Аймақтар • 25 Қараша, 2021

Көзі ашылған бұлақ – көптің ырысы

615 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік деген қасиетті сөз тіл ұшына оралғанда көкірегің уылжып кетеді. Рух еркіндігі, бодандықтың бұғауын сыпырған бостан, еркін шақ ел еңсесін көтерумен қатар, кеңестік кезеңнің кесапатынан құтылуға кең жол ашты. Бурабай баурайында атауы су көзіне байланысты болғанымен, таңдайына таза су тимей келген Ключевое елді мекені бар.

Көзі ашылған бұлақ – көптің ырысы

Алдымен кешегі кеңес заманын­да Бурабай баурайындағы сансыз бұлақтың, сарқырап аққан су көз­дерінің бітелгені туралы өзекті өр­тейтін өкінішті айта кетейік. Тың және тыңайған жерлерді игерудің жөн-жосықсыз жүргізілуі себепті, ажары айдай өлкенің дидарына кіреуке түскендігі ащы шындық. Соқа тісі құйқалы жердің қыртысын ақтарумен қатар, сансыз бұлақтың көзіне құм құйды. Бүгінде қайта тірілту, аршып алу оңайға түспей жатыр. Құдды кеңестің кертартпа сая­сатымен уланған адамның көкірегі сияқты. Еске түссе, жан сара­йың удай ашитыны бар.

Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, заманында осы бір шағын ауылдың алғашқы қазығы қағылған кезде төрт құбыла тегіс бұлақ суына мелдектеп тұрыпты. Айнала тау жиектей өскен ит тұм­сығы өтпейтін қалың орман. Жі­ліктің майындай ауа ше? Жұтқан сайын құмарың арта түседі. Табиғат ансамблінің ажарын бір-бірімен жарыса аққан ақ бұлақтар ажарландырып тұрған. Бұлақ суы адамның да, малдың да мейірін қандырған. Кейін тамаша табиғатқа жаны ашы­маған безбүйректіктің салдарынан біржола, енді қайтіп ашылмастай болып бітелген. Бұлақ қана емес, Бурабай баурайындағы көлдер де көресіні көп көрген. Айталық 1956 жылғы жан-жақты зерттеу барысында Әулиекөлдегі су көлемі 36,2 млн, Айнакөлдің су көлемі 250 млн текше метр болса, 2000 жыл­ғы дерек бойынша Әулиекөлдің су көлемі 33,2 млн, Айнакөлдің су көлемі 122 млн текше метр ғана бол­ған. Шабақты көлі де осы кепті киіп отыр.

Көлдердің суалуына бұлақ­тар­дың бітелуі де әсер етеді. Жерас­ты­­мен жалғасатын көлдерге бұ­лақ арқылы құйылатын мол су жет­пей қалды. Батыс беткейдегі Има­най сар­қырамасы да жаны ашы­мас­тар­дың пейілінен пұшайман күй кеш­ті. Оңтүстік-шығыс жақтағы Әулие­көл мен Қатаркөлдің арасын қо­сып жатқан Сарыбұлақ өзені де шерленіп, жылап ағатын болды.

Сулы, нулы жерде отырып, тір­шілік нәріне қолы жетпеген қиын екен. Ресейде туып-өскен кәсіпкер Арман Табылдин 2010 жылы Бура­бай баурайына демалуға келген. Тө­ңіректі зерек көңілмен зерделеген. Сөйтсе көл жағасындағы бір қа­уым ел таза ауыз суға жарымай отыр. Өзінің айтуына қарағанда, жаға­сын ұстардай болған. Алғашқы ойы тіршілігі қыж-қыж қайнап жат­қан Нұр-Сұлтан қаласына та­бан ті­реу екен. Үйдегі ойды базар­да­ғы на­рық бұзып, таза судың зарын тартып отырған Бурабай бау­ра­йын өзінше зерттеген. Сөйтсе, таза, мөлдір суға қарық қылатын жағ­дай әбден бар екен. Бұл үшін таби­ғат сыйы – бұлақ көзін аршып, іл­кім­ді пайдаланса, жетіп жатыр. Кәсіп­кер дүниеге пайданың көзімен қа­рай­­тыны белгілі. Бірақ сол пайдасы та­биғатты тірілтіп, шарапаты адам­дарға тиіп жатса, ғанибет емес пе?! Сол жылы табиғи минералды ауыз су өндіретін жаңа тех­нология­мен жабдықталған цех ашу­ды қолға алды. Шағын ауылдағы үлкен ұмтылыс.

Алғашқы төрт жыл ізденумен өтті. Тіршілік тамыры солғын соғып жатқан Ключевое ауылына көш басын тірегеннен кейін көнекөз қа­рияларды жағалап, бұлақ көзін іздеген. Біреуін емес, бірнешеуін тапты. Жергілікті жұрт көз жасын­дай тап-таза, мөп-мөлдір суды пай­далануды баяғыда қойған. Бұл нет­кен берекесіздік десеңізші, ауылдың іргесінде сарқырап бұлақ ағып жатса, малға да, жанға да ырыздық емес пе? Бұлақ суының бұрынғы аңғары менмұндалап сайрап жа­тыр. Қураған қау шөп басқан, тұрмыс­тық қалдықтар үйілген. Әйтеуір, сорабы бар. Бұлақ көзін тазалау үшін мамандарды шақырған, ауыл адамдарын жұмылдырды. Әйтсе де күт­кеніндей-ақ бұлақтың арнасы суға тола қоймады. Бірнеше жылға созылған, жолына кесе-көл­денең жатып алған қиындық атау­лы ал­ға ұмтылған бетін қайтара алма­ды. Үнемі ізденістің үстінде бол­ды. Со­ңында мамандар бар бұлақ­тың көзі біржола бітеліп қал­ған, енді қай­тіп ашылатын емес деген қорытынды жасады. Тіпті Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Су ресурс­тары комитеті ма­мандарының қо­ры­тындысы да үмі­тін үзген жоқ. Өк­тем­дік жаса­ғандарға өкпелегендей бұлақ суы жерастындағы тамырынан ажырап, басқа тараптан бағыт тапса керек. Тамыршыдай тап басып та­бу тіпті де мүмкін емес. Төрт жыл өткеннен кейін өзгеше өріс тап­­қан су жылғасы кезікті. Сон­да­ғы қуанғаны-ай. Іргедегі Ре­сей­де, ор­мандай орыс ішінде өс­се де, өз ана тілінде «талпынған же­тер мұ­ратқа!» деп алақайлап Бу­ра­бай­дың баурайын жаңғыртып айғай сал­ған. Табиғаттың тартуын тап­қа­нына қуанған. Енді қайтсін, төрт жыл­ғы еңбегінің нәтижесі емес пе?! Тәуел­сіздік шуағы төгілген Бурабай баурайы мөлдір суға қарық болардай.

Әлденеше метр тереңдікте бу­лыққан бұлақ суы жер бетіне шығуы үшін иненің жасуындай саңлау таба алмай қыстығып тұр екен. Атойлап атқылаған бұлақ суының биіктігі тұп-тура он метрге жеткен, бәлкім одан да биік. Көзін кеңейтіп, тереңдетіп 26 метрге дейін қайта қазғанда зәмзәм су дерлік, мөп-мөлдір, тәп-тәтті су шыққан. Су ма­­ман­дарының барлық ұсынысын бұл­жытпай орындаған. 2010 жылы өз қаржысына табиғи таза су өн­діретін цех құрылысын салып, екі жылдың ішінде аяқтап шықты. Одан кейінгі үш жыл уақыты жаңа технологияларды батыл енгізе алатын арнайы құрылғыны алып орнату, бұлақ көзі маңында санитарлық аймақты абаттандыруға жұмсалды. Табиғатты пайдалануға рұқсат бе­ре­тін заңнамаға сәйкес міндетті іс­терін мүлтіксіз атқарып шықты.

– Ел Тәуелсіздігінің арқасында ата-бабамыздың ақ бесігіне қоныс аударғаннан кейін бір пайдамыз тиюі керек қой, – дейді кәсіпкер. – Құ­рылыс саласында жұмыс істеп жи­­наған қаражатым бар еді. Ел назарынан тыс қалып жатқан осы бір іске жұмсап, бұлақ көздерін ашып, табиғаттың тартуын елдің игілігіне ай­налдырсақ, нәтижелі іс болмай ма?

2019 жылдан бастап жер қой­на­уы­нан шымырлап ағып, өзімен бір­ге адамзатқа шипасы тиер бар дәру­менді ала шығатын мөлдір бұ­лақ­тың кәусар суын бөтелкеге құя бас­тады. Алғашында тегін та­рат­ты. Елдің назарын аудару үшін, еңбегінің нәтижесін дәлелдеу үшін. Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шек­теулі жандарға жеңілдік жасалған. Мәселен, тұтынушыларға 19 литр ыдысқа құйылған суды 600 теңгеден босатса, жеңілдік жасалғандарға 500 теңгеден береді. Жалғызілікті жандар мен балалар үйіне тегін.

Осыдан бір жыл бұрын кәсіпкер Арман Табылдин жарты, екі, бес литр­лік су сыятын ыдыстарды жа­сау үшін ресейлік құрылғыны сатып алыпты. Қазір Бурабай баурайына қысы-жазы дүмеп келіп жатқан халық Арман армандаған AQUA BURABAY атты бұлақ суына мейі­рін қандырып жүр. Алдағы уақыт­та облыс орталығы мен Нұр-Сұл­тан қаласын қамтымақ. Талай жыл бойы жерастындағы бітелген бұ­лақ көзін іздеп, бейнетке батса да ал­ған мақсатынан қайтпаған жігер­лі азаматтың бұл орайдағы ойы оңы­нан оралатынына бек сендік.

Кешегі Кеңес заманында ел ер­те­ңін ойластырмаған ора­лым­сыз­дықтан бітелген бұлақ көзін тәуел­сіздік жылдарының жігерлі жі­гіті ашып, тәмам жұртты таза су­мен жарылқап отыр. Еркін, азат ел­дің ерлерінің әрқайсысы осындай бә­туалы бір істі қолға алып, ел игі­лігіне айналдырып жатса, бағымыз жанбай ма?!