Елбасы • 30 Қараша, 2021

Ырысты ынтымақтың ұйытқысы

7482 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасының жаһандық бастамалары туралы айтқанда түбі бір түркі дүниесінің ынты­мақтастығына қосқан өлшеусіз үлесі­не тоқталмай өту мүмкін емес. Сондық­тан бүгінгі сөзіміз осы тақырыпқа арналады.

Ырысты ынтымақтың ұйытқысы

Алып бәйтеректей терең тамыры құрлық­тарға жайылған түркі әлемін ғасырлар тоғы­сында түрлендіріп түлеткен, осылайша бауыр­лас­тық­қа жаңаша бай мазмұн берген, түркі ин­те­­гра­циясының архитекторы Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев екені жалпақ жаһанға белгілі.

Көп түріктің атажұртында жаңа мемлекет­тің іргесін қалаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті түркі әлемінің ынтымақтастығы­на әу бастан айрықша мән беріп, туыс жұрт­ты түгендеп, үзіліп қалған алтын арқауды қайта жалғады. Әуелі іргедегі ағайын елдермен достық байланыстарды арттыруға назар аударып, Орталық Азия ынтымақтастығын құру жөнінде бастама көтерді. Еуразияның күретамыры болған Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, Алтай мен Анадолының арасын жалғаған түбі бір туыс елдердің асыл мұратына жол ашты. Сонау тоқсаныншы жылдардан бері Түркітілдес мемлекеттердің алқалы басқосуларына ұйытқы болып, Түркі Кеңесі, ТүркПА, ТҮРКСОЙ, Түркі Ақсақалдар кеңесі, Халықаралық Түркі академиясы сынды іргелі ұйымдардың негізін қалап, маңызды идеяларға бастамашы болды. Осылайша, өткен ғасырда Мұстафа Кемал Ататүрік «түрік» атауын мемлекетке беру арқылы сақтап қалса, Нұрсұлтан Назарбаев ХХІ ғасырда бұл ұғымды халықаралық брендке айналдырды. Бүгінде барша жұрттың түркі дүниесі деген атау-ұғымды жатсынбай қабылдауы, бөтенсінбей бағалауы соның айғағы.

Түгел түркінің түпқазығы, әзірет қонған әз қала, киелі Түркістанды түлетті. Сондықтан Түркістанда Түркия Президенті Елбасының иығына ақ шапан жауып, қолына аса таяқ ұс­татып, оны «Түркі әлемінің лидері» деп баға­лады. Сол сияқты Бакуде өткен Түркі кеңе­сі­нің саммитінде бауырлас елдердің бас­шы­лары бірауыздан Елбасын «Түркі кеңесі­нің құр­метті төрағасы» сайлап, ұйым­ның мәр­тебелі орденімен марапаттауы Нұрсұл­тан Назар­­баевтың түркі әлеміне сіңір­ген еңбегі­нің жемісі екені анық. Таяуда Ыстан­бұлда өткен Саммитте Түркі кеңесінің «Түркі мем­ле­кет­терінің ұйымы» болып қайта құры­луы да, ал­қалы жиында «Түркі дүниесінің келе­шегі – 2040» стратегиялық құжатының қабыл­дануы да Елбасы бастамасымен жүзеге асқаны белгілі. 

Елбасының түрлі халықаралық ұйымдар­дың құрылуына бастамашы болумен қатар түркі әлемін біріктіруде және халықаралық бітім­герлік саясатта да еңбегі ұшан-теңіз. Бү­гін­де түркі жұртының кез келген күрмеуі қиын ширыққан шиеленісті шешімдерде Елба­сы­ның бітімгерлігіне арқа сүйейтіні белгілі. Күні кеше соғыс өрті басылған Қарабақ мәсе­лесінде де Елбасы әуелден бітімгерлік әділ ба­ғыт­ты ұсынып, түйткілді жайтты БҰҰ заң-қара­ры талаптарына сай бейбіт жолмен шешуге ша­қырған еді. Түркия мен Ресейдің қырғиқабақ салқындығына араағайындық еткен еңбегін де жұртшылық түгел мойындайды.

Елбасы тамырлы тарихымызды түгендеуге ерекше екпін беріп, өткеніміз санамызда сәулеленді. Халқымыздың тарихи жадысына қан жүгіріп, ел шежіресінің екінші тынысы ашылды. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» секілді кешенді бағдарламалары жүзеге асырылып, шын мәнінде рухани жаңғыруға берік негіз қаланды. Шынтуайтында бұл бастамалар қазақ халқының ғана емес, тамыры бір, тарихы ортақ түркі жұртының ұлттық жадысын оятып,  түркі әлемінің оянуына алып келді. Байқал мен Балқанның, Алтай мен Анадолының ара­сындағы Ұлы далада байырғы бабалардың өне­гелі ізі мен өміршең сөзі бүтін бітімімен жү­йелі қазынаға айналды. Осылайша, қалғып кет­кен тарихи сананы ояту, ұлттық кодтары­мыз­­ды анықтау һәм халқымызды жарқын бо­ла­шақ­қа ынталандыру бағдарламалары тұтас түркі дүниесі үшін маңызды бастамаға баланды.

Тұғырлы тұлға ғұмырлы тарихты жасаса, керісінше, тарих та тегеурінді тұлғаны тудырады. Замана көші өркениетке бет бұрған сайын кемеңгер тұлғалардың керуен жолы аласармай, уақыт өткен сайын асқақтай берері ақиқат. Себебі адамзат тарихында артына өшпес мұра қалдырып, өркениет көкжиегін кеңейтуге зор үлес қосқан тұғырлы тұлғаларымыз бүгін мен келешек ұрпақ үшін рухани азық, жол бастар темірқазық болары айқын. Біз бүгін барымызды қастерлеп, бірлікті байрақ етіп, Алаш арыстарына аңсар-арман болған бауырластығымызды бекемдей түссек, ол – Елба­сының ерен еңбегі, болат жігері, асыл мұра­тының жүзеге асқанының шынайы да айқын көрінісі. Сондықтан тарихы ортақ, тамыры бір, тағдыры ұқсас, туырлығы тұтас, туыстығы  өрісті, ынтымағы ырысты түгел түркінің тұғырлы тұлғасы, әлбетте, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев екені анық.