Қоғам • 25 Қараша, 2021

Х Азаматтық форумға қатысушылар азаматтық бастамалардың өсу нүктелерін талқылады

247 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қазақстанның Х Азаматтық форумының жұмысы аясында азаматтық бастамалардың өсу нүктелері тақырыбына арналған сараптамалық алаң өтті, деп жазады Egemen.kz.

Х Азаматтық форумға қатысушылар азаматтық бастамалардың өсу нүктелерін талқылады

Алаңға қатысушылар азаматтық бастамаларды жүзеге асыру мен қолдаудың өзекті мәселелерін, соның ішінде басым бағыттарды, заманауи тәсілдерді, үздік тәжірибелерді талқылап, барлық мүдделі тараптарды ескере отырып, азаматтық белсенділікті дамыту тұрғысында қолайлы жағдайлар қалыптастырудың ұсыныстарын әзірледі.

Шараға Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Лима Диас модераторлық жасады.

Алаң жұмысын ашқан ол азаматтық қоғамды жаңа жағдайда дамытудың өзекті тетіктері мен тәсілдерін айқындау қажет екендігін атап өтті.

«Қазақстанда азаматтық белсенділікті дамыту және қолдау – мемлекеттік саясаттың басым міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті өзін-өзі басқаруды, азаматтық мәдениетті ауылдық жерлерде дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Алдағы жылдары грант беруші ұйымдардың жұмысында өзгерістер және оларды қолдаудың жаңа тетіктері енгізіледі деп күтілуде. Осылайша, Ұлыбританияның қайырымдылық қорлары қауымдастығы (ACF) коронавирустық инфекцияның коммерциялық емес секторға әсеріне қатысты жүргізген сауалнамасына сәйкес, барлық респонденттер (96%), жаңа гранттық бағдарламаларды іске қосу, қаржыландыруды ұлғайту және/немесе азайту арқылы коронавирустық пандемияға байланысты өз қызметін қандай-да бір жолмен қайта құрғандығын, үміткерлер мен олардың жобаларын іріктеу тәсілін өзгерткендігін мәлімдеді. Демек, азаматтық қоғамды жаңа жағдайда дамытудың өзекті тетіктері мен тәсілдерін айқындаудың қажеттілігі бар», деді Л.Диас.

Сараптамалық алаң барысында үкіметтік емес, корпоративтік және халықаралық секторлардың алдыңғы қатарлы ұйымдарының өкілдері баяндамалары тыңдалды.

Кездесуде  спикерлер ретінде Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің бағдарламалық менеджері Юрий Скаскевич, Жаңа жобаларды ілгерілету жөніндегі стратегиялық бастамалар агенттігінің (РФ) корпоративтік офисінің стратегиялық басқару және ішкі аудит орталығының директоры Андрей Пысин, саяси шолушы және журналист Никита Шаталов, Қазақстандағы американдық заңгерлер қауымдастығының азаматтық қоғам жөніндегі техникалық менеджері Айгүл Каптаева, Қазақстандағы "Chevron" компаниясының әлеуметтік инвестициялар жөніндегі кеңесшісі Лейла Айтмуханова, Әлеуметтік кәсіпкерлік және әлеуметтік бағдарламалар саласындағы тәуелсіз сарапшы Жанар Жақсылықова, «Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қоры» ЖҚ төрағасы Ермек Мәжитов, «Әлеуметтік талдау және серіктестік орталығы» ҚҚ өкілі Константин Ковтунец сөз сөйледі.

Алаң ұйымдастырушылары іс-шара ҮЕҰ мен донорлық ұйымдар арасындағы диалог пен өзара іс-қимылды нығайтуға, ортақ проблемаларды шешуге, сондай-ақ, Қазақстан қоғамын қолдау мен дамытудың тиімді тәсілдерін қалыптастыру үшін әлеуметтік бастамаларды іске асыруда ресурстарды жұмылдыру жолдарын іздеуге айтарлықтай ықпал ететіндігіне сенімді.

Еске салайық, Алматыда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылы» атты мерейтойлық X Азаматтық форум өтуде.