28 Ақпан, 2014

Өндірістегі ашық есік күні

240 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ENRC-дің құрамына кіретін «Қазхром» ТҰК» АҚ-тың филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауы­тында  жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін қоршаған ортаны қорғау саясаты бойынша  ашық есік күні өткізілді.  Олар №1, №2 балқыту цехтарында және газдан тазарту учаскелерін аралап қоршаған ортаны қорғау талаптарының орындалу барысымен танысты. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіпорындағы   өндіріс жұмыстарымен жақынырақ таныс­тыру және оларды толғандырып жүрген  экологиялық мәселелер жөнінде туындаған сауалдарға  толық жауап беру болып табылады. Алдымен журналистер  әдеттегідей қауіпсіздік техникасына байланыс­ты  өндіріс аймағында жүріп-тұру жайында нұсқаулықпен таныстырылды және арнайы киімдермен қамтамасыз етілді. Шараға қатысушыларды алып жүрген зауыттың  бас ин­же­­нері Леонид Прокопьев  №1, №2 балқыту цехтарының  бүгінгі тыныс-тіршілігі, шығаратын өнімі, сапасына тоқталып, өндіріс процесін  көрсетті. Ал  қонақтардың  кәсіпорынның  экологиялық сая­сатына  қатысты сұрақтарына   «Қазхром» ТҰК» АҚ-тың экологияны жоспарлау және реттеу департаментінің бастығы Светлана Мащенко, технологиялық процестерге байланысты сұрақтарға зауыттың бас инженері Леонид Прокопьев жауап берді. Содан кейін  газдан тазарту учаскесінің  бастығы  Ербол Махамбетов учаскенің  жұмыс барысымен таныстырды. «Кәсіпорында  мұндай ашық есік күнін  алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бүгін міне, өндіріске, экологияға  қатысты көптеген сұ­рақтарға білікті мамандар  толыққанды жауап берді. Зауыттың тыныс-тіршілігімен, шығаратын өнімі, сапасы, экологиялық сая­са­ты жайында  мәліметтерге қа­нық болдыңыздар, аралап көр­діңіздер. Алдағы уақытта бұл бастама өз жалғасын табады деген сенімдемін»,  деді «Қазхром» ТҰК» АҚ-тың баспасөз қызметінің жетекшісі  Инесса Фадеева. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.