Аймақтар • 29 Қараша, 2021

Ақынын Арқа алақанға салды

580 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл жетпіс жастың желкенін керген ақын, айтыс өнерін көкке өрлеткен көрнекті тұлға, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман туған өлкесіне келіп, өзінің «Ұлытауға бардың ба?» атты музыкалық-әдеби кешінде жырсүйер қауыммен қауышты. Сол күннің ертесінде Кеншілердің мәдениет сарайында республикалық ақындар айтысы дүркіреп өтті.

Ақынын Арқа алақанға салды

Кеш шымылдырығы мерейтой иесінің өмірі мен шы­ғар­­машылығы жайлы сыр шерткен деректі фильммен ашылды. Одан кейін ақынның сиясы әлі кеуіп үлгермеген «Ұлы­таудан – Алатауға» ат­ты жаңа кітабының тұсауы кесілді.

Жетпістегі Жүрсін Ерманды алғашқы болып облыстың әкімі Жеңіс Қасымбек құттықтады.

– Сіз қазақтың төл өнері – айтыстың қара нарысыз. Бұл – елдің берген жоғары бағасы және бар қазақтың берген батасы деп сенемін. Өміріңіздің елу жылын осы айтысты жаң­ғыр­туға, дамытуға арнап, оны насихаттаумен келесіз. Айтыс пен сіздің есіміңіз синонимге айналды. Қаламыңызға – қуат, шығармашылық табыс тілеймін, – деген облыс басшысы мерейтой иесінің иығына шапан жауып, лайықты сый-сияпатын жасады.

Сонымен бірге, ақынды әй­гілі актер, кино және театр режиссері, Қазақстанның Ең­бек Ері  Асанәлі Әшімов баста­ған бір топ зиялы қауым өкілі арнайы келіп құттықтады. Олар­дың арасында Қазақстан Жазушылар одағының төраға­сы Ұлықбек Есдәулет, Несіпбек Айтұлы, Алтынбек Қоразбаев, Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Аманжол Әлтаев сынды белгілі азаматтар болды.

Мерейтой иесінің кешін ақын, Мәжіліс депутаты Жа­нар­бек Әшімжан ашып, жүр­гізіп отырды.

Музыкалық-әдеби кеш барысында Сәкен Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ театры­ның әртістері ақын Жүрсін Ерман­ның танымал өлеңдерін жатқа оқып, жырсүйер қауымның ілтипатына бөленді. Сонымен бірге сахнада жергілікті өнер­паз­дар сөзін мерейтойы иесі жазған әндерді шырқап, көрер­­меннің құлақ құрышын қан­дырды. Әсіресе, кино ж­ә­не театр өнерінің абызына ай­нал­ған Асанәлі Әшімовтің және белгілі сазгер Алтынбек Қоразбаевтың орындауын­дағы жаңа әндер әнсүйер қауымды айтып жеткізгісіз әсерге бөледі.

Шығармашылық кеш өткен күннің ертесінде қаладағы Кеншілердің мәдениет сарайында ел есімдеріне жақ­сы қанық 16 ақынның қаты­суы­мен Жүрсін Ерманның 70 жылдығына арналған рес­публикалық ақындар айтысы өтті.

Жыр бәйгесінде ақындар мерейтой иесін мақтаумен ғана шектелмей, қазіргі қоғамды алаңдатып отырған бірқатар мәселелерді де батыл айтты. Тоғыз сағатқа созылған айтыс­ты ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаевтың шебер жүргізгенін айта кеткен ләзім.

Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының шешімімен ақындар айтысының бас жүл­десі Жезқазған қаласынан ке­ліп бақ сынаған Төлеген Жа­ма­новқа берілді.

Батыс Қазақстан облысы­ның ақын қызы Жансая Муси­на бірінші орынға тігілген жүлдені жеңіп алса, екінші бәй­гені үш бірдей ақын – Ерке­бұлан Қайназар, Айтбай Жұ­мағұл және Қалижан Білдаш өзара бөлісті.

Бес айтыскер үшінші жүл­деге лайықты деп танылды. Олардың қатарында  Әсем Ереже, Бауыржан Шир­медин­ұлы, Шалқарбай Ізбасаров, Тілеген Әділов және Өміржан Көпбосынов болды.

Сонымен қатар бір топ ақын­ға атаулы сыйлықтар бе­­ріл­­ді. Мысалы, Мұхтар Ния­­зовқа Доскей Әлімбай атында­ғы арнайы жүлде бұйыр­са, Кө­шен Елеу атындағы сый­лыққа Керекудің ақыны Ас­панбек Шұғатаев ие болды. Сон­дай-ақ Алматыдан келген Қазан Бердіхан Қасым Аман­­жолов атындағы арнайы сыйлықтың, Ақтөбенің ақы­ны Марат Ахметов Шашубай Қошқарбайұлы атындағы сый­лықтың және түркістандық Бекарыс Шойбеков мерейтой иесі Жүрсін Ерман атындағы сыйлықтың иегері атанды.

Жеңімпаз және жүлдегер ақындарға арналған жүлде қоры да қомақты болды. Мыса­лы, бас бәйгені жеңіп алған Төлеген Жамановқа 3 мил­лион теңгенің сертификаты табыс етілді.

Сонымен Ұлытаудан түлеп ұшып, Алатаудың қиясына қанат қаққан  ақиық ақын, қай­раткер тұлға Жүрсін Ер­ман­ның мерейтойы туған то­пырағында  жоғары деңгейде ұйымдастырылып,  есте ұзақ сақталатындай дәрежеде өтті. Жетпіске жасы келген ақын сахнаның төрінде тұрып, өзінің мерейін өсіріп, мәртебесін арттырған жерлестеріне, бар­ша қауымға басын иіп, алғы­сын айтты.

 

ҚАРАҒАНДЫ