Аймақтар • 25 Қараша, 2021

Нұрлан Ноғаев: Маңғыстауда келесі жылы да қуаңшылық болуы мүмкін

376 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ОКҚ алаңында Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстағы қуаңшылық мәселесі келесі жылы да жалғасуы мүмкін екенін айтты, деп жазады Egemen.kz.

Нұрлан Ноғаев: Маңғыстауда келесі жылы да қуаңшылық болуы мүмкін

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында журналистер Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан Маңғыстаудағы қуаңшылық алдағы уақытта қайталанбау үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын және биыл өңірде қанша малдың қырылғанын сұрады.

Маңғыстау облысының әкімі алдымен қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

«Жаратқанның ісіне араласу күпірлік болар. Келесі жылы жаңбыр жауады деп ешкім айта алмайды. Бұған дейін айтқанымдай, қуаңшылық 2-3 жыл бойы жалғасып келеді. Болжамдар бойынша келесі жылы да осындай жағдай болуы мүмкін. Дегенмен мал бағу мәдениеті және оңтайландыру мәселелері бойынша ауылшаруашылық кәсіпкерлермен кездесу өткіздік. Мемлекет өз тарапынан қажетті қолдауларды көрсетіп келеді», деді ол.

Ноғаев атап өткендей, шығын болған малды өтеуге республикалық бюджеттен 1,9 млрд теңге қаражат бөлінген.

«Мәлімет бойынша 1 209 мал қырылған. Оның 950-і Ауыл шаруашылық министрлігінің қарамағындағы базаға тіркелмеген. Негізі әр мал басы базаға тіркелуі керек. Бұл ветеринариялық тексерістер кезінде мал шығынының алдын алуға септігін тигізеді», дейді облыс әкімі.

Нұрлан Ноғаев баяндағандай, облысқа 77 мың тонна шөп және 53 мың тонна жем жеткізілген. Қазіргі күні 70 мың тонна шөп жеткізіліп, ірі елді мекендерге таратылды. Сондай-ақ 41 мың тонна жем басқа өңірлерден облысқа жеткізілді.