28 Ақпан, 2014

Көше жөндеудегі кемшіліктер әкімдікті 1 млн. теңгеге отырғызды

281 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
OLYMPUS DIGITAL CAMERA

Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық прокуратурасы мемлекеттік сатып алу заңнамаларының сақталуы бағытында өткен жылы 6 тексеру жүргізіп, 13 заң бұзушылықты анықтады. Соның нәтижесінде 8 заң бұзушылық жойылып, енгізілген 4 ұсыныстың қаралу қорытындысымен 14 қызметкердің тәртіптік жауапкершілігі шешілді. Бұдан басқа, 15 заң түсіндіру берілді.

Есепті кезеңде аудандық прокуратура «Өзгент ауылдық округі әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде бірнеше көшені орташа жөндеу жұмыстарына орай өткізілген мемлекеттік сатып алу барысында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдары талаптарының сақталуына тексеру жүргізіп, бірқатар заң бұзушылықтардың орын алғанын анықтады. Атап айтқанда, прокуратура қызметкерлері округтегі Үсената, Досаната, Рахманов, Құнанбаев, Әбдікәрімов, Сейфуллин және М.Жұмабаев көшелерін орташа жөндеуге байланысты жұмыстарына тексеру жүргізді. Онда аталмыш округ басшылығының мемлекеттік сатып алуды электронды конкурс тәсілімен өткізу үшін оның веб-порталына хабарландыру жариялағаны, соның арқасында конкурсқа қатысуға «Ақ-Жол», «Нур-Строй ЛТД» және «Шиелі-Жолшы» ЖШС-мен өтінімдер ұсынғаны анықталды. Сол жылғы 10 қыркүйектегі рұқсат беру туралы хаттамасына сәйкес, «Ақ-Жол» және «Нур-Строй ЛТД» ЖШС құжаттары толық дайын болмағандықтан, конкурсқа қатысуға жіберілмеген. Бұдан кейін қабылданған қорытынды хаттамаға сәйкес, электрондық конкурс бойынша конкурсқа қатысуға бір ғана әлеуетті жабдықтаушы, яғни «Шиелі-Жолшы» ЖШС жіберілуіне байланысты ол өтпеді деп танылған. Сондықтан

Өзгент ауылдық округі әкімінің 2013 жылғы 11 қыркүйектегі «Бір көзден сатып алуды жүргізу туралы» өкіміне сәйкес, жоғарыда аталған көшелерді бір көзден сатып алу тәсілімен жүргізуге пәрмен берілген. Осыған байланысты «Шиелі-Жолшы» серіктестігімен Өзгент ауылындағы Ә.Рахманов, И.Әбдікәрімов, Үсената көшесі мен Досаната көшесінің бір бөлігін және Ақсуат ауылындағы С.Сейфуллин, М.Жұмабаев және А.Құнанбаев көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарына 46 106 390 теңгеге жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасалған.

Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының 40-бабы 1-тармағында мемлекеттік сатып алу туралы шарт оған тапсырыс беруші мен өнім беруші қол қойғаннан кейін не конкурстық құжаттамада көзделген шарттың орындалуын қамтамасыз етуді өнім беруші толық енгізгеннен кейін күшіне енетіндігі көрсетілген. Осы негізде, шарттың 66-тармағында мердігер шартта айтылған барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін, тапсырыс берушіге жұмыстардың аяқталғаны туралы хабарлама жіберетіндігі, тапсырыс беруші жеті күн мерзімнен кешіктірмей шартқа сәйкес, жұмыстардың аяқталуын бағалау жөніндегі комиссиясын тағайындайтындығы көрсетілген. Шарттың 69-тармағында жұмыс комиссиясы шалалықтардың тізбесін жасайтындығы және оларды жою мерзімін көрсететіндігі, шалалықтардың жою күні шарттың аяқталған күні болып саналатындығы, барлық шалалықтардың жою фактісі орындалған жұмыс көлемін пайдалануға түпкілікті қабылдау актісімен және тапсырыс беруші мен орындаушы арасындағы қабылдау актісімен анықталып, жұмыстар 2013 жылдың 15 қазанда орындалуы тиіс деп көрсетілген.

Сонымен бірге, шарттың 70-тармағында егер мердігер шартта айтылған мерзімде жұмысты орындамаса, тапсырыс беруші шарттың шеңберінде өзінің басқа құқықтарына зиянсыз шарттың бағасынан әр бір мерзімі өткен күнге 0,1 пайыз сомасында тұрақсыздық айыбын есептеп шығарып отыратындығы, тапсырыс берушы осы шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімінің бұзылу жағдайларын қоса алғанда орындаушы тарапынан шарт бойынша міндеттемелер орындалмаған не тиісінше орындалмаған жағдайда толық көлемде тұрақсыздық айыбын келісім шарт бағасынан 0,1 пайыз сомасында өндіріп алуды қамтамасыз ететіндігі көрсетілген.

Әлеуетті өнім беруші «Шиелі-Жолшы» ЖШС директоры А.Абдуллаев 16 қазанда Өзгент ауылдық округінің әкімі Н.Оспановқа Өзгент ауылындағы Ә.Рахманов, И.Әбдікәрімов, Үсената, Досаната, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев және А.Құнанбаев көшелерінің орташа жөндеу жұмыстары толық аяқталуына байланысты хат жолдап, жұмыстарды қабылдау мақсатында жұмысшы комиссия құрамын бекітіп беруін сұраған. Осыған орай Өзгент ауылдық округінің әкімі Н.Оспанов «Жұмыс комиссиясын құру туралы» өкім шығарған. Бірақ комиссия жоғарыда аталған көшелерді орташа жөндеу жұмыстарының қабылдауға дайындығын кешенді бағалауда шалалықтардың тізбесін жасамай, олардың жою мерзімін көрсетпей, формальды түрде жүргізген. Соған қарамастан, ауылдық округ әкімі «Шиелі-Жолшы» ЖШСдиректоры А.Абдуллаевқа орташа жөндеу жұмыстарын қабылдау дайындығына кешенді бағалау жүргізгенін хабарлап, анықталған кемшіліктер мен ескертпелерді түзетіп, жұмыс комиссиясына ұсынуын сұраған. Ал кемшіліктер мен ескертпелер бәрібір жойылмаған. Алайда, әкімдік аппаратының тиісті қызметкерлері келісім-шарттың 70-тармағы толық орындалмағанына қарамастан, тапсырыс берушімен қаралған сомасының 95 пайызын аударып жіберген. Олар мерзімінде жұмыстарды аяқтамағаны үшін өндіріп алуға тиісті 1 106 544 теңгенің өсімпұлын қайтаруды қамтамасыз етпеген.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзу фактісі туралы өзіне белгілі болған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей, мұндай әлеуетті өнім берушіні немесе өнім берушіні мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талап арызбен сотқа жүгінуге міндетті екендігі көрсетілген. Дегенмен, аталған Заңның талаптары аппараттың тиісті қызметкерлері тарапынан орындалмай, әлеуетті өнім беруші «Шиелі-Жолшы» серіктестігін шарт бойынша өз міндеттемелерін тиісті түрде орындамағаны үшін он жұмыс күні ішінде талап арызбен сотқа жүгiнбеген.

Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12-бабы 1-тармағының 4-тармақшасында шешiмдер әзiрлеу мен қабылдау кезiнде заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсету, ал 5-тармақшасында кiмге болса да табыс алуға байланысты кәсiпкерлiк және өзге де қызметтi жүзеге асыруда заңдарда көзделмеген кез келген жәрдем көрсету әрекеттерi сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық болып табылатындығы көрсетілген.

Сондықтан келісім-шарттың 70-тармағына сәйкес жұмыстарды уақытылы бітірмегені үшін 0,1 % мөлшерінде айыппұлды өндіруді жүзеге асырып, заң бұзушылықтарды жойып, алдағы уақытта заң бұзушылықтарға жол бермеуге нақты шаралар қабылдап, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылықтарға жол берген кінәлі қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау үшін Өзгент ауылдық округі әкіміне ұсыныс енгізілді. Нәтижесінде бұған жол берген 1 тұлғаның тәртіптік жауапкершілігі шешілді.

Руслан Пірназар,

Жаңақорған ауданы прокурорының көмекшісі,

Қызылорда облысы.