Қазақстан • 27 Қараша, 2021

Брюссельде Қазақстанға инвестиция салу перспективалары талқыланды

330 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бельгия Корольдігіне ресми сапары аясында 20-дан астам ірі еуропалық компания басшылығының қатысуымен «Қазақстан - Бельгия - Люксембург: инвестициялық ынтымақтастық перспективалары» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Kazakh Invest баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Брюссельде Қазақстанға инвестиция салу перспективалары талқыланды

Сапар аясында ірі бельгиялық компаниялардың басшыларымен Қазақстанда бірқатар перспективалы инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері бойынша нақты келіссөздер жүргізіліп, бірқатар коммерциялық құжаттарға қол қойылды.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді өзінің құттықтау сөзінде Бельгияның бизнес қауымдастығын өзара тиімді ынтымақтастыққа, Қазақстан аумағында бірлескен өндірістер құруға, сондай-ақ екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа нысандарын бірлесіп іздеуге шақырды. Сонымен қатар, ол АӨК, ТМК, ЖЭК, құрылыс және т. б. қоса алғанда, ҚР-дағы басым салалардың мүмкіндіктері туралы айтып берді.

«Қазақстан бүгінде өнеркәсіптің барлық салаларында өзара тиімді бизнес үшін жаңа және үлкен мүмкіндіктер беретін зор инвестициялық әлеуетке ие. Елдеріміздің іскерлік орталары қазірдің өзінде белсенді ынтымақтасып, бірлескен жобаларды іске асыруда. Бұл шетелдік бизнес тарапынан Қазақстанға деген жоғары сенімнің белгісі», деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді.

«Kazakh Invest» ҰК Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов Қазақстандағы іскерлік ахуал туралы, сондай-ақ оның инвестициялық мүмкіндіктері туралы толығырақ айтып берді. Өз сөзінде ол дөңгелек үстелге қатысушыларды Қазақстанның экономикалық дамудағы жетістіктерімен, Қазақстан-Бельгия инвестициялық ынтымақтастығының перспективалық бағыттарымен, сондай-ақ елдегі инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту үшін ҚР Үкіметі қабылдап жатқан шаралармен таныстырды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қазақстандық Olzha Argo Trade компаниясы 16 млн АҚШ доллары сомасына Vandeputte компаниясымен Қазақстаннан Бельгияға зығыр жеткізу туралы келісімге қол қойды. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы сауда палатасы Брюссель BECI Сауда-өнеркәсіп палатасымен және Фландрия VOKA сауда-өнеркәсіп палатасымен екі меморандумға қол қойды.

л

Сондай-ақ, іс-шара аясында ҚР СІМ Инвестициялар жөніндегі комитетінің, «Kazakh Invest» ҰК басшылығы әлеуетті және іске асырылып жатқан инвестициялық жобалар бойынша бельгиялық тараппен бірқатар B2B кездесулер өткізді.

Мәселен, еуропалық ірі құрылыс материалдарын өндіруші Soudal басшылығымен кездесу аясында қазақстандық тарап Қазақстандағы қызметті кеңейту мүмкіндігін ұсынды. Айта кетсек, келесі жылы компания Батыс Қазақстан облысының өңірлерінде бірқатар өкілдіктер ашуды жоспарлап отыр.

Бұдан басқа, спутниктік операторлар арасында айналым бойынша әлемде екінші орын алатын SES компаниясымен кездесуде инвесторлар цифрландыру саласындағы бірқатар жобаларды іске асыруға мүдделі екенін хабарлады.