Тараптар Шымкент пен Адана қалалары арасындағы сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, туризм, спорт, мәдени және әлеуметтік салалары арасында өзара ықпалдастық және ынтымақтастықты орнату бойынша екі жақты келісімге келді. Бірқатар сала жетекшілерімен ынтымақтастықты нығайту бойынша перспективалық мәселелер талқыланды.
Бүгінде Шымкент қаласында түрік инвесторларымен бірлесе 55 млн АҚШ долларына 6 жоба (аяқ киім өндірісі, алюмин профильдері, күнбағыс тұқымын қайта өңдеу және т.б) іске асырылған.
Қала әкімі М.Әйтенов екі жақты келісім іскерлік байланыстар орнатуға, бірлесе дамуға зор серпін беретінін атап өтті. Екі қала арасындағы барлық құндылықтарды сақтап, оларды дамыту және өзара байланыстарды нығайту тараптардың негізгі мақсаты болмақ.
«Қалада қолайлы бизнес ахуалын дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Шымкент пен Адана қалалары арасында бауырластық қарым-қатынастың орнауы сыртқы экономикалық байланыстарға, кәсіпкерлік қызмет саласын кеңейтуге, қалалар арасындағы туристік ынтымақтастықты орнатуға үлкен серпін беріп, жалпы экономикалық деңгейдің артуына алып келеді.
Бұл келісім екі ел арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға негіз болары сөзсіз», деді шымкент қаласының әкімі.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың модераторлығымен өткен жиынға, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәслихат депутаттары, Түркия Республикасының Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы құрметті бас консулы Латифша Асанов пен «Ball – Textile» компаниясының өндіріс басшысы Огуз Дурру қатысты.
Бүгінге дейін Шымкент қаласы шетелдік тоғыз қаламен бауырластық орнатқан болса, оның ішінде Түркияның Измир және Эскишехир қалалары да бар. Адана қаласы Түркияның ең ірі, төртінші қаласы. Өнеркәсібі дамыған (мақта, цитрус жемістері, сұлы және күнжіт) ірі ауылшаруашылық орталығы.
Кездесу соңында Шымкент пен Адана қалалары арасында екі жақты ынтымақтастық орнату меморандумына қол қойылды.