Қарағанды облысының әкімі әңгімесін өңірдегі эпидемиялық жағдай туралы қысқаша баяндаудан бастады.
– Соңғы айда облыс бойынша коронавирус инфекциясымен ауыру 2,3 есе азайды. Қараша айында вирус жұқтырғандар саны тұрақты көрсеткіш аясында. Соған байланысты ауруханалардағы инфекциялық орындардың жүктемесі 35%-дан 22,9%-ға дейін қысқарды, – деп атап өтті Ж.Қасымбек.
Өңір басшысы коронавирус инфекциясы азая бастаса да, пандемияның жаңа толқыны жағдайына әрқашан дайын болу керегін айтып өтті. Резервте 44 стационар мен 8 мыңнан астам медицина қызметкері бар инфрақұрылымның дайындығы қамтамасыз етілген. Бұл ретте жоспарлы медициналық көмекті толық көлемде көрсету сақталады. Облыста коронавирус инфекциясына қарсы жаппай иммундау жалғасуда. Бұл үшін облыста жеткілікті мөлшерде вакциналық препараттардың ассортименті бар. Биылғы 29 қарашадағы жағдай бойынша өңірде иммундаумен жалпы қамту 64,8%-ды құраған.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша айтқанда, облыс әкімі биылғы 10 айдың қорытындылары бойынша экономиканың барлық негізгі салалары бойынша оң көрсеткіштерге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Өнеркәсіп өндірісі 0,1%-ға өсіп, 3,4 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде, қара металлургия 12,4%-ға, жеңіл өнеркәсіп 11,9%-ға, фармацевтика 5,8 есеге өсті.
Облыс басшысының айтуынша, бүгінде өңірдегі тұрғын үй құрылысының қарқыны Тәуелсіздіктің барлық жылдары ішіндегі көрсеткіштерінің рекордтық деңгейіне шыққан. Жыл қорытындысы бойынша 662 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық. Алдағы уақытта 2 600-ден астам отбасы мемлекеттік арендалық және кредиттік тұрғын үй алады, оның ішінде 621 көпбалалы отбасы бар.
Инвестициялық тартымды өңір болып саналатын облыста 2021 жылдың соңына дейін инвестиция көлемін 740,3 млрд теңгеге дейін жеткізіп, 14 жаңа өндіріс есебінен 2 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланған. Оның жетеуі қазірдің өзінде іске қосылды.
– Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, жоспарларда белгіленген көрсеткіштерден озып келеміз деп нық сеніммен айта аламын. Негізгі капиталда 607 млрд теңгеден астам қаражат бар, оның 73 пайызы – жеке инвестициялар, – деп атап өтті спикер.
Облыста Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, моноқалалардың экономикасын әртараптандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқаны айтылды. Мысалы, Саран қаласындағы бұрынғы РТӨ зауытының алаңында «Индустриялық аймақ» құрылған. Қазірдің өзінде «Ютонг» маркалы автобустар шығаратын зауыт жұмыс істейді. Ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірге KamaTyresKZ автомобиль шиналарын шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Зауыт келесі жылдың қараша айында іске қосылмақ.
Биылғы 20 қазанда Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен Жәйрем кен-байыту комбинатының жаңа полиметалл фабрикасы іске қосылды. Кәсіпорында жылына 5 млн тоннаға жуық кен өңделеді. Жаңа фабрика моноқаланы келешекте 100 жылға дейінгі жұмыс перспективасымен қамтамасыз етеді.
Баспасөз мәслихатында өңір басшысы Қарағанды облысында «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша соңғы үш жылда 38 ауылдық елді мекенде жолдар жөнделгенін мәлім етті. Сондай-ақ өңірде 1,5 мың шақырым автожол жөндеуден өткен.
– Республикалық маңызы бар 674 шақырым трассаны және жергілікті желінің 800 шақырымнан астам автожолын реконструкциялау жалғасуда. Жалпы ұзындығы 513 шақырым болатын Қарағанды – Балқаш және Балқаш –Бурылбайтал жаңа жолымен жүру қамтамасыз етілді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, бұл жұмыстарды келесі жылға толық аяқтау жоспарланған, – деді Ж.Қасымбек.
Сондай-ақ ол келесі жылы Жезқазған – Қызылорда автожолы бойынша Қарағанды облысының учаскесінде жол-құрылыс жұмыстары басталуы тиіс екендігін хабарлады. Сапалы жол Жезқазған мен Сәтбаевтың сауда-көлік байланысын күшейтуге, сондай-ақ жүк транзитін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Ж.Қасымбек Қарағанды облысында баламалы энергия үлесінің артқанын атап өтті. Бүгінде өңірде 5 күн электр стансасы, 2 биогаз қондырғысы мен шағын ГЭС жұмыс істейді. «Жасыл» энергетиканың жалпы қуаты 200 мегаваттан асқан.
– Жаңартылатын және баламалы энергетиканың жаңа көздерін белсенді түрде салу жүріп жатыр. 228 МВт-қа 8 жоба іске асырылды. Балқаш маңында 100 МВт күн электр стансасы салынуда. Саран қаласында 100 МВт және одан жоғары жинақтауыштары бар гибридті күн стансасының құрылысы жоспарлануда, – деп мәлімдеді облыс басшысы.
Сонымен қатар ол «Жасыл» энергетика жобалары шетелдік компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылып жатқанын, құйылған инвестициялардың 100 млрд теңгеден асқанын атап өтті.
Облыс әкімі Қарағанды облысында балалардың спорт мектептеріне тегін кіруіне миллиардтан астам теңге бөлінгенін баян етті. Жан басына қаржыландыру жобасы спорттың 17 түрі бойынша секцияларға 5 мыңнан астам жас қарағандылықтарды тартуға мүмкіндік берген.
– Дене шынықтыру мен спорттың қолжетімділігі жаңа спорт алаңдарын салу есебінен қамтамасыз етіледі. Биыл облыста 13 ірі спорт нысаны салынуда. Оның төртеуі аяқталу сатысында. Аталған 4 нысан – Ұлытау ауданының Қарсақбай ауылындағы ДСК, Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентіндегі бассейн, Нұра ауданының Нұра кентіндегі көпбейінді спорт кешені және Қарағандыдағы Қанат Байшолақов атындағы спорт кешені, – деп атап өтті Ж.Қасымбек.
Облыста оқушы орындарының тапшылығы мәселесі де шешімін оңынан табуда. 2025 жылға қарай 17 мектеп салынады. Оның төртеуі биыл салынады. Бүгінде 166 ауылдық мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2025 жылға дейін тағы 299 оқу орнын жаңғырту жоспарда бар.
– Қазіргі уақытта халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар қашықтықтан және дербес жұмыс форматында оқыту үшін компьютерлік техникамен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 1- 4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар ол өңірде ерекше балаларды әлеуметтік қолдауға көп көңіл бөлінетінін айтты. Келесі жылы аутистік спектр бұзылысы бар балаларға арналған оңалту орталығының ашылатынын атап өтті.
Өңірде мал шаруашылығындағы өндірістің артуы есебінен ауыл шаруашылығында тұрақты өсім байқалады. Биылғы қиындықтарға қарамастан, дәнді дақылдардың жақсы және сапалы өнімін жинауға мүмкіндік туған.
– Биыл 940 мың тоннадан астам жоғары сапалы астық бастырылды. Оның ішінде 1 және 2 сыныпты 600 мың тоннадан астам бидай, 410,5 мың тонна картоп және 109,5 мың тонна көкөніс жиналды, – деді спикер.
Сонымен қатар астықтың, картоптың және көкөністердің резервтік және тұрақтандыру қорлары құрылған.
Облыс басшысы Қарағанды облысында орталық сумен қала тұрғындарының 98%-ы және ауыл тұрғындарының 89,9%-ы қамтылғанын атап өтті. Мемлекеттік бағдарламалар өңірдің шалғай елді мекендерінде де су мәселесін шешуге көмектеседі. Сумен жабдықтау сапасын жақсарту үшін 35 инфрақұрылымдық жоба іске асырылуда.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес, келесі жылы Үйтас-Айдос суағарын қайта жаңарту бойынша жобаны іске асыру басталады. Бұл Жезқазған тұрғындарын Қожамсейіт кен орнынан сапалы сумен қамтамасыз етеді. Ал биыл Сәтбаевты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ететін Есқұла су тартқышы іске қосылды, – деді Ж.Қасымбек.
Сонымен бірге өңір басшысы облыста газдандыру жұмыстарының жалғасып жатқанын хабарлады. Көгілдір отын Қарағанды өңірі тұрғындарының 3 мың үйіне жеткізілген. Жақында Қарағанды, Теміртау және Жезқазғанның алғашқы абоненттерін газбен жабдықтауға қосу басталмақ. Ал тарифке келсек, оның 1 текше метрі 40,8 теңгені құрайды.
Сондай-ақ Саран қаласына газ құбыры салынуда, жұмыстарды желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда. Наурыз айынан бастап Жаңаарқа, Осакаров аудандарында және Шахтинск қаласында желілер құрылысы басталады.
Қарағанды облысы