Қазақстан • 28 Қараша, 2021

Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі

3598 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы жас ұрпаққа жолдаған Үндеуінде тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті екендігін баса айтты. Елбасы: «Жер жүзінде өз алдына дербестігі жоқ қанша ұлт пен ұлыстың барын ескерсек, еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық. Конституцияны қастерлеу, мемлекеттік тілді білу, ұлттық құндылықтарды қадірлеу – әр азаматтың парызы. Бірлігімізді арттырып, ынтымағымызды күшейтсек қана елдігіміз нығайып, егемендігіміз баянды болады», деді.

Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Ол – қазақ тілі

Биылғы Жолдауында Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев та мемлекеттік тілдің елді бірік­тіретін күшке айналуы тиістігін мәлімдеді. «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мә­нінде, білім мен ғылымның, мә­дениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы, мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп ке­леді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің бас­ты үрдісі. Сондықтан, қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», деді Президент. Жүйелі жұмыстардың арқа­сында мемлекеттік тілді дамытуда қол жеткі­зіл­ген табыстар аз емес. Дегенмен мем­ле­кеттік тілдің мәртебесіне қатысты ел ішінде көңіл толмаушылықтардың бар екендігі рас.

Тіліміз бастан кешіп жатқан мәселелерді шешу үшін көптеген жобалар қолға алынды. Соның бірі – Халықаралық «Қа­зақ тілі» қоғамы. Қазақ тілі ұйымы Тәуел­сіз­діктің таңында 1989 жылы Алматы қаласында өткен I құрылтайда құрылды. Ал 1992 жылы Ал­ма­тыда өткен II құрылтайға Ел­ба­сы арнайы қатысып, сөз сөй­леді. Бұл құрылтайда жұртшы­лықтың ұйғарымы бойынша рес­публикалық ұйым халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы деген жаңа мәртебе иеленді.

Өткен жұмада «Қазақ тілі» қо­ғамының Түркістан қаласында VI құрылтайы өтті. Бұл жиын­да қазақ тілі мәртебесінің 30 жылда қаншалықты өскені сарап­талып, нақты шешімдер қабылданды. Маңызды жиынға республиканың түкпір-түкпірінен 60-қа жуық делегат шақырылды.

Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәжіліс депутаттары, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен тіл жанашырлары қатысты. Құрылтайда Қ.Көшербаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылтайға арналған құттықтау хаттарын оқып берді.

– Бұл ел басшыларының ана тілімізге деген көзқарасы мен қамқорлығын көрсетсе керек, – деген Мемлекеттік хатшы:

– Тіл мен Ұлт – егіз ұғым. «Ұлт­тың сақталуына да, жоға­луына да себеп болатын нәр­сенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жо­ғалған жұрттың өзі де жоға­лады» дейді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы. Ұлы реформатор ғалымның бұл сөзі – ешқашан мәнін жоғалтпайтын даналық. Ахаң айтқан сөздің ақиқат екенін ЮНЕСКО-ның аясында өтетін «Халықаралық ана тілі күні» басқосуында лингвист ғалымдар да қуаттады. Ғалымдар әрбір екі апта сайын жер бетінен бір тіл­дің жойылатынын дәлел ре­тінде келтіріп отыр. Осыған қа­рап, әлемдегі 7 мыңға жуық тіл­дің ғасыр соңына қарай жартысы жоғалуға таяу деп болжам айтты, – деді. Мемлекеттік хатшы құрылтайдың не­ліктен Түркістан қаласында өтіп жатқанына да тоқталды.

– Бұл құрылтайды Түркістанда өткізуімізде мән бар. Елбасының тарихи шешімімен Түркістан об­лысы құрылып, Түркістан қа­ласы облыс орталығы ретінде дамып келеді. Қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Сіздер – ел алдында жүрген азаматсыздар. Елорданы көріп жүрсіздер, бұл жолы Түркістанның жаңа келбетін көрсін, қуансын деп құрылтайды осында ұйымдастыруды жөн көрдік, – деген Қ.Көшербаев қазақ тілінің маңызына ерекше тоқталып өтті. Мемлекеттік хатшының айтуынша, кей азаматтар жаңсақ түсініктен әлі арыла алмай келеді.

– Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­­­­­да­рында­ Тұңғыш Прези­ден­т – Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың бастамасымен бүкілхалықтық референдум негізінде қабылданған Конс­ти­туцияға сәйкес қазақ тіліне Мем­лекеттік тіл мәртебесі берілді. Алайда бүгінгі қоғамда кейбір азаматтардың Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы «Қа­зақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген құқықтық норма бола тұра, келесі тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген сөйлемді негізге алып, «бізде екі мемлекеттік тіл бар» деген жаңсақ түсінікте жүргені де бай­қалады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бұл мәселеге нүкте қойды. Қазақстан халқына арналған Жол­дауында айтылғандай: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», деді Қырымбек Елеуұлы. Мем­лекеттік хатшы баяндама­сында нақты статистикалық мәлі­меттер келтіріп, қазақ тілінің даму көрсеткішіне тоқталды.

– Салыстырар болсақ, 1991-1992 жылдары балабақшаның 25 пайызы ғана қазақ тілінде еді. Қазіргі уақытта балдырғандардың 76 пайызы қазақ тіліндегі топтарда тәрбие мен білім алуда. Ал мектептерде қазақ тіліндегі оқушылардың үлесі бар болғаны 33,6 пайыз болса, бұл күнде ол 65,6 пайызға жетті және бұл динамика ілгерілеу жолында. Бір кездері Алматыда бар болғаны екі-ақ қазақ мектебі, қазіргі астанада ана тілімізде білім беретін бір ғана мектеп болғанын ешкім ұмыта қоймаған шығар деп ойлаймын. Сол сияқты колледждер мен университеттердегі қазақ бөлімдерінің саны едәуір көбейіп, қазір 65,3 пайызға жетті. Яғни білім берудің барлық салаларында қазақ тілі басымдыққа ие болды. Мемлекеттік органдар арасындағы қазақ тіліндегі құжат айналымы 2008 жылы 50 пайыз болса, қазір қазақ ті­лін­дегі шығыс құжаттарының үлесі шамамен 94%-ды құрайды. Әрине, құжаттарды орысша да­йын­дап, соңына қазақша аудар­ма­сын ілестіріп жіберетін көз­бояу­шылықтың барын да ашық айтуымыз керек. Алдағы уақытта іс қағаздарының мемлекеттік тіл­де дайындалуын қадағалауды күшейткен дұрыс. Бұл мәселеге қоғам да атсалысуға тиіс. Ұлттық жоба аясында 23 миллион тіл үйренушісі бар «Лингуалео» (LinguaLeo) білім беру платформасына қазақ тілін оқыту курс­тарын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар қазақ тілі ұлттық корпусының мәтіндік базасын құру жұмысы қолға алынып отыр. Бүгінде корпустағы сөз қолданыс саны 14 миллионға жетсе, 2025 жылы 40 миллионға жеткізу жоспарлануда, – деді Қырымбек Көшербаев. Сондай-ақ ол қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту үшін маңызды жұмыстар жалғасатынын, елді біріктіретін фактор мемлекеттік тіл екенін атап өтті. Президент Әкімшілігі мен ел Үкіметі тарапынан қазақ тілінің мәртебесін көтеруге барынша қолдау көрсетіле беретінін мәлімдеді. Құрылтайда латын гра­фикасына көшу мәселесі де елеу­сіз қалған жоқ.

– Бұл орайда Елбасының «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасында латын графикасына негізделген қазақ әліпбиіне 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшу міндеті белгіленгені мәлім. Аталған міндетті орындау елі­мізде тіл реформасын жүзеге асы­руға мүмкіндіктер береді. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесінің отырысында: «Біз­ге қазақ тілін реформалау қа­жет, егер қаласаңыз, тілімізді жаң­ғырту керек» деген еді. Жаңа әліп­биге көшу, тіл реформасын жүзеге асыру – еліміздің ішкі сая­саты саласындағы аса маңыз­ды тың жоба. Үкімет осы бағыт­тағы ұйымдастырушылық жұмыс­ты зор жауапкершілікпен атқа­руға тиіс. Басқаша айтқанда, қа­зақ тілі өзінің табиғи, тұмса қалы­бына қайта оралуы үшін осын­дай реформа жасауымыз керек. Президент мемлекеттік тілді оқып, үйренудің, қазақ тілін ғылым мен мәдениет тіліне айнал­ды­рудың аса маңызды екенін баса айтты. Бұл орайда тілді үйретуде білім саласының орны ерекше, – деді Қырымбек Елеуұлы.

Қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен әйгілі Әлихан Бө­кей­хан «тірі болсам қазаққа қыз­мет қылмай қоймаймын» деп ұлт мүддесін қарақан басының қамы­нан жоғары қойды. Елімізде Әли­хан Бөкейхандай ұлттық ұста­нымына берік азаматтар көбейсе, мемлекеттік тіл мәселесі тез ше­шімін табар еді десек болады.

Мемлекеттік хатшының айтуынша, тіл саласында проблемалар да бар. Мемлекеттік тілдің қолданысына байланысты даулар, түсінбеушіліктер орын алып жатқанын да көріп отырмыз. Бұлар негізінен қызмет көрсету саласына, көрнекі ақпарат, жарнамаға байланысты өрістеп жүр. Қазақ­ша мәтіні қате немесе тек бір тіл­де ғана орналастырылған көр­некі ақпарат, жарнама қоғам тара­пынан үлкен сынға түсіп, мем­лекеттік органдарға түсетін ша­ғымдар көбейді. Мәселен, тек 2019 жылдың өзінде 12 900 адам шағымданған. Шағымдарға жүр­гізілген талдау барысында жарнама, көрнекі ақпарат мәтіндерінде грамматикалық, стилистикалық қате­лердің көп жіберілетіні анық­талды. Осыған орай «Қа­зақ­стан Рес­публикасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы Пар­ла­ментке енгізіліп, бүгінгі күнде Сенатта қаралып жатыр.

Осы уақытқа дейін қала­лары­мызды «Қарағанды – Караганда», «Шым­кент – Чимкент», «Түр­кістан – Туркистан» деп екі тіл­де қосарлай атайтынымыз жұрт­тың ашуын туғызатын. Енді заң қабылданған соң Қарағанды, Шымкент, Түркістан деп тек бір тілде, қазақ тілінде ғана жазы­лады. Басқа елді мекендердің атауына қатысты да осылай болмақ. Сол сияқты ендігі жерде заңға енгізілетін өзгерістерге сәйкес, халықаралық автожолдардан басқа жерлердегі жол бел­гілері тек қазақша жазылады. Заң мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге де бірқатар мүм­кін­діктер ашады. Заң жобасында, мысалы, мемлекеттік емес ұйымдардың маңдайшалары мен бланкілерін, жарнаманы, баға көрсеткіштерін, басқа да көр­не­кі ақпаратты тек мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда ғана орыс және басқа да тілдерде жазу жөніндегі нормалар қолдау та­уып отыр. Бұрын қажет болса да, болмаса да, тіптен тек қазақтар ғана тұратын ауылдардың өзінде екі тілде жазу талабы болып кел­ге­нін білесіздер. Міне, осылайша, заңдарымызды жетілдіре отырып, мемлекет тілдің қажеттілігін, оны сақтау талабын азаматтардың құқықтарына нұқсан келтірместен арттыруымыз керек.

Жиын барысында Мемлекеттік хатшы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына жа­ңа серпін беру мақсатында келе­сідей жеті міндетті жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды.

– Біріншіден, қазақ тілінің қолданылу аясын одан әрі кеңейту және оның қоғамдағы рөлін арттырудағы маңызды рөлін ескере келе, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының елордаға көшірілуі және өңірлердегі филиал­дарын кеңейту, материалдық базаларын нығайту, электронды ресурстарын дамыту маңызды. Қоғамның маңызды қызметінде мемлекеттік тапсырысты игеруге мүмкіндігі болғаны жөн. Бұл мәселеге Үкімет және жергілікті атқару органдары көмектесуге міндетті.

Екіншіден, Қоғам еліміздегі саяси партиялармен, мемлекеттік емес ұйымдармен қоян-қолтық жұмыс атқарып ықпалды ұйымға айналуы керек. Сонымен бірге, мәслихаттардың және қоғамдық кеңестердің жұмысына араласып, халық сайлаған мемлекеттік органның мүмкіндіктерін қазақ тілінің қолданыс аясының ке­ңеюі­не бағыттағаны абзал.

Үшіншіден, Мемлекет бас­шы­сының қазақ тілін қолдау сая­сатын кеңінен насихаттап, латын графикасына ауысу аясында қоғамдық қолдау жұмыстарын жүргізуге тиіс. Сонымен бір­ге «Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамы тіл тақырыбынан бө­лек ұлттық жаңғыру, рухани да­му, ұлттық мүдде мен намыс мәсе­лелері бойынша да жұмыс жүр­гізуі керек.

Төртіншіден, қазақ тілінің қолданылу мәселелері қоғамда үлкен өзектілікке ие және қызу талқылануда. Әр түрлі қоғамдық ұйымдар қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, қоғамдағы рөлін арттыруды белсенді талап етуде. Осы саладағы қоғамдық ұйымдар бытыраңқы, яғни олардың жүйелі, әрі бірыңғай ұстанымдары жоқ. Сондықтан аталған ұйымдарды «Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ға­мының төңірегіне біріктіру қажет. Бұл өз кезегінде аталған ұйым­дармен тіл саласындағы заң­нама мен мемлекеттік саясат­тың негізгі бағыттарын түсін­діру бойынша түрлі оқыту-ұйым­дас­тырушылық іс-шаралар өткізу­ге және заң аясында жұмыс жүр­гізуге мүмкіндік береді.

Бесіншіден, тағы да нақтылап айтарымыз, нарық заманында қоғамның қалыпты жұмыс істеуі үшін қаржыландыру мәселесі шешілгені жөн. Бұл мемлекеттік тап­сырыстар және гранттар негі­зінде жүзеге асырылады деп ойлаймын.

Алтыншыдан, шет мемлекет­терде тұрып жатқан қандас­та­ры­мыздың қазақ тілін меңгеруін қо­ғамдық деңгейде қолдау. Осы ба­ғытта «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының «Отандастар» қо­­рымен өзара іс-қимылын ны­ғай­тып, олардың бірлескен бел­сен­ді қызметін ұйымдастыру қажет.

Жетіншіден, біздің ойымыз­ша, жаңа атап өткенімдей, «Ха­лық­аралық «Қазақ тілі» қоға­мының бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласында болғаны жөн. Бұл Қоғамның елдің даму тынысын сезіне отырып жұмыс істеуіне ықпал етеді. Жеме-жемге келгенде мемлекеттік тілге қатысты биліктің де, Қоғамның да мүд­десі бір, – деді Қырымбек
Елеуұлы.

Құрылтайда «Қазақ тілі» қоғамының атқарған жұмысы бойынша Орталық кеңесінің есебі тыңдалды. Сонымен бірге қоғамның жаңа бағдарламасы мен жарғысы қабылданды. Деле­гаттардың ашық дауыс беруі ар­қылы халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті болып Мәжіліс депутаты Берік Әбді­ғалиұлы сайланды. Ал вице-прези­дент лауазымдары Максим Ро­жин мен Анар Фазылжановаға тап­сырылды.

Жиында қоғамның құрыл­тайлар аралығындағы басшы органы болып табылатын Орталық кеңестің жаңа құрамына депутаттар мен филиал төрағалары және зиялы қауым өкілдерінен құралған 47 адам сайланды. Ал Орталық кеңес басқармасының жаңа құрамына 18 адам сайланып, қызметке кірісті. Құрылтай барысында өңірлерде қоғам фи­лиалдарының жұмысы күшей­тіліп, бас кеңсе Алматыдан Нұр-Сұлтанға көшірілетіні айтылды. Бас ұйым мен филиалдардың жұмыс жоспары бекітілді. Сондай-ақ жиын барысында «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі Қызылорда облыстық филиалының төрағасы С.Аңсат «Парасат» орденімен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, ғалым А.Фазылжанова «Құрмет» орденімен марапатталды. Оларды Мемлекеттік хатшы арнайы марапаттап, қазақ тіліне қосқан үлестері үшін алғысын білдірді. Ол құрылтайды:

– Тәуелсіздігіміздің баянды­лы­ғы мен тұрақтылығының кепілі – қоғамдық келісім. Оны сақ­тау мемлекеттің ішкі және сырт­қы саясатымен тікелей байла­нысты. Ұлттық даму, эконо­ми­калық жетістіктер, мемлекеттің имиджі сияқты аса маңызды фак­торлардың негізінде тұрақтылық тұратынын өздеріңіз жақсы бі­ле­сіздер. Тіл мәселесі де осы қа­тардағы маңызды құндылық, мәнді мәселелердің бірі. Сол се­бепті мемлекет бұл бағытта ра­­дикалды емес, эволюциялық өзгерістерге айрықша мән беруге міндетті. Геосаяси жағдай біз­ден осыны талап етеді. Оны ес­­кер­меуге болмайды. Кезінде Олжас Сүлейменов айтқандай, «Кең даланы асқақтатып, тауларды аласартпай» әрекет еткеніміз дұрыс. Данышпан Абайдың: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» дегені ұлттық тұтастығымыздың ұраны десек, бірлігіміздің бәсі, берекеміздің ар­қауы – тіліміздің төрде болуы­на әрқайсымыз атсалысып, аза­маттық борышымызды атқар­ға­нымыз абзал, – деп қорытын­ды­лады.

 

Түркістан облысы