08 Мамыр, 2010

ЖҮРЕК ТҮБІНДЕГІ ОҚ

672 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Толарсақтан қан кешіп, майданның ауыр азабын кешкен жанның бірі – Ғұбайдолла Әбілмағжанов ақсақал. Ол Ақмола облысының бұрынғы Киров ауданының қазағы. Сол ауданда “Социалистік құрылыс” деген колхоз болған, Ғұбаң сол колхоздың тумасы. Бес сыныптық білімі бар ол соғысқа дейін колхоздағы жауапты жұмыстарды атқарып жүретін. Таңның атысынан күннің батысына дейін бір бітпейтін колхоз жұмысында бригадир болған ол күнұзын аттан түспей, мәңгі таусылмайтын дала жұмыстарына халықты ұйымдастыратын айғайшы еді. Ер-азаматты тегіс көгендеп, соғысқа алып кеткен жағдайда жұмыс күші азайып, бригадирді де әбден титықтата бастаған. Сондай күндердің бірінде, әуелде астық пен ет өндіру жұмыстарын ұйымдастырушыларды, колхоз басқармаларын, бригадир, мамандарды соғысқа алмаймыз деп шешкен өкімет оларды да майданға аттандыру қажет деп тауыпты деген хабар шығады. Бұл – кеңес әскерінің шыбындай қырылып жатқан кезінде өкіметтің амалсыз барған қадамы болса керек. Сол шешіммен 1942 жылдың қазан айында Ғұ­байдолла Әбілмағжанов та соғысқа алынады... 1903 жылы туған Ғұбаң соғыс басталғанда 38 жаста болатын. Ол үйлі-баранды, шиеттей бес баланың әкесі еді. Үйде жалғыз жұмыс істеп, нәпақа табатын да сол болатын. Бірақ ондайға қарай ма, соғыс қызып, адамдар қырылып жатқан ортаға оны да алды-артына қаратпай ала жөнеледі. Бір айдан кейін жалғыз інісі Қайролланы да соғысқа әкетеді. Ғұбайдолла алдымен 91-ші атқыштар дивизиясының оқып-үйрену батальонында курсант болып қызмет етеді. Осы құраманың қатарында “Социалистік Отан мен Сталиннің істеріне” адал болатындығы жөнінде қараша айында ант береді. Өзінің қалай соғысқаны туралы ақсақал әңгіме айтуға шорқақ екен. Тек ауыр күрсініп, соғыс суреттері есіне түскенде қатты тол­қитын деп еске ала­ды, қызы Шәріп­жамал апай. Де­генмен, суыртпақтап сыр тартқанда оның әңгімелерінен май­дан даласының ауыр азаптары мен қанды суреттері көз алдыңа келеді. Аузы ауыр Ғұбаң кейбіреулер секілді әсіреқызыл суреттермен сөйле­мей, ащы шындық­тың өзін айтады екен. Бұларды 1943 жылдың қақаған қы­сында майдан­дағы әскерге қосады. Сонда киім жұқа, аяқта етіктің орнына шүберектен орама болған. Ротаның старшинасы бұлардың мына түрін көріп, жыларын да, күлерін де білмепті. Сосын бір шешімге келіп мен сендерді қазір киіндіремін, тек өздеріңе мықты болыңдар, дейді. Сөйтіп, жаңадан келген оншақты жауынгерді хутордың шетіндегі бір сарайға алып келеді. Әлгінің ішінде... неміс әскерлерінің мәйіттері тек­шеленіп қойылған екен. Оларға қарауға жүрегі дауаламаған кейбір жас жауынгерлер тұра қашады. Қыстыгүні жер қатып жатқанда қар ойып, мұз тесіп жауларды жерге беруге ешкім белсеніп шыға қоймай, күн жылынғанша осылай ескі сарайға сақтап қойған екен... Басқа амалы болмаған соң Ғұбаң өзгелермен бірге олардың кейбірін көтеріп әкелісіп, жылы жерге келген соң етіктерін, жылы киімдерін шешіп алады. Біздің әскерлер сөйтіп те жан сақтаған екен. Ал ондайды жеңімпаз Қызыл әскердің жауды “уралап” қуа беретіндігін ғана көрсететін киноларда, кітаптарда айтар ма?.. Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді деген сөз бар емес пе, кешікпей Ғұбаң да өзге­лер­мен бірге еті үйреніп, зуылдаған оқ пен ажал отының арасында қан кешіп кете барады. Со­ғыс­қа бірге келіп, фашистердің өзі түгілі мә­йі­тіне қарауға жүректері дауаламаған жас жау­ын­герлер де өмір мен өлімге етін үйретіп алады. Ғұбаңның айтқан әңгімелерінің арасын­дағы тағы бір шындық, кеңес әскерлерінің қару-жарағы ғана емес, әскери техникасы да немістердікімен салыстырғанда түкке тұрмай­ды екен. Қарсы шабуылдар кезінде немістер оқты қарша боратқанымен, қандай да бір биікті немесе қаланы кеңес жауынгерлері шыбындай жусаған шығынға қарамай алмай қоймайтынын білсе, мотоцикл, машина және басқа да өздігінен жүретін соғыс жарақтарына мініп, майдан даласын тастап, 50-60 шақы­рымға шегініп кетеді екен. Оларды қуған кеңес­тіктер жаяулап-жалпылап жеткенде олар жаңа биікке бекініп алып, оқты қарша жаудырып қарсы алады екен... Сондай шабуылдардың бірінде көздей атқан немістің бір оғы оның жүрегінің дәл түбінен тиген де, бес миллиметр төмен өтіп кетіп қана жаны қалады. Майдан даласында қансырап қалған оны жаралыларды жинайтын тарсылдақ арбамен дала госпиталіне жеткізеді. Сол шабуылда қызыл әскердің алға басқан­дығының арқасында ғана Ғұбекең тірі қалған, әйтпесе ауыр жараланып, ыңыранып жатқан ол сол жерде жан тапсырады екен. Әскери комиссия Ғұбайдолланы 1943 жылдың аяғында саптан босатады. Сөйтіп, жүрегінің түбінен жарадар болған жан қайтадан еңбек майданына араласып жүре береді. Бір қызығы, ол соғыс туралы кино­ларды көрмейді екен. Өзі көріп, ортасында болған қырғынды қайта көруді оның жүрегі қаламаса керек. Біздің әріптесіміз, жаны жайсаң, жүрегі жарқын Шәріпжамал Әбілмағжанова апай оның соғыстан келген соң көрген төрт перзентінің бірі. “Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі” деген емес пе, жүрек түбінен қан саулатқан Ғұбаң 1988 жылы, ұзақ та мағыналы өмір сүріп, 85 жасында өмірден өтіпті. Осы мақаланы марқұмның рухына тағзым ету мақсатымен жаздық. Жақсыбай САМРАТ.