Үкімет • 25 Қараша, 2021

Биржалық сауданы дамыту көзделеді

285 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Биржалық сауданы дамыту көзделеді

Заң жобасы тауар биржалары қыз­метінің талаптарын және ашықтығын арт­тыруға, биржалық сауданы дамыту үшін бәсекелі орта мен жағдайлар жасауға, сондай-ақ биржалық сауда көлемін ұлғайтуға бағытталған. Аталған құжат жөнінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады. «Құжат тауар биржаларының қызметін реттеуді заңнамалық жетілдіру бойынша Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 46-тармағын орындау үшін әзірленді. Заң жобасында заңнамалық база­ны халықаралық талаптар мен стан­дарт­тарға сәйкес келтіру, сондай-ақ бир­жалық сауданы дамыту бойынша толық­тырулар кешені көзделген. Оларды іске асыру орнықты және бәсекеге қабі­летті отандық биржалық саланы қалып­тас­тыруға мүмкіндік береді. Ұсынылып отыр­ған заң жобасының негізгі бөлім­деріне тоқталып кетейін. Қазіргі уақыт­та Қазақ­станда 19 тауар биржасы лицен­зия­ланған. Ұлттық статистика бюросы­ның деректеріне сәйкес биржалық келісім­дердің саны 2009 жылы 1 119-дан 2020 жылы 48 000 келісімге дейін, яғни 50 есе­ге өсті. Бұл ретте, жетекші үш тауар бир­жасының («Астана», ЕТС, «Каспи» бир­жалары) биржалық сауда-саттық көле­мі 2020 жылы 291,2 млрд теңгені, яғни барлық сауда-саттық көлемінің 30 па­йы­зын құрады. Тұрақты биржалық сала­ны қалыптастыру мақсатында заң жо­ба­сында тауар биржаларының екі дең­гейлі жүйесін енгізу ұсынылады», деді Б.Сұлтанов.

Ведомство басшысының айтуынша, бірінші деңгей сауда-саттықты биржалық тауарлармен жүзеге асыратын тауар биржалары үшін жарғылық капиталды 700 мың еселенген айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайту көзделген. Екінші дең­гей стандартталмаған та­уарлармен ғана сауда-саттықты жүзеге асыратын тауар биржалары үшін талаптар бұрынғы дең­гейде қалады. Яғни жарғылық капи­талдың ең аз мөлшері 300 мың еселенген айлық есептік көрсеткішті құрайды. «Бир­жалардың түрлі тармаққа бөлінуі биржалық сауданы жетілдіруге және дамытуға серпін береді. Яғни тек стан­дарт­талмаған тауарлармен сауда-сат­тық­ты жүзеге асыратын биржалар басқа қа­тысу­шылармен шоғырланып, қызмет­тер спектрін кеңейтіп, олардың сапасын жақсарту және көлемін ұлғайту ар­қы­лы өз потенциалын арттыруға ты­ры­сады. Қазіргі уақытта тауар биржа­лары брокерлер мен дилерлерді аккре­дит­теуді, сондай-ақ сатып алушылар мен сатушылардың бір биржадан екін­шісіне ауысуын қиындататын әр­түрлі талаппен өздерінің ішкі бир­жалық сауда ережелерін белгілейді. Бәсе­кел­ес­тікті және тауар биржасына тең қол­жетім­ділікті арттыру мақсатында заң жобасында биржалық сауданың Бірың­ғай қағидаларын бекіту көзделген. Сон­дай-ақ онда брокерлер мен дилерлер үшін дискриминациялық шарттар мен ереже­лерді алып тастау жөніндегі нормалар, сатып алушылар мен сатушылар үшін сауда шарттары мен рәсімдерін ауыстырмастан биржаны еркін өзгерту мүмкіндігі қарастырылған», деді Б.Сұлтанов.

Осылайша, Бірыңғай қағидалармен оларға жекелеген талаптар қоя отырып, тауарлар мен сауда-саттықты секция­лар бо­йынша бөлу белгіленеді. Соны­мен қатар заң жобасында тауар бир­жасына брокерлердің жасалған келісім­дерінің көлеміне қарай сараланған бир­жа­лық алым белгілеу құқығы көздел­ген. Енгізілетін норма тұрақты сауда жүр­гізетін сатушылар мен сатып алушы­ларға биржа­лық алым ставкаларына же­ңілдік алуға мүмкіндік береді. Бұл олардың биржалық сауда көлемін ұлғай­туға мүдделілігін арттырады. «Бир­жа сауданың маңызды экожүйесі б­олып саналады. Оның негізгі факторы бир­жалық инфрақұрылыммен қам­та­масыз етілген сенімділік болып отыр. Қолданыстағы тетіктер бир­жалық саудадағы жеткізушілердің жауап­кер­шілігін көздемейді. Бүгін кепілдік әрі сақтандыру қорлары тауар биржасының және осы тауар биржасында аккредиттелген брокерлердің қаржы ресурстарынан қалыптастырылады. Сондықтан осы заң жобасы аясында биржадағы келі­сімдерді сақтандыруды енгізу мүм­кіндігі қарастырылды. Бұл стандартты және қосарланған қарсы аукцион режімдерінде іске асырылады», деді Сауда және интеграция министрі.

Министрдің айтуынша, келісімдердің жасалуын және шарттардың орында­луын сақтандыру құралын енгізу барлық қатысушының тәуекелдерін азайтады, олардың жауапкершілік деңгейін әрі биржалық сауданың тартымдылығын арттырады. «Сондай-ақ заң жобасында министрлікке ең төменгі қаржылық тұрақтылықтың шегін белгілеу бойынша құзырет беру ұсынылады. Ұсынылған құрал новелла емес. Бұл практика шет­елдерде, мәселен, АҚШ, Ұлыбритания, Алма­ния, Сингапурда, сондай-ақ мем­ле­кеттік сатып алудың ұлттық жүйе­сінде қолданылады. Бұл шара өткізі­ле­тін сауда-саттықтардың сапасын арт­тыруға мүмкіндік береді, келісімдер қауіп­сіздігінің қосымша құралы болып саналады, потенциалы дәрменсіз өнім берушілер шегеріледі, сондай-ақ бир­жалық саудаға қатысуға мүдделі тұл­ғалардың «көлеңкеден» шығуын ынталандырады», деді ведомство басшысы.

Құжатты талқылау барысында депутаттар бірқатар заңнамалық нормаға, атап айтқанда Сауда және интеграция министрлігінің сауда-саттыққа қаты­сушылардан биржалық алымның ең тө­менгі мөлшерін шектеу құқығын көз­дейтін өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы мәселе көтерді. Депу­тат­­тар­дың пікірінше, бұл норма биржа­лар­дың кәсіпкер – клиенттеріне теріс әсер етуі мүмкін. Осыған сай отырыс­та Н.Нығматулин депутаттардың ұсы­­ны­­сын қолдап, егер заң жобасы Үкі­мет ре­дак­циясында қабылданса, баға сұра­ныс пен ұсыныспен реттелетін кезде бә­се­келестіктің негізгі қағидасы бұзы­латынын атап өтті.

Палата Спикері атап өткендей, бир­жалық алым мөлшеріне қатысты дем­пинг түріндегі биржалардың жауап­кер­шіліктен тыс әрекеттеріне келетін болсақ, онда бұл жерде заң жобасында көрсетілген басқа да тәсілдер жеткілікті.

Сонымен қатар отырыста Нұрлан Нығматулин депутаттарға «көміртегі бір­ліктерін» сату үшін арнайы биржа­лар­дың жеке түрін бөлу туралы ұсыныс айтып, осы жылдың басында Эколо­гиялық кодекс қабылданғанын, онда көмір­тегі бірліктерін сату мүмкіндігі қарастырылғанын айтты.

Бүгінде барлық ел шамадан тыс шы­ғарындылармен белсенді күрес жүр­гізе бастады. Н.Нығматулиннің айтуынша, осыған байланысты бізде де өнеркәсіп кәсіпорындарына «тегін» квоталар кезең-кезеңімен қысқаратын болады. Квотадан тыс барлық шығарынды үшін кәсіпорындар төлемек. Яғни олар жаңа төмен көміртекті технология­лар үшін ақы төлеуді немесе қосымша кво­талар сатып алуды таңдауы керек. Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы «көмір­тегі бір­лік­тері» саудасы бойынша маман­дан­­ды­рылған биржалар құрып, әлемдік тәжірибені ұстану керектігіне назар аударды.

Н.Нығматулиннің пікірінше, мұндай тәсіл болашақта біздің биржалық қатысушыларға халықаралық нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Осыған сәйкес Палата Төрағасы аталған заң жобасы бойынша жұмыс тобына жауапты министр­лікпен бірге екінші оқылымға дейін өзгертулер енгізіп, қажет болған жағдайда нормаларды Экологиялық кодекспен сәйкестендіруді ұсынды.

Жалпы, отырыс барысында депутаттар заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану жөніндегі ынтымақтас­тық туралы келісімді ратификацияла­ды. Келісім сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және ынтымақтастықтың өзге салаларындағы техникалық кедергілерді жоюға, сондай-ақ мемлекеттердің заттар мен материалдардың стандартты үлгі­леріне қажеттілігін қамтамасыз етуге ба­­ғытталған. Құжат осы Келісімге қа­тысу­­­шы мемлекеттерде қосымша сы­нақ­­тар жүргізбестен, ұлттық және мем­лекет­­аралық стандартты үлгілерді жасау мен қол­дануды, сондай-ақ мемлекет­ара­лық стан­дартты үлгілерді қолдануды көздейді.

Отырыста Палата депутаттары кәсіп­керлік қызмет саласында жаңа реттеу­шілік саясатты енгізу және бюджет заңна­ма­сын жетiлдiру мәселелері бойынша өзге­рiс­тер мен толықтырулар енгiзу туралы заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдады.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдар жолдады.