01 Наурыз, 2014

Сыбызғышылар

1860 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Сақара үнін сапырған сыбызғы сарыны қазаққа етене. Ғажабы, бұл таныс әуен, сырлы сазды табиғаттың өзі құныға тартады. Бала шақта құйын ұйытқып, жел тұрғанда осы бір күйге құлақ түретінбіз. Қамыс басы қозғалып, қоға жапырылып, құрақтар сыбдырлап, ши-қурай уілдеп ала жөнелгенде жеті нотаға сыймайтын тамаша дала симфониясы туар еді. Сырлы саз Алтайдың баурайында, Алакөлдің айдынында, Балқаштың нуында, Есілдің ен бойында, Жайықтың жағасында, Бетпақтың шексіз құмында да ойнапты. Сосын сол күйі қу тақтайдың шанағынан, бір тұтам қамыстың өзегінен төгіліпті. Қазақтың қанын қуалаған бүлкілді тап басатын аспаптың төресі – сыбызғы. Оның үнін бір естіген адам қазақ даласын араласа дүниенің түгел сыбызғылатып тұрғанын аңдар еді. сыбызгы коллаж Халықтың жадында сыбызғы үні бозторғайды арбаған айдаһарды қаһарынан қайтарып, мың бұралта билетіп қойған сиқырлы күш ретінде сақталып қалған. Содан да шығар, ертеде бір тұтам қамысты қолға алған өнерлі жасқа қария біткен «жын қуған әулекі» деп тәйт айтатыны... Шоқан Уәлиханов Петербор музейіне сыбызғы сыйлаған. 1948 жылға дейін КСРО халықтарының музейінде сақталған сыбызғы қамыстан жасалған, үш ойығы бар, ағаш қорабына үш жерден темір сақина кигізілген екен. Шоқанның атақты сыбызғышы Қанғожа және Тулақ, оның ұлы Төлепберген сынды айтулы өнер иелерін Сырымбет саласына келгенінде жиі алдыртып, этнографиялық мұралармен жіті танысқаны, Қанғожаның орындауындағы «Балбырауын сазы», «Тарғыл бұқа» күйлерін құмарта тыңдағаны белгілі. Сол күндерден Шоқанның «Бақыт – менікі, өнер – Қанғожанікі» деген сөзі тәмсіл болып қалды. Әлкей Марғұланның жазуынша, осы Қанғожа мен Тулақ күйші Шоқанның жас өлімін әкесі Шыңғыс төреге сыбызғының азалы үні арқылы естірткен екен. Абай хакім де Семейдің өлкетану музейіне сыбызғы сыйлаған. Қазір үш шекті домбыра, қылқобыз, асатаяқпен бірге Семейдегі Абай мұражайында сақтаулы. Н.Долгополовтың Абай ауы­лында қонақта болғанда 50-ден астам музыкалық аспап жинағаны айтылып жүр. Оның ішінде, әрине, сыбызғы да бар. Бірақ, бұл, негізінен Абайдың жинаған коллекциясы, ақын маңайына топтасқан ел өнерпаздарының қолындағы әрқайсысы бірнеше қаралық саз аспаптары болуы мүмкін. Абай Долгополовқа осы аспаптарды көрсеткен, таныстырған сияқты. Жазушы Тәкен Әлімқұлов текті өнер жайында «Сары сыбызғы» деген жұп-жұмыр, қазақтың өзіндей қоңыр әңгіме жазды. Көркем шығарма көрікті шежіредей сыбызғылатқан сары дүниенің салтанатын, пәлсапасын толғайды. Суытаяқ жортуылшылардың кең әлемде бір-бірімен тілдесер белгісі – сыбызғы сазы, тобықтан қағар сері қаруы – сойыл болған бұла заманға сағынышты түртеді. «Көкіректің деміне кіріптар құйттай аспап қалай ойнатамын десең де еркіңде! Сайрағыш құстың ең кішкентайы бұлбұл болса, сайрағыш аспаптың ең шағыны – сыбызғы», деп жазады қаламгер. Қамыстың өзегінен туар сиқырлы саз туралы сөз әлем халықтарының аңыз-әфсаналарында көптеп кездеседі. Жалаледдин Руми де жырға қосқан. Көрнекті әдебиеттанушы Айгүл Кемелбаеваның бұл жайды біршама талдаған мақаласын оқыған едім. Жұмекен Нәжімеденов шебер күйші болған деседі. Жалпы, шайыр көңіл-күйінің бір баламасы – сыбызғы күйі. Ақынның 1962 жылы жарық көрген екінші жинағының «Сыбызғы сыры» аталуы тегін емес. «Сыбызғы – жылқының азаны» деген аңыз бар. Жыл­қы күзеткен жылқы­шылардың ермегі болған деп те айтады. Енді бір аңыздарда сыбызғы Ескендір заманында шыққан деседі. Ел үдере көшкенде екі жетім бала құс аулап жүріп, жұртта қалса керек. Сол балалар алғаш қурайға үн салған екен. Сыбызғының басты ерекшелігі – жын-шайтанға, жылқы қайырудан басқаға бағынбайды екен», дейді белгілі сыбызғышы Кәлек ақсақал Құмақайұлы («Дидар» газеті, 2012 жыл). Қазақ музыкасын жинауда Затаевичке жетеғабыл еңбек сіңірген жанның бірі – семейлік Талиға Бекхожина. 1500-ден астам халық әндерін жинаған Талиға – Семейдің бірінші гильдиялы ірі көпесі Бекқожа Боранбаевтың қызы. Әкесі 1928 жылы кәмпескеге ұшырап, жер айдалғандықтан Талиға көп қиындық көреді. «Халық жауының» қызы ретінде мектепке қабылданбай, 15 жасына дейін үйде анасынан оқиды. Сосын Семейдің педтехникумына, сәл кейін Мәскеу консерваториясы жанындағы вокал студия­сына оқуға қабылданады. Үлкен театр ложасында өзіндік орны бар Дорлиактар әулетінің қамқорлығын да көреді. Міне, осы Талиға сыбызғышылық дәстүр туралы құнды деректер қалдырған бірегей ғалым. Ол Шығыс Қазақстан өңірінде 1971 және 1975 жылдары фольклорлық экспедиция құрамында болған екен. Т.Бекхожинаның еңбектерінде бізге белгісіз Еңсебай (1888-1932 ж.ж.), Сүлеймен (1880-1932 ж.ж.), Қалижан (1888-1964 ж.ж.), Ғайса (1890-1959 ж.ж.), Қалдыбай Мейманов (1983 ж.) сынды сыбызғышылардың өмірбаяндары, күршімдік Шерубай, оның шәкірті, катонқарағайлық Шанақ Ауғанбаев пен ұлы Биқан Шерубаев сияқты бүгінге белгілі сыбызғышылар туралы мағлұматтар жазылған. «Даламның назды саздары» (Алматы, «Өнер», 1966 ж.) атты еңбегінде Шанақ Ауғанбаевтың орындауындағы күйлер нотаға түсіріліп, жарық көрген. Сондай-ақ, XVII ғасырда өмір сүрген әйгілі сыбызғышылар Тілеке мен Жантелі Бұланұлының, 1922-жылдары Шерубай мен Мұса бақсының, 1950-жылдары Оспанғали Қожабергенов пен Шанақ Ауғанбаевтың сыбызғымен күй тартысқаны туралы тың деректерді жеткізеді. Ақселеу Сейдімбек сыбызғының алғашқы түрі қурайдан жасалғанын жазды. Кәлек Құмақайұлының айтуынша, сыбызғыны талдан жасаған. Жас талды кептіріп, ішін ойып, қой кеңірдегінің ақ шелімен қаптайды. Осының арқасында дыбыс шашырамайды. Бұл – мыс пен жездің қат кезінде пайдаланылған әдіс. Шығыс өңірінің сыбызғысы қандай болған деген сауалға Талиға Бекхожинаның қалдырған еңбегі жауап береді. Ғалым сыбызғының қарақурайдан жасалатыны және жезді пайдаланғаны, үш ойықты, ұзындығы 60-80 см. болатыны туралы деректерді келтіреді. Қазақта бүгінде жалпы көпке мағ­лұм сыбызғышы – Талғат Мұқышев. Тәкеңмен әңгімелескенімізде, қазақ жерінде сыбызғының екі мектебі өткен ғасырға дейін сақталғанын айтқан болатын. Біріншісі, жаңағы Шерубай, Шанақ, Биқандар дамытқан Шығыс Қазақ­стан мектебі болса, екіншісі, Сармалай салған сара дәстүрдің иесі саналатын Батыс Қазақстан мектебі. 1934 жылы Алматыда әнші-күйші­лердің респуб­ликалық бірінші слетіне қатысқан Сармалай күйлерін жеткізуші Ысқақ Уәлиевтің сыбызғысы бүгінде музейде сақтаулы. Ол – 1934 жылы құрылған Құрманғазы оркестрінің тұңғыш сыбызғышысы. Ленинградқа шақырылып, «Амангелді» фильмін сыбызғы үнімен көркемдеген. 1944 жылы соғысқа аттанып, майдан даласынан қайтпаған. Ысқақ Уәлиевті Алматыға шақырып, оркестрге орналастырған Ахмет Жұбанов еді. Бұл жөнінде Ахаңның кітаптарында көп мағлұмат бар. Қан майданнан қайтпаған сыбызғышының оркестрдегі орны ұзақ жылдар ойсырап тұрды. Олқылықтың орнын толтыру үшін Шығыс Қазақ­станның Катонқарағай ауда­нынан «Үкілі бақсы» атанған Мұсаның шәкірті Оспанғали Қожабергеновті шақырады. Алматыда халық шығарма­шылығы үйінде азды-көпті дәріс оқыған ол да тұрақтай алмай, еліне қайтып кеткен. А.Жұбановтан кейінгі сыбызғы жанашырларының бірі – Болат Сарыбаев. Бөкеңнен соң сыбызғы сазы да ұмыт бола бастаған. Әлде, кеңестік өктем сая­сат сыбызғыға қарсы жоспарлы жұмыс жүргізді ме, көп жылдар кәсіби маман табылмай қалған-ды. «Сыбызғылар қоя тұрсын сызылмай, Керней үнін күтіп жатыр даламыз» деп аударды Қадыр ақын венгрлік Шан­дор Петефидің жалынды жырларын. Бұл жолдарда сыбызғының иірімге толы бейбіт сазы дабыл қаққан кернейге жаугершілік заманда ғана орын босататыны өрнектеледі. Кеңестік жүйенің шолақ белсенділері ұлттық мұра­ларды жар астындағы жау көргені анық. Бірақ қажырлы қайраткерлер ұлтты жаппай жалаңаш­тандырумен табанды күресе білді. Мәселен, Өзбекәлі Жәнібеков үрмелі аспаптарға көңіл бөліп, музыкаға қатысты дүниелерді жинастыруда бағыт-бағдар беріп отырған. Ол музейде оркестр ұйымдастырған кезде сыбызғыны да енгіздірген. Бірақ сыбызғы тартатын маман болмапты. Жетім қалған аспапта ойнауды білмесе де әлдекімге ұстатып, оркестр құрамында тұрғызып қояды екен. Яғни сахнадан көріне берсін, ел білсін, ұмытпасын дейтін игі тілек. Алпысыншы жылдары сыбызғының далалық дәстүрінің соңғы өкілдері Биқан Шерубаев пен Шанақ Ауғанбаевтар шығыста өмір сүріп жатты. Олардың ұлы ұстазы – Шерубай. Катонқарағайға ұзатылған қызына бет алғанда, таудың арғы жағынан естілген сыбызғы үнінен Шерубайдың келе жатқанын жұрт біліп отырады екен. «Бес литрлік орыс шәугіміндегі қайнаған жылы суды бір ұрттап ұртына қотарып алады, қайта бүркіп жібергенде құйылып үлгермеген су шәугімнің ернеуінен төгіліп кетеді. Жарықтықтың демі сондай кең болатын», деген сөзді күршімдік қариялар бертінге дейін айтып жүріпті. Бұл туралы Алматыдағы эстрада және цирк колледжінің қыз­меткері Құрмет Сей­себаевтан естідік. Ол – Күршім­нің тумасы, сыбызғышылар әулетімен құдандалы екен. Әке жолын жалғастырған Биқан Шерубаевтың орындауындағы халық күйлері «Жорға аю», «Айрауықтың ащы күйі», «Жалпақ торы ат», Оспан­ғали Қожабергеновтің орындауындағы «Аққабаның толқыны», «Желмаяның желісі» атты күйлері бізге жетті. Б.Шерубаев Ұлы Отан соғысына қаты­сып, қан майданның ортасынан аман оралған. – Биқан Шерубаев 73 жас жасап, жетпісінші жылдардың соңында өмірден өтті. Ол кісіні үйге қонаққа келген кезде екі-үш мәрте көрдім. Ұзын бойлы, бір көзі ағып кеткен, күн аязды болғандықтан басында түлкі тымақ, пүліш шапанын қайыс белбеумен буған, аяғында саптама етігі бар, Күршім ауданындағы Үшбұлақ деген жерден біздің Маралдыға келетін. «Бөкенжарғақ» күйін ойнап бергені есімде. Мен ол кезде 5-6 сынып оқушысымын. Биқан ата Үшбұлақ ауылында қайтыс болды, – дейді Құрмет. Биқанның Жантелі есімді баласы да дүниеден өткен, қызы Кәмар бүгінде Шемонайха ауданының Белый камень ауылында тұрады. Биекең, сондай-ақ, құмалақшы болыпты. Қызы Кәмарға соңғы өнері жұғыпты. Ал Шанақ туралы Әлібек Асқаров қаламгерлердің қалжыңын терген бір жинағында былай деп жазады: «Әйгілі сыбызғышы Шанақ Ауғанбаев өмір бойы ат үстінде жүрген, зейнеткерлікке шыққанша Өр Алтайдағы үлкен бір колхозды басқарған кісі екен. Сол кісі жетпісінші жылдардың басында зейнеткерлікке шыққан соң пар­тия­лық билетін ауданға әкеліп, рақметін айтып тапсырыпты да, өзі ауылға барып молдалық құрып кетіпті. Жазушы Оралхан Бөкеев елге барған бір сапарында Шанақтың ауылын іздеп барып, ақсақалға арнайы сәлем береді. Әңгіме арасында Оралхан: – Шәке, біз сізді коммунист деп ойлау­шы едік. Енді, міне, молда боп кеттіңіз. Осы екеуінің қайсысы шындық? – деп әзіл-шыны аралас сұрақ қояды. Сонда Шанақ аспай-саспай: – Екеуі де шындық, шырағым. Менің коммунистігім бергі жағында еді де, молдалығым – арғы жағында, тереңде шөгіп жатқан болатын, – деп жауап беріпті». Яғни сыбызғышылар сазға ғана емес, сөзге де ұста болған жандар. Катон­қара­ғайдың Топқайың ауылындағы мектепте Шанақ Ауғанбаевқа арналған мұражай-бұрыш бар. Онда Шәкеңнің қамыстан жасалған сыбызғысы тұр. Жырылып қалғандықтан күй ойнауға жарамайды. Сондай-ақ, үй жағдайында күйлері жазылып алынған пластинка сақтаулы. Бүгінде дыбысы өшіп кеткен таспаларды қалпына келтіруге болатын озық технологиялар арқылы осы пластинкадағы күйлерді өңдесе ғажап мұра болар еді. «Қазақтың 1000 күйі» антологиясына Ш.Ауғанбаевтың орындауындағы 2 күй енген. Шанақ жиын-тойларда боз кілемде де дес бермеген тұлғалы балуан болыпты. Баласы Сайын Ауғанбаев Өскемен қаласында тұрады. Сексенінші жылдары айтыскерлігімен танылған күршімдік ақын Қабдолла Тұраров шығыс­қазақ­стандық сыбызғы­шы­лар туралы көлемді дастан жазды. Аталған жырдың қолжазбасы кітап болып шықпаса да, түптеліп, Өскемендегі өнер мұражайы мен Топқайыңдағы Шанақ Ауғанбаевқа арналған мұражайда сақтаулы тұр. «Қазақтың күйі», «Қалмақтың күйі», «Қош, аман бол!», «Есік алды балқурай» сынды 20-дан астам күйлерді орындаушы Шанақ Ауғанбаев 1912 жылы туған. Яғни алдыңғы жылы атақты сыбызғышының жүз жылдығы болды. Бір таңғаларлығы, осы айтулы мерейтойды атап өтелік деген бірде-бір мәдениет жана­шыры табылмады. Қазіргі кезде Моңғолияда 30-дан аса сыбызғышы бар екен. Алтайды еншілес жайлап жатқандықтан оларды шығыс мектебінен бөліп қарауға болмайды, дейді мамандар. Моңғолияда қазақтармен бірге ұранхай, тыва халықтарының сыбыз­ғышылары да көзге түседі. Бірақ олардың кейбір күйлерінің қазақ күйлері­нен еш айырмасы болмайды екен. Т.Мұқышевтің зерттеуіне сүйенсек, 1956 жылы Жағда Бабалықұлы Қытайдағы Іле қазақтары автономиясының төрағасы болып тұрғанында Қытайдағы қазақтарда қанша сыбызғышы бар екені туралы анық­тама жасайды. Алғашқы деректерде сол өңірдің қырық екі сыбызғышысының ат­тары тіркелген екен. Шыңжан мек­тебі­­нің көрнекті өкілінің бірі Ақымжан Бол­дырғанұлы Ж.Бабалықтың үйінде он бес күн бойы сыбызғы тартыпты. Сондағы тарт­қан күйлерінің саны 120-ға жетіпті. Нет­кен бай мұра! Тарбағатай өңірінде «Ақым­жанның қоңыры» атты күй кең таралған. Байтақ далада мал баққан бақташыға серік, жалғыз­дығына дәру әрі 10-15 минутта кез келген қурай­дан жасап алатындықтан кеңінен тараған сы­­бызғышылық дәстүрі тоқырап қалғалы қай уа­қыт... Қазір Қазақстанда сыбызғышылар саусақпен санарлық. Бүгінде көненің көзі болып отырған сыбызғы­шылардан – Кәлек Құмақайұлы бар. 1974 жылы Мәскеу, Варшава, Дрезден, Прага қалаларында өнер көрсеткен. 1993 жылы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағынан Шығыс Қазақстанға қоныс аударды. Алғашқыда Зайсан ауданында тұрса, қазір Ұлан ауданының Баяш Өтепов ауылында ғұмыр кешіп жатыр. Сексеннің сеңгірінен асқан ақсақалдың айтуынша, әкесі Құмақай Алтай-Қобдаға атағы жайылған сыбызғышы болған. Ауыл әкімі болғандықтан, ат үстінде көп жүрген әке баласының шаруашылыққа қарағанын жөн көріпті. Алайда, қой жайып жүрген Кәлек сегіз жасынан бас­тап құлағына құйылған дала сазын сыбызғыға салуға машықтанған екен. Сыбызғышылардың осал жері – тіс. Сыбызғы тартқан тіс алдымен түседі. Алтынмен аптап, күміспен қаптасаң да сыбызғы үні табиғи тістен шыққандай болмайды деседі. Құмақайдың да тісі түсіп, сыбызғы тартудан қалған кезінде орталықтан келген шақыртуға баласын жіберіпті. Ұлының сыбызғышылық даңқы шыға бастағанын елден естісе керек. Міне, сол сәттен бастап үмітті ақтап, әке жолын қуған Кәлек қарияның өзі де бүгінде сыбызғы тартудан қалып отыр... Кәлек ақсақалдың қазақ музыка өнеріне қосқан үлесі ұшан. Ол өзі шы­ғарған, халық күйлері және Баян-Өлгий қазақтарының күйлері бар, жиыны 142 күйді нотаға түсіріп, өнертанушы Абдулхамит Райымбергеновтің қолына тапсырды. Бала кездегі ынтықтығын бейнелейтін «Алыстағы арман» күйі тыңдарман көңілін тапқан. Бүгінде ақсақалдың немерелері мен немере інілері сыбызғышылыққа әуестеніп жүр. Оларға қазыналы қарттың сарқыты қонуын тілейміз. Кәлек ақсақал 2012 жылы 80 жасқа толды. Шанақ Ауғанбаевтың 100 жылды­ғы сынды Кәлек Құмақайұлының да мерейтойы атаусыз қалды. Өскемендегі өнер колледжінің мұғалімі, музыкатанушы Қарлығаш Қасейінқызы аталған мерейтойларды ұштастырып, облыс орталығында әдемі сыбызғы кешін өткізу жобасын әзірлегенін, алайда, оған қаржының тапшылығы қолбайлау болғанын айтады. Осыдан отыз шақты жыл бұрын Моңғолиядан сыбызғы мұрасын сақтаушы ретінде Алматының мемлекеттік консерваториясына шақырылған Кәлек Құмақайұлының бір сыбызғысын сол кезде консерваторияның қобыз сыныбында үшінші курста оқып жүрген студент Талғат Мұқышев аттай қалап алып қалыпты. Арада біраз жылдар өткенде сол шәкірті консерваторияда тұңғыш рет сыбызғы сыныбын ашарын ол кезде екеуі де білмеген еді. Талғат Мұқышев – диплом алған тұңғыш қазақ сыбызғышысы. Тарбағатай өңірінің Ақсуат ауы­лын­да туған. Оның «дипломды сыбызғышы» болуы­ның жайы мынадай. Тәуелсіздік алған жылдары консерватория ректоры Дүйсен Қасейінов, бөлім меңгерушісі Айтқали Жайымов, Досмұхамбет Тұяқбаев «Сыбызғы аспабын қайта жаңғырту керек болып тұр. Башқұртстанда сыбызғының үлкен мектебі бар. Сонда оқуға ыңғайың келе­тін сияқты. Қалай қарайсың?» деп Талғатқа Башқұртстанға бару жөнінде ұсыныс жасайды. Осылайша, 1995 жылы Уфа консерваториясын тәмамдап, қазақтың музыка тарихында тұңғыш рет сыбызғы саласы бойынша диплом алған Талғат, елге оралған соң Құр­ман­ғазы атындағы консерватория­да сыбызғы класын ашып, шәкірт тә­р­биелей бастады. Бірақ екі жылда бір қабылдайтындықтан, осы күнге дейін 15 бала ғана сыбызғышы мамандығын меңгеріп шыққан көрінеді. Қуанарлығы, жуырда Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінде сыбызғы сыныбы ашылған екен. Талғаттың авторлығымен алғаш рет әр еңбекте пышырап жүрген 40-тан астам сыбызғы күйі «Сыбызғы сазы» жинағында топтас­тырылып жарық көрді. Сыбызғы – қазақтың өнері. Қазақ пен башқұрттан өзге еш ұлт сыбызғы тарта алмайды. Башқұрттар сыбызғышыны «қурайшы» дейді. Бірақ оларда дәріп­телуі біздегідей кемшін емес. Құ­ла­ғына саз қонатын башқұрт баласына мектеп жасынан бастап қурайшылық үйретіледі. Қазақстанда бұл рөлді домбыра атқарады. Әйтсе де, елімізде сыбыз­ғының аз болса да таралып, кейінге дейін сақталып келген өңірі – шығыс. Көне дастандардың бірі «Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы» «Қош, есен бол» күйі де осы өңірде сақталып, сыбызғыда тартылып жүр. «Мәңгілік сарын» сияқты үлкен жобалар арқылы таспаға жазылып, еліміздің әр түкпірінде өтетін этнографиялық кештердің, соның ішінде Өскемендегі «Мәңгілік мұра» Алтай-Тарбағатай күй өнері фестивалі, Катонқарағай ауданындағы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» этнофестивалі басқа да музыканттармен бірге сыбызғышылардың басын қосып жатқанымен, әр өңірден білікті, кәсіби өнерпаздарды тауып, тәрбиелеу кезегі келді. Сондай-ақ, бірді-екілі көнекөз сыбызғышылардың ұлтымыздың жауһар өнерінің шырақшысы болған аса ірі еңбегін көзі тірісінде ескерусіз қалдырмағанымыз жөн болар еді. Дәріпті өнер мен өнерпаз ұлттың мәртебесін өсіреді. Думан АНАШ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. ӨСКЕМЕН.
Соңғы жаңалықтар