Білім • 26 Қараша, 2021

«Мен жастарға сенемін!» жастар форумының жеңімпаздары анықталды

911 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Мен жастарға сенемін атты патриот жастардың республикалық форумы өтті.

«Мен жастарға сенемін!» жастар форумының жеңімпаздары анықталды

Дәстүрлі түрде тоғызыншы мәрте өткізіліп отырған шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылды. Оның басты мақсаты – инновация мен шығармашылықты ұштастыру арқылы жастар патриотизмін дамыту.

Форумға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы Есетжан Қосубаев, Алматы облысы Ақсу ауданы Қапал ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Владимир Чепел, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын Бақыт Жағыпарұлы және форум жеңімпаздары мен студенттер қатысты.

Шараның басында сөз сөйлеген университет ректоры Жансейіт Түймебаев форум қатысушыларын жеңісімен құттықтап, ыстық лебізін білдірді.

– Қазақстан – дарынды жастар мекені. Біздің елімізде жастардың алаңсыз оқып, білім алуына, шығармашылықпен айналысып, қалаған мамандық иесі атануына барлық жағдай жасалған. Қазақстанның болашағы сіздерге – сіздердің білімдеріңізге, энергияларыңыз бен патриотизмдеріңізге байланысты. Тәуелсіз еліміздің мақтанышына айналып, өмірдің барлық салаларында үлкен жетістіктерге жетулеріңізге шын жүректен тілектеспін!», – деді университет ректоры.

Кейін Жансейіт Түймебаев университет студенттерін әнұранды жанды дауыста хормен орындауға шақырып, жастармен бірге шырқады.

Республикалық форумға ағымдағы жылы 2000-ға жуық жұмыс қабылданған. Солардың ішінен іріктелген 107 қатысушы марапат кешіне жолдама алып отыр. Биыл форумға қатысушылар эссе жазу, инновациялық жоба, көркем сөз оқу, бейнеролик дайындау, азаматтық-патриоттық бағыттағы поэзиялық шығарма жазу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоба мен сурет өнері сияқты сегіз бағыт бойынша бақ сынасты. Гала-концерт барысында әр номинация бойынша жеңіске жеткен гран-при иегерлеріне бір жылдық грант сертификаты табысталды. Сонымен қатар шарада бірінші, екінші және үшінші орын иегерлері де марапатталды.

«Мен жастарға сенемінреспубликалық форумының гран-при иегерлерінің бірі – Семей мемлекеттік медицина университетінің студенті Дамир Шадибекұлы. Ол «Дәрігерардақтымамандық» бейнеролик байқауына өзінің туындысын ұсынып, жеңіске жетіп отыр«Жастардың еңбегін бағалап, мүмкіндік беретін бүгінгі форумның маңыздылығы өте жоғары. Осы форумды өткізуге мұрындық болған барша ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын», – деді Дамир Шадибекұлы.

Шара соңы арнайы дайындалған концерттік бағдарламамен аяқталды.