Елордадағы Орталық коммуникация қызметінде баспасөз брифингі ұйымдастырылып, оған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Еуразия» гуманитарлық зерттеу орталығының директоры Зиябек Қабылдинов, ЕҰУ Инновациялық парк директоры Владимир Ким қатысып, Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауынан туындаған мәселелер талқыға салынды.
Жолдаудағы ғалымдарды қуантқан үлкен жаңалық – Елбасының ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын ғылымға бөлінетін қаржыға жеткізу керектігі жөнінде айтқаны болып отыр. Бүгінге дейін ғылымға 0,16 пайыз бөлініп келсе, енді 20 есеге көбейеді. Яғни бұл дегеніңіз, отандық ғылымға ғаламат серпін беретін фактор.
Мемлекет басшысының алға қойып отырған басты талаптарының бірі – өркениеттің көшінде бәсекелестікке қол жеткізу үшін білім мен ғылымды өндіріспен ұштастыру, отандық инновация жүйесін қалыптастыру. ЕҰУ Инновациялық парк пен Қызылорда облысы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылған. Қазіргі күні сол құжаттың шеңберінде бірнеше ғылыми жобалар жүзеге асуда. Ал Шығыс Қазақстан облысында карбид кремний өндіретін зауыт жобасын салудан бөлек, Бесқарағай ауданында ағаш қалдықтарын кәдеге жарататын шағын зауыттың қанатқақты жобасы қолға алынған. Сонымен қатар, Көкшетауда «Шучье-Бурабай-Зеренді» демалыс аймағының энергетикалық инфрақұрылымын «жасыл технологияларға» көшіру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Бұл, ғалымдарымыздың ғылым жолындағы ізденістері мен қайнар бастаулары ғана.
Соңғы 2013 жылы университеттің ғылыми-зерттеу жобаларының көлемі өсіп, оған 1,6 млрд. теңге қаражат бөлініп, негізгі 5 бағыт бойынша жүзеге асырылып жатқан 200 ғылыми жоба қаржыландырылыпты. Олар энергетика, өнім мен шикізатты тереңдетіп қайта өңдеу, ақпараттық және телекоммуникациялық технология, өмір, әлемнің ғылыми интеллектуалды әлеуеті. Оған ЕҰУ-дың 660 ғалымы тартылған.
Университетте «Start-up» жобасын іске қосу басталып, жас ғалымдарға конкурс жарияланған. Олардың жаңалықтарынан 15 жобаны таңдап, қаржыландыруды оқу орны өз мойнына алып, бұл мақсатқа 1 миллион АҚШ доллар қаржы жұмсалу көзделуде.
– Елбасы Жолдауында республикамыздың маңдайалды университеттерін академиялық және басқарушылық автономияға біртіндеп көшіру жайы айтылды. Бұл өте дұрыс мәселе. Білім, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа қызметті жүзеге асыруда жоғары оқу орнына еркіндік беріледі. Жоғары оқу орындарының академиялық, қаржылық және басқару қызметінде дербестік ұстанымдары іске асырылады. Негізіне сүйенсек, елімізде 2015 жылдан бастап ұлттық ғылыми-зерттеу университеттеріне, 2016 жылы ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан бастап мемлекеттік жоғары оқу орындарына дербестік берілу жоспарланған. Жоғары оқу орындары автономиясының жетілдірілген қағидалары Назарбаев Университеті моделіне негізделген: білім беру, ғылым, қаржы, халықаралық және өзге салалар да дербестікке ие. Демек, Қазақстанның білім беру мен ғылым жүйесі халықаралық деңгейге жеткізіледі.
Еуразия ұлттық университеті автономияға алғашқылардың бірі болып көшеді. Өйткені, университеттің білім беру кеңістігінде алатын орны бар және интеллектуалдық, құқықтық, материалдық-техникалық базасы талапқа сай келеді. Оқу орны Президенттің «Алтын сапа» сыйлығының иегері.
Жалпы, ЕҰУ үшін өткен жыл табысты болды: тарих факультеті, этникааралық және дінаралық толеранттық бойынша ЮНЕСКО кафедрасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы ашылды, дей келіп университ ректоры Ерлан Сыдықов оқу орнындағы басқа да жетістіктерді атап өтті.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».