Біз бұл Тәуелсіздікті айтар тұста мұқабасын мыңжылдықтардың шаңы көмген алтын тамырлы тарихты алға тартатынымыз белгілі. Әлбетте сол шежірелі баянның кейінгі отыз жылын межелі міндеттерімізді айқындап, жарқын жетістіктерімізді жүйелі зерделеп берген тегеурінді тұлға, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен байланыстыратынымыз анық. Ширек ғасырдан астам шежірелі жолда кемеңгер көшбасшы көшелі мемлекет құра білді. Елді басқаруда толағай табысқа жетуде тек мақсатты қадамдар жасады.
Тәуелсіздік – кешегіні ұлықтау мен келешекті ұмытпаудан тұрады. Бүгінгі Қазақстанның есімі – егемен, бесігі – бейбіт тәуелсіз мемлекет дер едік.
Біз – сонау Ұлы даланың Тұрандай асқақ қасиетті төрінде ту көтерген көшпелі көк түрік бабаларымыздың текті ұрпағымыз.
Ата-бабамыздан аманатқа қалған асыл құндылығымыз азаттықты бүгінде күймелі керуенге теңесек, байсалды көштің санаткер көшбасшысы – ол Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев!
Бұл күнде Қазақстан жер-жаһанға жақсы атымен танылып, жасампаз істерімен жұртқа үлгі болып отыр. Алты құрлық Алаш төріне жиналып жалпыадамзаттық тақырыптарды жаппай талқылайтын дәрежеге жеттік. Елбасының сарабдал саясатының арқасында саяси қадамдарымыз сатылап өсіп, экономикалық екпініміз ерекше артты. Рухани бай мұраларымыз зерделі ұрпақтың зейінін ашып, жадымызда көне тарихтың көмбесі жаңғырды.
Мұның барлығына Елбасыдай теңдессіз тұлғаның тегеурінді істері темірқазық болып келгенін әр кез айтып отыруымыз керек. Ұлтты ұйыстыруда, жұртты жұмылдыруда Тұңғыш Президенттің еселі еңбегі әрқашан ел есінде. Бағдарлы болашаққа бет алған мемлекеттің бәсі биік, басы азат болуға тиіс. Алаштың асқақ ақыны Сұлтанмахмұт Торайғырұлының:
«Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деген айбынды сөзі әр қазақтың айбарын асыратын рухты сөз. Алаш мұраты – азаттықтың тұғырын биік, шығырын берік ету. Біз сол жолда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білуіміз маңызды. Бүгінде Елбасы құрған мемлекеттік институттар тұрақты дамып келе жатқанын жақсы білеміз. Елбасы бағыты – ертеңгі Қазақстанның бағдары. Ілкімді істермен ілгері қадам жасау – ел халқын ізгілік пен ірілікке тәрбиелейді.
Ел егемендігінің елеулі жылдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан жоспарлы қадамдарымыз ұшан-теңіз. Кемел көшбасшының көреген саясаты өзі қабылдаған түрлі бағдарламада анық көрінді. Ана тіліміздің аясы кеңіп, ата тарихымыздың арнасы ұлғайды. Бір сөзбен айтқанда, байырғы тарих бүгіннен болашаққа бет түзеді. Елбасы белгілеп берген межелі міндеттерді мінсіз атқаруымыз маңызды.
Елбасының дара болмысы дана шешім шығаруда қателескен жоқ. Елбасы жолы – егемен еліміздің екінші тынысын ашқан алтын даңғыл.