Аймақтар • 26 Қараша, 2021

Ұлу фермасы ашылды

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлем халқы жылына 120 мың тоннадан астам ұлуды таңсық ас ретінде тұтынады екен. Мұның өзі жалпы сұраныстың 60-70 пайызын ғана жабатын көрінеді. Тобыл өңірінде тұңғыш ұлу фермасын ашқан ерлі-зайыпты Старковтардың айтуынша, оны өсіру көп қаржыны керек етпейді және бәсекесі аз әрі табысты бизнес болып саналады.

Ұлу фермасы ашылды

Карантин кезінде әлеужелі­ні әрлі-берлі сапырып табыс көзін іздеген ерлі-зайыптылар тәуе­кел деп бұрын-соңды құ­лақ естіп, көз көрмеген жаңа кәсіп – ұлу өсіруге бел байлай­ды. Осылайша, биыл жазда Қостанай қаласында ұлу фермасын ашты. Кәсіпкерлер бастап­қыда ұлудың аналығын таппай біраз қиналыпты. Мұндай фермалар Қазақстанда жоқ, ал Ресей шекарасы жабық. Ақыры іздегендері Беларусь елінен табылып, екі айдың ішінде қорап-кон­тейнермен Қостанайға жет­кізілген. Жәндіктердің 20 пайызы жолды көтере алмапты. Енді қалғанын қайтіп көбейтпек? Өздері көпқабатты үйдегі пә­тер­­лердің бірінде тұрады.

– Алдымен 8 сотық жері бар саябақ сатып алдық та, жән­діктерді сол жердегі шөптің ара­сына төктік. Сосын 2 ай бойы шөптің арасына үңілдік те отырдық. Басында ештеме көрінбеп еді, кейін кәдімгідей жыбырлап, тіршілік нышанын сездіре бастады. Осылайша, бірте-бірте үлкейе берді, – деді Василий Старков.

Жәндіктер көбейе бастаған соң, Старковтар отбасы пәте­р­лерін сатып, жеке үйге қоныс аударып, ауласына жыл он екі ай бойы ұлу өсіруге бола­тын жылыжай салады. Окса­на Старкованың айтуынша, жән­діктерді саудаға шығаратын кез әлі жеткен жоқ. Соған қара­мастан, әлеуметтік желідегі жеке парақшаларына келіп жатқан сұраныс көп.

– Сататын кезде ертерек хабар беріңіздерші, өзіміз келіп алып кетеміз деген өтініш­тер көп түсіп жатыр. Кәсіп­ті өз күшімізбен аштық. Бірақ оны әрі қарай дамыту үшін мем­лекеттің қолдауына сүйендік. Кәсіпкерлер палатасында бизнес негіздері курсын тәмамдап, ферманы дамытуға қажетті қаржы грантын ұтып алдық. Алай­да ұлу мемлекеттік реестр­де жоқ болып шықты. Сон­дық­тан өнімді нарыққа шығару үшін мем­лекеттік сертификат алуға тура келеді, – деді Оксана.

Старковтар отбасы алдағы уақытта Тобыл өңіріндегі сұра­ныс­­ты ғана қамтып қоймай, өнім­­­дерін облыстан тыс аймақ­тар­­ға да шығаруды көздеп отыр.

 

Қостанай облысы