Еліміздің Тұңғыш Президенті Қазақстан әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу үшін қажетті алғышарттың бар екеніне сенім білдіре келе, жеті тұғыр төңірегіндегі сарабдал ойын өрбітті. Атап айтатын болсақ, бірінші, тәуелсіздік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Жастар осы құндылықты бағалай білуге тиіс. Екінші – бірлік пен келісім елдігіміздің мызғымас тұғыры екендігіне тоқталды. Үшінші – жер ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Елбасы жер туралы айта келе, ата-баба аманатына адал болып, ұлан-ғайыр жерімізді қорғау, оны болашақ ұрпаққа мирас ету жастардың ортақ борышы дегенге ерекше басымдық берді. Төртінші – отбасы мен салт-дәстүр қоғамның алтын діңгегі. Қай кезеңде де біз үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуді дәріптейтін ата-дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет екендігі айтылды үндеуде. Бесінші – ұлттық мәдениет халықтың рухани тірегі екендігі жөнінде айта келіп, өркениетті 30 елдің қатарына қосылу үшін материалдық құндылықтармен қатар рухани байлықтың маңызы жоғары екендігіне тоқталды. Елбасы алтыншы тұғырда ғылым, білім, еңбекке аса мән беріп отыр. Жетінші – прагматизм принциптері бойынша жастар қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты орынды пайдалануға талпынған жөн дей келе, терең білім алып, адал еңбек етуге үндейді. Түйіндеп айтқанда, Елбасының тәуелсіздік құрдастарына үндеуі тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз деген қағидатпен тұжырымдала-
ды.
Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығында мемлекеттіліктің жан-жақты өркендеуіне ықпал ететін көптеген мәселе қозғалды. Осы бағытта елімізді әлемге танытуда қызмет ету – біздің міндетіміз. Өйткені қазақтың тарихы – мақтан етуге лайықты, ерлік пен елдіктің тарихы. Ендеше, Елбасының ұрпаққа аманатына адалдық танытып, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, Қазақстанның абыройын асқақтату жолында еңбек етуіміз керек. Еліміздің тәуелсіздік тұғыры берік болсын!
Жангелді МАХАШОВ,
Отырар мемлекеттік археологиялық
қорық-музейінің директоры