Елбасы • 30 Қараша, 2021

«Болашақ» – Тәуелсіздік бренді

885 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Мен Қызылорда облысы Қазалы ауданы Құмжиек ауылында тудым. Алғаш мектеп табалдырығын осы Құмжиекте аттадым. Ауыл баласына Англияға аттану орындалмас армандай еді. Алайда бізге арманды шындыққа айналдыруға мүмкіндік берілді. Сол зор мүмкіндік жар­қын болашақты жақындатқан «Бола­шақ» бағдарламасы болатын. Бі­рақ бәрі бала шақтан басталды.

«Болашақ» – Тәуелсіздік бренді

Инфографиканы жасаған Амангелді ҚИЯС, «EQ»

Орындалған арман

Кәрібоз атам ел арасында сөзге ше­шен­дігі әрі қасының ерекше қоюлы­ғынан «Кәрібоз шешен» атанып, ауыл-руларды татуластыру мен елдестіруде халық билігінің маңызды өкілі болған. «Елдестірмек – елшіден» деп дана хал­қымыз айтқандай, мен де Кәрібоз атамның жолын қуып, 1995 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің алғашқы қазақ тобына оқуға түстім. 2000 жылы үздік түлек ретінде еліміздің Сыртқы істер министрлігіне жолдама алып, тау бөктеріндегі ару Алматыдан Сарыарқаның өрі, еліміздің төрі болған бас қалаға аттандым.

Жас дипломат ретінде шетелдік бас­шы­лардың мемлекеттік және ресми сапарларын ұйымдастырдым. 2003 жылы Елбасымыздың тарихи бастамаларының бірі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I съезіне Израиль мемлекеті делегациясының қатысуына атсалыстым. Бұл менің дипломатиялық тәжірибемде үлкен әсер қалдырған оқиға болды.

2007 жылы сол кездегі Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев­тың шақыруымен енді ғана ашылып, жұмысын бастап жатқан ел Прези­ден­тінің «Болашақ» халықаралық сти­пендиясының әкімшісі – Халықаралық бағдарламалар орталығына бас менед­жер ретінде қабылдандым. Білім қуған талай жас замандасымызға кемел бола­шақ сыйлаған орталықтың ішінде қыз­меттік «лифтімен» көтеріле жүріп, ше­тел­дің үздік жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатып, «Болашақтың» көкжиегін кеңейтуге өз үлесімді қостым.

2009 жылы әлемнің экономика мек­теп­терінің көшбасшысы саналатын Лон­дон экономика мектебіне (LSE) оқуға қа­былдандым. Бұл арманым еліміз­дің Тәуелсіздігі және Елбасының адами ­ка­­­пи­талды дамытудағы ең сәтті стартабы – «Болашақ» бағдарламасы арқылы орындалды. Тынымсыз талпыныстың нәтижесінде Мемлекеттік басқару және менедж­мент саласындағы ғылым ма­гистрі болып Отаныма оралдым. Елге келе сала дипломатия жолына қайта бет бұрдым. Біраз жыл бойы Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі елшілігінде ин­вестициялық кеңесші қызметін атқардым.

П

Бір кездері елге халықаралық білім­мен қайта келгендей, араға жыл­дар са­лып, үлкен тәжірибе жинап өзім еңбек етіп, кірпішін берік қалауға атса­лыс­қан орталыққа оралдым. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бе­тов­тің қолдауымен «Болашақ» бағдар­лама­сының іске асырылуын жаңа сапалы деңгейге көшіруге бар күш-жігерімді салудамын. Орталыққа оралудағы үлкен жауапкершілік пен тарихи миссиямды ерекше сезінемін, бұл – талай жастың үмітін үкілеп, арманын асқақтатқан тең­дессіз президенттік стипендияның мәр­тебесін, халықтың оған деген сенімін арт­тыру, бағдарламаның заман талабына сай жаң­ғырып, жетілуін қамтамасыз ету.

 

Елбасының ерлігі

Осылай десек, артық айтпаған болар­мыз. Себебі бәрі­мізге белгілі, тоқса­нын­шы жылдардың басы Қазақстан үшін тағдыршешті кезең болды. Дәуірлер ал­масқан дағдарысты шақта алысты бол­жап, жақынды аңдау Тәуелсіз Қа­зақ­станның Тұңғыш Пре­зи­денті Нұр­сұлтан Назарбаевтың маң­дайына жазылыпты. Шұғыл шешім, әб­жіл әрекетті қажет ететін сындарлы сәт­те елдің ең­се­сін көтеріп, іргесін бекіту, әлемдік дәре­же­дегі білімі бар майталман мамандар даярлау үшін Елбасы 1993 жылғы 5 қарашада «Болашақ» стипендиясын құру туралы қаулы қабыл­да­ды. Экономика тұралап, әлеуметтік ахуал толық тұрақ­талмай тұрған тұста қаржыны шетелден білім алу ісіне салу – зор тәуекел мен көре­гендікті қажет ететін ерлікті іс.

Арада ширек ғасыр өтті. «Болашақ» бағдарламасымен дүниенің маңдайал­ды оқу орындарын бітіріп келген жастар Тәуелсіз елдің туын биікке көтеріп, Қазақстанның көшбасшы кадрлық кла­сын қалыптастырды. «Болашақ» бағ­дарламасы бүгінде 30 жыл болған Тәуел­сіздіктің брендіне айналды. Міне, тарих үшін қас қағым сәт болса да, қазақ үшін қастерлі де қиын-қыстау кезеңде Елбасының стратегиялық қадамға барып, тәуекел еткенін бүгін «Болашақ» дә­лелдеп отыр. 11 мыңнан аса «Болашақ» бағ­дарламасының түлегі қоғамның әр сала­сында: денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік қызмет, мәдениет, ғылым және техника, ауыл шаруашылығы, өн­ді­ріс, IT және инновациялар – барлық жер­де өлшеусіз үлестерін қосып жатыр. Егемендіктің ғасырға бергісіз әр жы­лында «Болашақ» бағдарламасын бола­шақты ойлай білгенінің жемісі деп айт­сақ болады. Мемлекеттік бағдарлама ар­қылы білім алған жастар елімізді өркен­детіп, Қазақстан атты қастерлі «құры­лысты» қарқынды түрде жүргізе береріне күмән жоқ.

Түлектен тілек

«Болашақ» бағдарламасы қабылдан­ғалы бергі 28 жыл ішінде 14 мыңнан аса қазақстандық стипендиат атанды. Осы­­лайша, ширек ғасырға жуық уақыт ішін­де көшбасшылар командасы қалып­тасты.

Енді жалқыдан жалпыға өтейік. Тоқ­­са­ныншы жылдары «Болашақ» сти­­­пен­диясына ие болып, Германияға ат­тан­­­ған Дмитрий Горбунов Albert-Ludwigs-Universitat Freiburg-та оқып, Тю­­бинген қаласындағы жүрек-қан­та­мыр хи­­рургиясы бөлімшесінде клини­ка­­лық ор­динатурадан өтті. Елге 2001 жы­­лы оралып, астанадағы балалар кар­­­­дио­­хирургиясы клиникасын құруға ат­салысты. Бүгінде Ұлттық кар­дио­хи­­­рур­­гиялық орталығындағы бала­лар кар­­­диохирургиясы бөлімінің мең­геру­­шісі болып жұмыс істейтін Дмит­рий сә­би­лердің жүрегіне күрделі опе­ра­ция­лар жасайды. Қазірдің өзінде ол бала­лардың жүрегі мен магистраль­ды қан­­тамырларына 7 мыңнан аса операция жасаған. «Біз хирург ретінде кішкен­­тай пациент­теріміздің оңала бастағанын көргенде, қуанышымыз қойнымызға сыймай кетеді. Балалар өседі, дамиды, сөйлейді, тәй-тәй басып талпына бастайды. Адамға көмектескеннен артық қандай ләззат керек», дейді «Болашақ» түлегі Дмитрий Валерьевич.

К

«Болашақтың» да бет-бейнесі осындай кемел адамдар болса керек. Ойлаңыз, мыңдаған сәбидің жұдырықтай жүрегін емдеуге бір ғана түлек осылай қызмет етіп жүр. Ал егер сол сырқат сәбилерді сырт елге жіберсе не болар еді? Оған әуелі барлық ата-ананың қаржысы же­тер ме еді? Дмитрийдің тілегі – түлек­тің тілегі қандай жылы: «адамға көмек­тескеннен артық қандай ләззат керек»... Бұл шамасы «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелде оқып келген әр түлектің көкейінде тұруы тиіс ізгі ой деп білемін.

 

Дамель қалай дамыды?

Біздің келесі кейіпкеріміз – Дамель Мектепбаева. Бала кезінен биолог болуды армандаған бойжеткен түпкі мақсатына «Болашақ» бағдарламасы арқылы жеткен. Астана медициналық университетін бітірген ол 2005 жылы АҚШ-тағы Ин­диана университетіне түсіп, биотехнолог-химик деген мамандықты үздік оқу орнынан игеріп шықты. Алған білімін елге қайтару үшін Дамель елі­мізде ен­ді ғана ашылған Назарбаев Уни­вер­с­итетіне келіп, ғылым жолына түс­ті. Терең білімінің нәтижесімен NASA-да тәжірибе алмасқан алғашқы қазақ­стан­дық ғалым атанды. Оның командасы жа­саған стартап жобалар Кореядағы Google-D.CAMP Prize, Франциядағы Hello Tomorrow Challenge, Перудегі Star­tup Mexico, Startup Chile, Startup секілді конкурстарда жүлделерге ие бол­­ған. «Мені қазір шетелде жақсы қыз­мет­тер күтіп тұр. Алайда мен ілім-білі­мім­ді Қазақстанда қолданғанымды жөн көремін және мемлекеттің де мен секілді мамандарды қолдағанын қалаймын», дейді Дамель.

П

Дамельдің елсүйгіштігі мен ең­бек­қор­­лығына тәнтімін. Қаншама ха­лық­­аралық гранттарды ұтып алды, қан­ша зертханалық зерттеулер жасады, ғылым­ның қазанында қайнап жүргенін ғана қанағат қылмай, ерікті түрде жастарға, аймақтардағы жандарға кеңестер бере­ді, дәрістер оқиды. Яғни өз-өзін дамы­тып, өзгеге де қолұшын созуды ұмыт­пайды. Бүгінде Дамель бойдағы білімін басқалармен бөлісу үшін өңірге аттанып, Солтүстік Қазақстандағы Kosybayev University-дің инновациялар, интернационалдандыру және трансформация мәсе­лелері жөніндегі басқарма мүшесі болып қызмет атқарады.

Міне, қазақстандықтардың көпшілігі үшін «Болашақ» стипендиясы, әсіресе, мемлекеттік қолдаудың көмегімен әлем­­нің үздік жоғары оқу орындарында сапа­лы білім ала алған көпбалалы отбасы­лардан және ауылдық жерлерден шыққан адамдар үшін нақты әлеуметтік «лифтіге» айналды.

 

Сан мен сапа

Сапаны анықтау үшін санға жүгі­нейік. «Болашақ» бағдарламасы түлек­терінің ел экономикасына қосқан үле­сін тереңірек зерттеу үшін Bolashaq Impact Report-1 атты ғылым-зерттеу жүр­гіздік. Зерттеу нәтижелері бойынша жұ­мыс берушілердің 90%-ы бағдарлама түлек­терінің кәсіби біліктілігін жоғары баға­лап, сонымен қатар түлектердің көш­­басшылық, адамгершілік және ком­му­никативтік қасиеттерін ерекше атап өтті.

Қараңыз, бүгінде 11 мыңнан аса түлек­тің 52%-ы орта және топ-менеджерге дейін өскен. Оның ішінде 10%-ы – өз компаниялары мен стартаптарының негізін қалаушы басқарушылар. Түлек­тер денсаулық сақтау, адами капитал­ды дамыту, мемлекеттік басқару, инно­вация­ларды енгізу және бизнес про­цестерді оңтайландыру, мәдениет пен өнерді ілгерілетуде тер төгіп, қоғамдық бастамалардың басында жүр.

Зерттеуге сәйкес, тек бір жылдың ішін­де 545 дәрігер түлегіміз 213 мың күрделілігі әртүрлі операция жасады, ал педагог-оқытушы түлектеріміз 145 мың мектеп оқушысы мен студентін оқыт­ты. Профессор атағы бар 150 түлек мыңнан аса ғылыми мақаласын әлемнің алдыңғы қатардағы ғылыми басылымдарында жариялады. Өнер саласындағы санаулы түлек 5 мың концерт ұйымдастырды, осыған қоса 100 мыңнан аса жоғары сыныптағы мектеп оқушысына тәлімгер болды. Біле білгенге бұл – үлкен нәтиже!

 

Өзгерістер мен өзге істер

Сөз басында өз басымнан мысал кел­тіргенімдей, «Болашақ» көп қарапайым жастың жолын ашты. Оның ішінде өзім де бар екенімді жоғарыда айттым. Аталған 28 жыл ішінде «Болашақ» бағдарламасы сапа жағынан көп өзгеріске түсті. 28 жыл ішінде «Болашақ» халықаралық бағдарламасы елдің стратегиялық ба­сым­дықтарына негізделе отырып, сапалы трансформациядан өтті, стипендия тағайындаудың ашықтығы артты және конкурстық іріктеу толығымен автоматтандырылды.

Атап айтқанда, 2020 жылы Үкімет қаулысымен стипендияға үміткерлерді ірік­теудің жаңа Ережесі қабылданды. Әлем­дегі үздік жоғары оқу орындары­ның ті­зімі түзіліп, басым мамандықтар тіз­­бесін жасақтау талаптары өзгерді. Үміт­­керлерді іріктеу кезеңі 6-дан 3-ке де­­йін қыс­қарып, тәуелсіз сараптама комис­сиясына қойылар талап та күшейтілді. Бар­лық квоталық үміткер санаттары жойы­лып, сол арқылы конкурстық ірік­теу ба­ры­сында тең мүмкіндіктерге жол ашылды.

Баса айта кететін нәрсе, бағдарлама шеңберінде ауыл жастарына жеңіл­діктер ұсынылып отыр. Ауылдық елді мекендерден үміткерлер конкурсқа ауыл­дық елді мекендерде соңғы 3 жыл ішінде тұрған және соңғы 2 жыл ішін­де еңбек қыз­метін жүзеге асырған жағ­дайда қаты­са алады. Осыны ескеру керек. Сон­дай-ақ ауылдық елді мекендерден үміт­керлер үшін бакалавр немесе маман дип­ломының орташа балының кемінде 2.67 (4.0/4.33-тен) GPA балы­на сәйкестігі талап етіледі. Алайда «ауыл» санатына жататын үміткерлерге шетелдік ЖОО-дан конкурсқа шартсыз шақыру ұсыну талап етілмейтінін атап өткен жөн. Олар­ды орналастыру­мен «Халықаралық бағдар­ламалар орта­лығы» АҚ айналысады.

Ауылдан шыққан жастар стипендияға ие болғаннан кейін ағылшын тілінен тілдік дайындық курстарынан өтеді. Тілдік дайындық мерзімі Қазақстанның аумағында 6 айға дейін, British Council секілді беделді ұйымда өткізіледі.

Ең бастысы, 2020 жылдан бастап «Бо­лашақ» стипендиясына құжат қабылдау мен конкурстық рәсімдер толығымен автоматтандырылып, цифрлы жүйеге көшті. Бұл – жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу жолындағы маңызды бастама.

Бұған қоса Президент Қасым-Жо­март Тоқаевтың пәрменімен жылына 500 ғалымды «Болашақ» бағдар­ла­масы арқылы әлемнің жетекші универ­ситеттері мен ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтуге жіберу үдерісі жүріп жатыр. Бұл – үлкен мүмкіндік.

«Болашақ» бағдарламасы – ел Тәуел­сіздігінің ең ірі жобаларының бірі. Со­нау қиын-қыстау заман – 1993 жыл­­дың өзінде-ақ Елбасымыз «Болашақ» ­бағ­дарламасын құрып, сол арқылы қа­зір қан­шама түлек елдің игілігіне қызмет етіп жатыр. Тәуелсіз Қазақстанның адами капиталды дамытудағы ең сәтті де мықты стартабы «Болашақ» десем еш артық емес. Бағдарламаның әрі қарай да жемісті болуы үшін аянбай еңбек ете береміз. Бұл да біздің Тәуелсіздікке қосқан үлесіміз болып қала бермек.

 

Айнұр КӘРІБОЗОВА,

«Болашақ» халықаралық стипендиясының әкімшісі –

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті