Аймақтар • 26 Қараша, 2021

Іскерліктің іздегені – ілгерілеу

227 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Н.Назарбаев «Миллион адам тұратын төртінші қала болуы керек» деген Қарағандыда көп өзгеріс бар. Тұрғындар бәрін көріп-біліп отыр: қалада қоқыс шығару ісі жолға қойылып, жолдар жөнделіп, аулалар бірінен соң бірі абаттандырылып жатыр. Қоғамдық көлік тасымалының қор­даланған мәселесі де бірте-бірте шешімін табуда.

Іскерліктің іздегені – ілгерілеу

Әрине, алып қалада мәселе деген де жетіп артылады. Мұны қала бас­шылығы жасырған да емес. «Адамдар қаланы басқарумен әртүрлі ұйымдар мен бөлімшелердің айналысатынын білуі керек. Олардың әрқайсысы өзіне тиесілі міндетті атқарады. Мен әрбір аппарат кеңесінде тікелей эфирде қойылған сұ­рақтар бойынша тапсырма беріп, оның орындалуын тікелей бақы­лауы­ма алып отырамын», дейді Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

Е.Бөлекпаев – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын ұстанатын жаңа буын басшыларының бірі. Ол өзінің Facebook және Instagram парақ­шаларында қалада болып жатқан оқиғалардың қандайын болсын жасырмай жазып отырады. Сонымен қатар шаһар басшысы ай сайын тікелей эфирде қала тұрғындарының сұрақтарына егжей-тегжейлі жауап беріп отыруды дағдыға айналдырған. Ал әр аптаның сейсенбі күні Е.Бөлекпаев инстаграм желісіндегі әкімдіктің ресми парақшасында онлайн режімде аппарат жиынын өткізіп тұрады. Яғни қарағандылықтар қалаға қатысты көтерілген мәселенің бәрінен хабардар болып отырады. Мұндай саясаттың ерте ме, кеш пе жемісін берері сөзсіз. Өйткені ашықтық, бүкпесіз әңгіме атқарушы билік пен тұрғындар арасындағы сенімді бекітіп, қарым-қатынасты нығайта түседі.

Соңғы жылдары жаңадан бой көтер­ген тұрғын үй кешендері, шағын аудан­дар пайда болды. Осылардың бәрі бұрыннан істеп келе жатқан ЖЭО-ға қосылғанда, қалада жылу энергиясының жетіспеушілігі байқалды. Мәселен, былтыр мұның салқынын қаладағы кейбір шағын аудандардың, Сұрыптау елді мекенінің тұрғындары қатты сезін­ді. Бұл тығырықтан шығу үшін станса­дағы жұмыс ретке келтіріліп, ЖЭО-дан Сұрыптауға баратын жылу құбы­рын изоляциялық ораммен қамтама­сыз ету бойынша ауқымды жұмыстар жүргі­зілді. Әрине, мұның бәрі жылуға деген қажет­тілікті толығымен қанағаттандыра алмайды. Сондықтан қазіргі кезде қала­ның Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік-Батыс бөлігін дамыту үшін үшінші жылу шығарушы станса салынуда. Бұл үлкен жоба жоспарға сай 2022 жылы пайда­лануға берілсе, онда қаладағы жылуға қатысты барлық проблема шешімін табады деп сеніммен айтуға болады.

Бүгінде облыс орталығы жасыл желекке оранған қалаға айналып келеді. Биылғы күздің өзінде қалада 7 мыңға жуық ағаш отырғызылған екен. Бір қуанарлығы, қаланың жасыл желекті болуына жергілікті кәсіпкерлер қатты құштарлық танытып отыр. Олардың көбі егілетін көшеттерді қалаға сыйға тартуды дәстүрге айналдырған. Қала басшылығы қазіргі уақытта ағаш отырғызу науқанын жаңа жүйе бойынша іске асыра бастады. Мысалы, осы шаруамен айналысқан мердігерлер еккен көшеттерді суару мен күтіп-баптауды екі жылға мойнына алады.

Пандемияға қарамастан, соңғы бір жыл ішінде кеншілер астанасының көшелері мен аулалары қарқынды түрде абаттандырылды. Бұл бағыттағы ауқымды жобаларды қала тұрғындары да оң бағалай бастады. Мысалы, соңғы кездері қаладағы орталық саябақ жаңа­ша кейіпке еніп, мұндағы жағымды өзге­рістер жұртшылықты қуантып отыр. Орталық саябақтың өзі үлкен аумақ­ты алып жатыр. Қазіргі уақытта ол сек­торларға бөлініп, бұл тәсіл өзінің жемі­сін бере бастады. Бүгінде саябақтың ба­тыс жағын игеру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жарықтандыру қолға алынып, қазір кешқұрым уақытта саябақ іші са­маладай жап-жарық болатын жағ­дайға жетті. Сондай-ақ веложолдар да ұзар­тылып, саламатты өмір салтын ұс­тан­ғандарды қуанышқа бөледі. Саябақ­тағы жасанды көлдің тазалығы қала басшылығы үшін үлкен проблемаға айнал­ғанына бірталай уақыт болған еді. Қазір бұл өзекті мәселені шешу үшін қала бас­­шылығы осы көлге құятын Бұқ­па өзе­нінің арнасын тазалауды қолға алған. Бұ­дан бөлек, саябақ көлін шахта суы­мен толтыру да алдағы жоспардың тізіміне енген.

Қалада кең көлемде жүргізіліп жат­қан жұмыстың бірі – аулаларды абаттандыру. Биылдың өзінде Майқұдық, Пришахтинск және Сұрыптау елді мекендерінде 55 ойын алаңқайы мен 12 футбол алаңы орнатылды. Келесі жылы ауданның 27 ауласын жөндеуге бюджеттен қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта қаланың Қазыбек би атындағы ауданында 53 балалар ойын алаңқайын және жеті футбол алаңын, сонымен бірге Октябрь ауданында 50 алаңқай мен 11 жазықтықты абаттандыру қолға алыныпты. Бұдан басқа, тұңғыш рет «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында аулалар мен жеке секторда абаттандырудың жеті жобасы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Ойын алаңқайларын Нұр-Сұлтан қаласындағы үлгімен сала бастадық. Ол үшін біздегі аудан әкімдері елордаға арнайы барып, ондағы осы сала бойынша істелінген шаруаларды өз көздерімен көріп келді. Мен бұл жұмыстармен жақсы таныс едім: бес жыл астанада футбол алаңдары мен ойын алаңқайларын салдық. Олардың бәрі күні бүгінге дейін жақсы күйінде сақталған», дейді Е.Бөлекпаев.

Бүгінде Қарағандыда газ тарату желі­лерінің 1-ші іске қосу кешенінің алғашқы кезегінің құрылысы аяқталды. 67,3 км газ құбыры өткізіліп, Михайловка шағын ауданындағы 1584 үйге көгілдір отын келді. Ал мамыр айында 2-ші іске қосу кешені желілерінің құрылысы бас­талды. Қазіргі уақытта 1 209 үйге газ тартылып, 36,5 шақырым желі өткізілген.

Алдағы уақытта атқарылар жұмы­с­тар да ауқымды. Мысалы, Майқұдықтың саябағы толық жаңғыртылмақшы. Бұл елді мекенді қақ жарып өтетін 11 шақы­рым­­дық күре жолдың күрделі жөндеуі де аяқталып қалды. Тротуарлар төселіп, белгілер, бағдаршамдар, жаяу жүргін­шілер өткелдері мен жарықтан­дыру тіректері орнатылып, аялдамалар ауыстырылғанда, Майқұдықтың адам танымастай кейіпке енетінін қазір жұрттың бәрі айтып жүр.

Қаладағы Оңтүстік-Шығыс шағын ауданының күннен-күнге қарқынмен өсіп келе жатқанын жоғарыда айтып өттік. Яғни жол салу және жылумен қамта­масыз етуші инфрақұрылым­ның қа­жет­тігі қатты сезіледі. Бір сөзбен айт­­қанда, жұмыс деген бастан асады. Әл­бетте, мұның бәрін ретке келті­ріп, шаруа­ның басын қайыру үшін қажыр-қай­рат, ерік-жігер және білікті кадр­лардың керектігі айтпаса да түсінікті. Ал бұл жағынан Е.Бөлекпаев сынды істің қиюын білетін іскер әкімді ұятты емес деп айтуға толық негіз бар.

 

ҚАРАҒАНДЫ