Коронавирус • 26 Қараша, 2021

Коронавирус індеті неден, қашан пайда болды?

1115 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүниежүзін тығырыққа тіреген пандемияның пайда бо­л­уына қатысты пікірлер қақ жарылғаны белгілі. Ға­лым­дар індеттің нақты қалай басталғанын айту үшін терең зерттеу жүргізу керек дейді. Десе де, сая­си аре­нада, халық арасында вирус зертханадан шық­қаны тура­лы әңгімелер бүгінге дейін айтылып келді. Пан­де­мия­­­ның басталғанына екі жылға жуық уақыт өткенде COVID-19 белгілерімен ауруханаға түскен алғашқы нау­қас­тарға қатысты көлемді зерттеу нәтижесі жария­лан­ды.

Коронавирус індеті неден, қашан пайда болды?

Тарихта жер бетіндегі әр адамға тікелей әсерін тигізген пандемия төңірегіндегі жайлы зерттеулер мұнымен шектелмейтіні анық. Десе де Science журналында Аризона университетінің эволюциялық биологы Майкл Уоробей Қытайдың Ухан қаласындағы алғашқы науқастарға қатысты зерттеуінің нәтижесін жариялады. Ол вирус жұқтырған алғашқы адамның кім екенін анықтаған. Ғалым пандемия жарияланғанға дейін тіркелген науқастарды егжей-тегжейлі зерттеп, кесте жасаған. Оған сәйкес алғашқы вирус жұқтырған адам Ухан қаласындағы базарлардың бірінде теңіз өнімдерін сататын әйел болған. Бұл базарда теңіз өнімдерінен бөлек жабайы аңдар мен олардан жасалған өнімдер де сатылатыны айтылған. Ол 2019 жылдың 11 желтоқсанында ауырған. Осыдан бастап жергілікті ауруханаларға ұқсас белгілермен базардың өзге де жұмысшылары мен келушілері түсе бастаған.

Бұл тұжырым қала билігінің алғашқы науқасқа қатысты дерек­терін жоққа шығарып отыр. Індеттің белгілері алғаш рет базардан бірнеше ондаған шақырым жерде тұратын және оған бармаған 41 жастағы ер адамнан табылды делінген. Ол дә­рі­герге 8 желтоқсанда жүгінген. Қала әкімшілігі ер адамның ба­зарға еш қатысы жоғын айтып, індеттің көбі болжағандай ол жерден тарамағанын алға тартқан.

Алайда америкалық зерттеушінің айтуынша, ер адам 8 желтоқсанда тісін жұлдыру үшін тіс дәрігеріне қаралған. Зерттеуде оның коронавируспен тек 16 желтоқсанда ауырып, бір аптадан кейін ауруханаға түскені айтылады.

«Оның ауру белгілері Ухан базарының бірнеше жұ­мыс­шы­сы ауырғаннан кейін ғана белгілі болды. Бұл жағдай ба­зар­дағы теңіз өнімдерін сатушы әйелді 11 желтоқсанда вирус жұқтырған алғашқы науқас екенін аңғартады», делінген Уоро­бей­дің ғылыми мақаласында.

Бұл соңғы зерттеу вирустың Ухан вирусологиялық зерт­ха­на­сынан шыққаны туралы болжамды одан сайын жоққа шы­­ғар­ғандай. Керісінше осыған дейін айтылған індеттің базарда сатылған жабайы аңдардың біреуінен тарағаны туралы теорияға салмақ қосқаны анық. Сондай-ақ вирус жұқтырған ал­ғашқы адамды анықтауда қателескен Қытай және ДДҰ ға­лымдарының зерттеуіне көлеңке түсіргендей.

Аризона университетінің Экология және эволюциялық биология бөлімінің бастығы Майкл Уоробейдің бұл зерттеуі пандемияның қалай пайда болғанына қатысты пікірталасты қыздыра түсетіні белгілі. Себебі бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді, онымен қоса Қытай мен АҚШ-тың онсыз да күрделі қарым-қатынасын шиеленістіре түскендей. АҚШ-тың бұрынғы президенті Д.Трамптың вирус Қытай зертханасынан тарағаны туралы сенімді сөздері жағдайды ушықтырмай қоймады. 

Осыған дейін жарияланған зерттеулерге келер болсақ, 2021 жылдың басында ДДҰ-ның сарапшылар тобы төрт апта бойы Уханда Қытай зерттеушілерімен бірге індеттің қалай пайда бол­ғанын анықтауға тырысқан. Наурыз айында жарияланған бір­лескен баяндамада Sars-CoV-2 вирусы адамдарға жар­қанат­­­тардан жұққан болуы мүмкін деп қорытындылаған. Осы­лай­ша, вирустың зертханадан тарағанына қатысты пікірлерді теріске шығарған. 

Алайда сарапшылар 8 желтоқсанда індеттің белгілері пайда болған делінген 41 жастағы бухгалтер Чен мырзамен сұхбаттасып, наурыздағы есепте оның ауру белгілерін алғашқы анықталған жағдай ретінде сипаттаған.

Science журналында жарияланған соңғы зерттеу уақыт кес­те­сіне қатысты сәйкессіздіктерді көрсетеді. Вирус анық­тал­ған алғашқы адам делінген Чен мырза Қытайдың The paper онлайн басылымына берген сұхбатында індеттің алғашқы белгілері шамамен 16 желтоқсанда анықталғанын, ал 8 желтоқсанда емханаға тісіне байланысты жүгінгенін айтқан.

Осылайша, вирустың ең алғаш Ухан базарынан тарағанын айтқан ғалым пандемияның жабайы аңдардан басталғанына нақты дәлел келтіріп, осыған дейінгі зерттеудің қатесін көрсетіп бергендей.