Егемен Қазақстан • 25 Қараша, 2021

«Егемен Қазақстан» мен «Қазпочта» АҚ басшылары меморандумға қол қойды

603 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» деген Міржақып Дулатовтың сөзі бүгінге дейін өзінің маңызын жойған жоқ. Баспасөзге жазылу науқанында жүз жылдық тарихы бар еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанды» оқырман қай кезде де жоғары бағалайтыны сөзсіз, деп жазады Egemen.kz.

«Егемен Қазақстан» мен «Қазпочта» АҚ басшылары меморандумға қол қойды

Әлбетте, еліміздің әр қиырындағы оқырмандарды сапалы ақпаратпен қамтамасыз ету – «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің басты міндеті болса, газетті бұқараның қолына дер кезінде жеткізу «Қазпочта» АҚ қызметкерлерінің, хат тасушылардың басты борышы.

Оқырман тарапынан айтылатын «газет кешігіп жатыр», «әлі де қолымызға тиген» жоқ деген шағым ара-тұра басылым басшыларының құлағына жетіп тұратыны рас. Осы және өзге де мәселелердің ендігәрі алдын алу мақсатында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі мен «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаев екіжақты меморандумға қол қойды.

1964

«Құрметті әріптестер, қадірлі «Қазпочта» АҚ басшылығы, жүз жылдық тарихы бар басылым шаңырағына қош келдіңіздер. Бұл меморандумға қол қою рәсімінің маңызы зор. Еліміздің әр қиырындағы, жетудің өзі қиындық тудыратын алыстағы елді мекендерге басылымды таратып жүрген почта қызметкерлерінің еңбегін қай кезде де жоғары бағалаймыз. Келгендеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін», деді Дархан Қуандықұлы.

Бұдан кейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Қазпочта» АҚ басқарма төрағасы Серік Саудабаевқа «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің атынан арнайы сыйлықты тарту етті.

«Әлбетте, ақпаратты интернеттен алуға да болады. Бірақ баспасөз өкілдері соңғы оқырманы қалғанша жасай береді. Ең негізгісі – газетті оқырманға дер кезінде жеткізу. Біз «Қазпочта» АҚ-мен бірлесе отырып почта қызметкерлерін және оқырмандарды ынталандыру мақсатында арнайы сыйлықтар да қарастырудамыз», деді Дархан Қыдырәлі.

Айта кетейік, бұған дейін «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамы барынша көп жазылым ұйымдастырған оқырмандар арасында арнайы байқау жариялаған болатын. Жазылым науқанында белсенділік танытқандар смартфон және түрлі құнды кітаптар ұтып ала алады.