Медициналық көмекті қайтсе барынша ашық әрі қолжетімді етуге болады? Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың жетекшілігімен өткен Елбасының «Қазақстан – 2050: бір мүдде, бір мақсат, бір болашақ» атты Жолдауынан туындайтын міндеттердің орындалуы барысын талқылауға арналған жиында осы мәселе жан-жақты пысықталды.
Министр өзі басқарып отырған ведомствоның басты міндеті – медициналық көмекті басқарудың және қаржыландырудың тұрақты, нақты, түсінікті және ашық жүйесін қалыптастыру екендігін ерекше атап кетті. Сондықтан алға қойған міндеттер Елбасы Стратегиясында айқындалған мақсаттарға жетуге негіз болуы, сондай-ақ, жүйе халықтың талабына жауап беруі тиіс. Бұл ретте С.Қайырбекова өңірлердегі денсаулық сақтау мекемелері министрлік әзірлеген стандарттар, хаттамалар және алгоритмдер аясында сапалы медициналық қызмет көрсетуге міндетті екендігін қаперге салды.
«Мен министрліктің жалақы төлеу және бақылау комитетіне өз жүйелері арқылы мониторингті, оның ішінде сенім телефондары арқылы бақылауды күшейтуді тапсырдым. Барлық негізгі арыз-шағымдар медициналық ұйымдардың рейтингіне әсер етіп, экономикалық зардаптарға әкеліп соқтырады», деді С.Қайырбекова. Министрдің мәліметіне қарағанда, лейкозға шалдыққан балалардың өмір сүруін 76 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік туып отыр. Жілік майын трансплантациялау технологиясын және кардиохирургиялық бейінді айтпағанның өзінде, тағы да басқа салалар игерілген.
Басқа сөйлегендер де оң жетістіктер жөнінде әңгіме қозғады.
Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігінде өткен алқалы жиында Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау ерекше назарға алынғандығы, дәрігерге деген сенімді нығайтуға және емдеу сапасына жауапкершілік жайы кеңінен сөз болды. Бұл айтылғандардың барлығы саладағы табыстарға негіз қалауы тиіс.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».