Аймақтар • 30 Қараша, 2021

Қарағанды мен Теміртау қалалары орталық газ желісіне қосылды

395 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының тұрғындары Тұңғыш Президент күні мерекесі мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры арқылы көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізді, деп жазады Egemen.kz.

Қарағанды мен Теміртау қалалары орталық газ желісіне қосылды

Орталықтандырылған газ желісіне алғашқы болып Қарағанды мен Теміртау қалалары қосылды. Металлургтер қаласының тұрғыны Вячеслав Бражников өзінің қуанышында шек жоқ екенін айтады.

– Көмір тасу, күл шығарудың азабы қандай екенін көп адам біле бермейді. Қазір ауыр жұмысқа шамам да келмейді. Енді көмір тасып, азаптанудың қажеті жоқ. Қосып қойып, арасында бақылап тұрамын. «ҚазТрансГаз» қызметкерлеріне алғысым шексіз, – дейді ол қуанышын жасыра алмай.

Вячеслав Бражниковтың үйіне газ арқылы жылытуға қажетті барлық техника орнатылған. Тіпті иіс тиюдің алдын алатын қауіпсіздік құрылғысы да бар.

щд

Қазіргі таңда Теміртау қаласы бойынша 500-ге жуық үй газға қосылуға дайын. 2025 жылға қарай қаладағы бес мыңға тарта тұрғын үйге орталықтандырылған газ тартылады. Сондай-ақ,  алдағы уақытта өңірдегі ірі кәсіпорындарды да біртіндеп газға қосу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауаға жіберілетін зиянды қалдықтардың көлемін азайтып, экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы Қарағанды қаласында екі қосу кешені салынып, 64 шақырымнан астам газ құбыры тартылды. Жобаның бірінші кезеңінде үш мыңға жуық үйді газдандыруға мүмкіндік берсе, алдағы уақытта тағы 13 мыңға жуық тұтынушы көгілдір отынға қол жеткізеді.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күні қарсаңында өткен іс-шараны үлкен жетістік деп санайтынын мәлімдеді.

– Үш жыл бұрын «Сарыарқа» газ құбырын салу жобасы басталған болатын. Магистральдық желілерді тарту өткен жылы аяқталды. Биыл үйлерге тарату желілері жүргізіліп, жұмыстар сәтті аяқталды. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға және көптеген экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуге мүмкіндік береді,– деді облыс басшысы.

ж

Қарағандыдағы газдың келуін қала тұрғындары зор қуанышпен қарсы алды. Әсіресе, Михайлов шағын ауданында тұратын Жеңісбек Сүйіндікұлы есімді қарияның қуанышы ерекше болды.

– Біз үшін бүгін армандардың орындалған күні. Өзім жер үйде тұрғандықтан от жағудың қиындығын бір кісідей білемін. Газ бен көмір арасындағы айырмашылықты да білесіздер. Көмірдің шаңымен үнемі дем алу ағзаға зиянды. Барлық қала тұрғындарын бүгінгі қуаныштарымен құттықтаймын. Осы іске бастамашыл болған адамдарға алғысым шексіз, – дейді қала тұрғыны.

Қарағанды облысының ірі үш қаласында газ құбырларын тарту жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Нысандар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ  басқаруына берілді. Оның міндеттеріне газды тарату ,тасымалдау кіреді. Алдағы күндері Жезқазған қаласындағы үйлер газға қосылады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, бүгін Елбасының еңбек жолы басталған – Теміртау қаласында Тұңғыш Президент күні ерекше атап өтілді. Осыған орай металлургтер қаласында көптеген ұлт пен ұлыстың басын біріктіретін Достық үйі ашылды.

Жаңа әлеуметтік нысанды Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек аралап, қоғам белсенділерін қоныс тойымен құттықтады.

Кәсіптік-техникалық училищенің бос тұрған ғимараты қайта түлеп, «Достық үйіне» айналды. Ғимаратта этномәдени бірлестіктер, ҮЕҰ, жастар және еріктілер ұйымдарына арналған  57 кабинет жабдықталған. Тіпті шығармашылық жастар үшін арнайы медиа студиясы да бар.

Сондай-ақ, мұнда түрлі ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйреніп, жетілдіре алатын тіл клубы жұмыс істейді. Алдағы уақытта «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында медиация кабинеттерін ашу жоспарланған.

х

Игі іс-шаралардың соңы Теміртаудағы Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында салтанатты іс-шараға ұласты. Оған Елбасының еңбек жолындағы әріптестері мен Тәуелсіздіктің құрдастары қатысты.

Орталықта сөз сөйлеген Жеңіс Қасымбек Тәуелсіздік жылдары қол жеткізілген табыстарға қысқаша шолу жасады.

– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қорытындылай келе, біздің еліміз Тұңғыш Президенттің басшылығымен жаһандық тарих үшін қысқа мерзім ішінде кономикалық, саяси және мәдени серпіліс жасағанын айқын көруге болады. Жоспарлы құрылған қолайлы инвестициялық ахуалдың арқасында аймағымызда жаңа технологияларды қолдана отырып, 100-ге жуық ірі жаңа кәсіпорындар пайда болды. Шикізат өңірінен біз дамыған кәсіпкерлік кластерге дейін өстік. Бүгінде облыстың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнеске тартылған, – деп атап өтті ол өз сөзінде.

Облыс басшысы шараға қатысқан Елбасының еңбек жолындағы серіктестеріне алғыс сезімін жеткізді. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен  бірге жұмыс істеген  ардагерлер Тұңғыш Президенттің жастық шағы мен Теміртауға сапарлары туралы естеліктерімен бөлісті. Сонымен бірге Тәуелсіздік құрдастары өздерінің әртүрлі салалардағы жетістіктері туралы айтып берді.