы міндеттер баршылық. Болашаққа сеніммен қарап, «жасыл экономикаға» жолбасшы болатын жаңа бағыттағы жоғары білікті мамандар даярлау орайындағы игілікті істі жалғастыра бермекпіз.
Тұрсынкүл БАЗАРБАЕВА,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
география және табиғатты пайдалану факультеті,
энергоэкология кафедрасының меңгерушісі,
география ғылымдарының кандидаты, доцент.
АЛМАТЫ.