Аймақтар • 29 Қараша, 2021

Театр құрылысы қайта жанданды

239 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қызылжарда қазақ драма теат­ры тұңғыш рет 1935 жылы ашылып, республикадағы алғашқы сауық орындарының бірі болған еді. Ол кездегі халық бала-шағасына дейін шұбырып барып, ойынды қызықтайды екен. Алайда олардың өнерге деген сусауы қанбады. Кеңес өкіметі театрды 1938 жылы толықтай жауып, барлық труппасын тұтастай сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырау қала­сы­на көші­ріп жіберген. Сылтаулары – «Петропавлда қазақтың саны аз, аз халыққа театр керек емес» болған. Осының өзі қуғын-сүргіннің адамдарға ғана қатысты емес, халықтың өнеріне, тіліне, әдебиетіне, тарихына да қатысты болға­нының бір көрінісі.

Театр құрылысы қайта жанданды

Содан бері қазақ өнеріне деген сал­қын көзқарас, көзге ілмеушілік Петропавлдың жергілікті билігін­де Тәуел­сіздік жылдарына дейін жал­ға­сып кел­ді. Облыстық филар­мо­ния­­ның жанынан құрылған қазақ тобына да қолдау білдірілмей, ақыры өнерпаздары да тарап кеткен. Кейбір ауданда болмаса, қаланың өзінде бас­қа бірде-бір қазақ өнерінің ұжы­мы бол­ған жоқ. Айтулы салтанатты ша­ра­ларда, облыс деңгейіндегі үл­кен кон­­церт­терде қазақша 1-2 нө­мір қосып, көзді алдайтын. Соның ішін­­­де дом­бы­раға деген кекірттік те қа­лып­­тас­қан. Оны сахнаға шығарудан «ұя­­лып» қалатын көзқамандар кездесті...

Тек 2000 жылы, жазушы Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына орай қаламгердің аты берілген қазақ сазды-драма театры көрермендерге есігін ашқан еді. Басқа мүмкіндік болмаған шығар, оған Энергетиктер сарайының ескі ғимараты берілген. 200 орындық шағын ғимарат көрермендердің де, өнерпаздардың да талғамына сай болмаса да халық соған ырза болып, 20 жыл бойы барып жүрді.

2018 жылы Солтүстік Қазақстан­ның әлеуметтік-экономикалық даму жоспары бекітіліп, өмірдің барлық саласына қаржы құйылғанда өнерге де көңіл бөлініп, 2019 жылдың басында 500 орындық жаңа қазақ театрын салу қолға алынған. Қызылжарда саны да, сапасы да артқан қазақ қауымы бұған қатты қуанған еді. Қаланың «Жас өркен» атты жаңа шағын ауданынан бой көтерген құрылысқа шу дегенде 2,9 млрд теңге қаражат бөлінді деп жарияланды. Тіпті ішіне қойылатын жабдықтар еуропалық елдерден алынатын болды деген сөздер айтылған. Алып құрылыстың аумағы да атшаптырым, 13 мың шаршы метрден асқан. Ашылу салтанатына өнер жұлдыздары келетіні де айтылды. Құрылыс жұмыстары қауырт басталып, қабырғасы аз уақытта тұрғызылған еді. Бірақ... 2019 жылдың соңына қарай беріледі деген сол құрылыс бірте-бірте саябырсып, ақыры тоқтап тынды.

Мәселе 2019 жылдың жазында бас­талған. Сол кезде облыс әкімі Құ­мар Ақсақалов театр құрылысының екін­ші кезеңі басталғанын, алайда мер­­дігер ұсынған ішкі дизайн жобасы қа­нағаттандырмайтынын айтқан бола­тын.

– Театрға кірген адам өнер ғажайы­бы­ның ортасына түскендей болуы керек. Мұндағы атмосфера адамды бірден баурап алып, күнделікті тірліктің күйбеңінен биіктете білсе ғана өзінің мақсатына жетеді. Ал біз мына жерден кәдімгі қарапайым құрылыстардың бірін ғана көріп тұр­мыз, – деген еді әкім алғашқы кезеңнің нәтижесін қабылдау комиссиясын бастап келгенде. Сонымен қатар әкім адамзат тарихында тұң­ғыш рет жылқының осы өңірде ауыз­ды­қ­талғаны облыстың әлемдік ерек­шелігі екендігін, сондықтан театр­дың кең дәлізінде бұл оқиға бейнеленгенін қалайтынын айтқан. Бұл талаптардың бәрін де жобалаушылар ескермеген екен. Сөйтіп, театр құрылысының екінші кезеңі жоғары­да айтқанымыздай тоқтап, жобасы Алматының «Акцепт СК» ЖШС-іне жетілдірілуге жіберілді. Жобаны жетілдіру дегеніміз ақшаға келіп тіре­летіні белгілі. Егер жобалық-смета­лық құны құрылыстың 10 пайызынан асса, онда бәрін де қайтадан қарауға тура келеді. Сондықтан оның жетілдірілген сызбасы ғана емес, іске асыратын ақшасы да қайта қарастырылған. Оның үстіне бұл кезде құрылыс материалдары да қымбаттап кетті. Міне, осы кедергілердің бәрін еңсеріп, қайтадан сараптамадан өткізу оңай болған жоқ. Оған бір жылға жуық уақыт кетті. Бұл екі арада біраз дау-дамай да болды. Тапсырыс беруші жақ мердігер компаниядан бас тартуға да талаптанды. Алайда басқа компания оңай табылмай, іс келісіммен шешілген.

Жуырда жетілдірілген жоба аяқ­та­лып, бұрынғы астаналық DBK Engeneering ЖШС театр құры­лысын қайтадан жүргізе бастады. Құрылыс учаскесінің бастығы Ерлан Өмірхановтың айтуына қарағанда, қазір 14 адам жұмыс істеп жатыр. Алайда дүрілдеген техника, жарқ-жұрқ еткен дәнекерлеу жұмыстары, шаң-шұң еткен құрылысшылар дауыстары естілмейді. Ол осы аптада тағы 35-40 адамның жұмысқа тар­тылатынын айтты. Сол кезде жұ­­мыс қы­за­тынына сендірді. Құры­­­­лыс жұмыстарының аяқталуы 2022 жылдың қараша айына бел­гі­лен­ген. Демек, алғашқы үміт­тен кейін үш жылдан соң ғана солтүс­тікқазақстандықтар тамаша театрдың есігін ашпақ.

Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік-экономикалық дамудың екінші кешенді жоспары бойынша 2025 жылға дейін 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй салынбақ. Облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевтің айтуына қарағанда, атал­ған құрылысқа жыл сайын 12 млрд теңге қаражат бөлінеді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы