Қоғам • 26 Қараша, 2021

Ана мен баланы қорғаудың ауқымды акциясы

748 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Биыл «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясының бастау алғанына 30 жыл толды. 1991 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қол­дауымен құрылған халықаралық науқан еліміздегі әйелдер көш­бас­шылығының бірінші институты болып табылады. Ауқымды акция әйелдерге қатысты әртүрлі дискриминация түрлерін жою туралы Конвенцияға сәйкес жыл сайын ел көлемінде 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өткізіліп келеді.

Ана мен баланы қорғаудың ауқымды акциясы

«Бақытты отбасы – бақытты ел» ұранымен қолға алынған іс-шара шеңберінде сонымен қатар Әйелдерге қатысты Халықаралық зорлық-зомбылық көрсетуді жою күні аталып өтіледі. Бүгінде үл­кен күшке, маңызды іс-шараға ай­налған науқанның бас­ты көздегені – ана мен баланы қор­ғау. Акция аясында әйелдерге қа­тыс­ты зорлық-зомбылықтың алдын алу, қоғамдағы отбасы құн­дылығын арттырып, қыз-келін­шектердің құқықтық сауат­тылығын арттыру және отба­сында зорлық-зомбылық жа­сауға бейім адамдармен жеке про­фи­лактикалық жұмыс жүргізуге баса назар аударылады. «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы отбасында қыз-келіншектерге қатыгездік көрсету, күш қолдану, жәбірлеу, тіл тигізу, ар-намысын таптау секілді қоғамдық резонанс тудыратын қылмыстардың әлеуметтік, психологиялық, тұрмыстық түйінін шешуге бағытталған. Сон­дықтан да рес­публика бойын­ша жыл сайын дәстүрлі түрде өткі­зілетін бұл іс-шараға тек мүдделі мемлекеттік, үкіметтік органдар емес, бүкіл жұртшылық, БАҚ, үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғам белсенділері бір кісідей атсалысып келеді.

Науқанның бастау алғанына 30 жыл толуына орай елордада ұйымдастырылған халықаралық конференцияда да қазіргі кезде қоғамда шешімін таппай отырған көп мәселенің бірі – отбасындағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық екені сөз болды. «Қазақстандағы отбасы инсти­туты және отбасылық саясат: мәселелері, үрдістері мен ке­ле­шегі» тақырыбында өткен жиын­ды ұйымдастырушылар – Пре­зидент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және БҰҰ-Әйелдер құрылымы «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік белсенді әрекет» атты ха­лық­аралық кампанияның осы уақытқа дейін атқарған ауқымды жұмыстарына кеңінен тоқталды.

 Конференцияда адам құқық­тарына қатысты ұлттық және халықаралық стандарттардың сақталуы еліміздегі басты ба­сым­дықтар екенін атап өткен Ұлт­тық комиссия төрайымы, Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Ләззат Рамазанова: «Зорлық-зомбылықты түбегейлі жою – өте өзекті тақырып. Өкінішке қарай, әйелдер мен балаларға қатысты көрсетілген зорлық-зомбылық фактілері туралы соңғы уақытта жиі еститін болдық. Сондықтан да зорлық-зомбылықты түбегей­лі жою бойынша жүйелі қадам­дар қабылдануы аса маңыз­ды. Отбасыны қорғау мен қол­дауда біртұтас жүйе қалыптас­тыру­дың қажеттілігі туралы, әйел­дер мен балаларға қатыс­ты зорлық-зомбылықты тү­бе­­гей­лі жою бірін­ші кезекте еке­­­нін  Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрдайым атап өтуде. Мәжіліс депутаттары отбасылық-тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу, отба­сылық құндылықтарды қалып­тастыру, әлеуметтік жағынан осал топтарға қолдау көрсету шара­лары көзделген отбасы инс­титутын нығайту туралы заң жобасын әзірлеген болатын», деді.

«Зорлық-зомбылыққа қарсы бірінші халықаралық науқан осыдан 30 жыл бұрын, 1991 жылы өткізілген еді. Содан бері бұл халықаралық науқан елімізде жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Халықаралық науқанның осы уақытқа дейін өткізілуінің өзі – әлем бойынша зорлық-зомбылық өзекті мәселе екенін және бұл мәселе түбегейлі ше­шіл­мей отырғанын көрсетіп отыр. Өкінішке қарай, әлемде бірде-бір ел әйелдерді зорлық-зом­былықтан толық қорғай алмау­да. Біздің мақсатымыз – заң­­намалық тұрғыдан жағ­дай жасау, мемлекеттік орган­дардың ведомствоаралық жұмы­сын үйлестіру», деді Л.Ра­ма­занова.

Халықаралық жиын­да Қа­зақ­стандағы Адам құқықтары жө­ніндегі уәкіл Эльвира Әзімова әйел­дердің көбі өз құ­қы­ғы­на қатысты қолда­ныс­тағы заңнамалар жайлы біле бер­мей­тінін айтып, еліміз­де COVID-19 пандемиясы ке­зінде отбасындағы дау-жан­жал­­­дардың, әсіресе әйел­дердің таяқ­қа жығылып, құқық­тары­ның аяққа тапталуы секілді заңсыз­дықтардың белең алғаны­на алаңдаушылығын білдірді.

Ал Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова отбасылық және әйелдерге қатысты зорлық-зом­былықтың алдын алуда тәлім-тәрбиенің алар орнына жан-жақты тоқталды. Білім беру жүйесі аясында оқушылардың адамгершілігі мен моральдық келбетін қалыптастыру мәселе­сіне ерекше мән берген депутат: «Адамгершілік және ұлт рухания­тынан қол үзген технократизм бізді ұшпаққа шығармасы анық. Өтпелі кезеңде біз отбасының бала тәрбиесіндегі рөлін кемітіп алдық. Мұны мойындауымыз керек. Сондықтан бала тәр­биесі тек мектептің мойнында деген қасаң түсінік әлі де бар. Өскелең ұрпақтың моральдық, мәдени және психологиялық ұстанымдарын қалыптастыратын негізгі институт – мектеп. Сон­дық­тан ұстаздың рөлі тек үйрету ғана емес, тәрбиелеу екен­дігін де естен шығармайық. Бізді ұлт ретінде сақтайтын, ақпарат тасқыны мен ғаламдану күшіне төтеп бере алатын темірқазық ұстанымдарды бала санасына сіңіру қажет. Сонымен қатар адам­затқа жат қатыгездік, масыл­дық пен менмендік, ерін­шек мінезден бойды тасалап, мейі­рімділік, елгезектік, қарапайым­дылық сияқты кімге болса да жара­са­тын қасиеттерді бала бойына дарыту керек. Ұстаздар қауымы өздерінің бұған да жауап­ты екендерін бір сәт естен шы­ғар­мауы тиіс», деді Ж.Сүлейменова.

Ішкі істер министрінің орын­ба­сары Мұрат Баймұқашев әйел­­дер мен балалардың құ­қы­ғын қорғау үшін жүйелі іс-ша­ралар қабылданғанына, арнайы заң қабылданып, бұл бағыт­тағы заңнамалардың ұдайы жа­ңарты­лып отыратынына көңіл бөлді. Оның айтуын­ша, тұр­мыстық зорлық-зом­былық­қа қатысты полиция қызмет­кер­лерінің өкілеттіктері кеңейтілген. Бүгінде тәртіп сақшылары отба­сы-тұрмыстық құқық бұзушы­лыққа жол берген отбасы тиран­дары­на қатысты нақты міндет­тер мен шектеулерді белгі­лей ала­ды. «Енді полиция қызмет­кері тұрмыстық зорлық-зом­бы­лық жасау қаупі болған жағ­дай­да, жан­жал шығарушыға жәбір­лену­шіге жақындауға, онымен кез келген амал-тәсілмен, оның ішін­де телефон арқылы бай­ланы­суға тыйым салуға құқылы. Мұн­дай шектеулердің қолданылу мерзімі – 1 ай. Тыйым салулар мен шек­теулерді бұзса, күдікті әкімші­лік жауап­қа тартылады, тіпті 5 тәу­лікке әкімшілік қамауға алынуы да мүмкін. Егер тұр­мыстық дау-жанжал кезін­де ұрып-соғу не­месе жеңіл дене жа­рақаттары бол­са, құқық бұзу­шыға 10 немесе 15 тәулікке дейін әкімшілік қа­мауға алу түрінде қатаң жаза қол­данылуы мүмкін», деді ІІМ өкілі.

Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, жыл басынан бері полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 125 мыңнан астам өтініш пен хабарлама келіп түскен. Тексеру кезінде сот 8,5 мың азаматтың мінез-құлқына байланысты ерекше талаптар белгілесе, 40 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тар­тыл­ған. Ал әйелдердің қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мақ­сатында шығарылған қорғау нұсқа­ма­сының саны 70 мыңнан асып жы­ғылады. Ал шаңырақты шай­қал­­тып, отбасы іргесін сөгетін осын­­дай қылмыстардың негізгі се­бептері – тұрмыстық тауқы­мет­тен туындаған ұрыс-керіс, қыз­­ғаныш, маскүнемдік, құмар ойын­ға салыну, бұзақылық пен әлеу­мет­тік теңсіздік пен жағдайдың төмендігі.

Полиция қызметкерлері­нің күн сайын түрлі тағдыр­мен бетпе-бет келетінін айтқан ІІМ Әкімшілік полиция коми­теті Ювеналды полиция және әйелдерді зор­лық-зомбылықтан қорғау бас­қармасының басшысы Әсет Оспанов: «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында жасалған құқық бұзушы­лық­тар­ды талдау жұмыстары зорлық-зомбылықтың негізгі себебі – әлеуметтік мәселе­лер екенін көрсетіп отыр. Оның ішінде, ішімдіктің кесірінен болатын ұрыс-керіс пен дау-жанжал өте көп», деді. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың қоғамды тұрақсыздандырып, әлеуметтік қауіпсіздікке қауіп төндіретін өзекті мәселе екенін айтқан ІІМ қызметкері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін дағдарыс орта­лықтары, отбасын қолдау орта­лық­тары, сенім телефондары, отба­сы мен балаларға әлеуметтік қыз­мет көрсету мекемелері, пси­хо­логиялық, медициналық-әлеу­мет­тік ор­та­лықтар, сондай-ақ уақытша немесе тұрақты асырап алушы отбасылар бар екенін атап өтті. «Криминогендік жағдай­ды сауық­тыру, отбасы-тұрмыс­тық қаты­­настар саласындағы құқық бұзу­шылықтарды бол­дыр­мау мақ­сатында респуб­лика аумағында «Тұрмыс», «Қада­ғалау», «Учаске», «Отбасы» се­кіл­­ді профилактикалық іс-шара­лар тұрақты түрде жүргізі­леді. Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­тың алдын алу мақсатында ішім­дікке салыну, отбасы-тұр­мыстық қаты­настар саласында құ­қық­қа қарсы іс-әрекеттер жа­сау, денсаулыққа жеңіл зиян кел­тіру сияқты ұсақ құқық бұзушы­лық­тардың жолын кесуге ерте бастан мән беруіміз қажет», деді спикер.

Жалпы, елімізде қабылданған ұйым­дастырушылық және құқық­тық іс-шаралардың нәтижесінде осы жылдың 10 айында отбасы-тұр­мыстық қатынастар саласын­да жасалған қылмыстық құ­қық бұзу­шылықтар 7,5 пайызға тө­мен­­деген. ІІМ өкілі отбасында­ғы зорлық-зомбылық мәселесі, оны шешу жолдары барлық мемле­кет­тік және қоғамдық ұйымның наза­рында екенін де еске салып өтті.

25 қарашадан бастап әйел­дерге қатысты зорлық-зомбы­лы­ққа қарсы халықаралық күрес күні барлық елде басталады. Бұл халықаралық кампания 16 күн бойы өткізіледі. Осыған орай жиында сөз алған Қазақстан заң­герлер одағының Нұр-Сұлтан қала­­сындағы филиалының төр­ағасы Серік Беркамалов: «16 күн деген әрине өте аз. Отбасы институтын нығайту, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуда маңызы зор мұндай ауқым­ды акцияны 365 күн өт­кізсек те артықтық етпейді», де­­ген ойын ортаға тастады.

Халықаралық науқанның басты мақсаттарының бірі – құқықтық ақпарат жұмысын белсенді жүргізу. Сол себепті де конференцияға қатысушылар зорлық-зомбылық мәселелеріне қатысты ағартушылық, мәдени іс-шаралар өткізу жұмыстарына да ерекше назар аударды. Бас­қосу бар­ысында Ұлттық комиссия төрайы­мы Ләззат Рамазанова, Қазақ­стандағы Адам құқықтары жөнін­дегі уәкіл Эльвира Әзімова және Ішкі істер министрінің орын­басары Мұрат Баймұқашев «Зор­лық-зомбылыққа қарсы 16 күн­дік белсенді әрекет» атты халық­аралық науқан аясында өте­тін іс-шаралардың бірлескен жос­парын бекітіп, ортақ құжатқа қол қойды.