Ақмарал Хайдарқызы АРЫСТАНБЕКОВА туралы айтқанда, «тұңғыш» сөзін көп қолдануға тура келеді. Ол – тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш елшісі және ел тарихындағы тұңғыш әйел-елші. Қазақстанның сыртқы істер министрі (1989-1991 жж.), Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы тұңғыш Тұрақты өкілі (1992-1999 жж.), Франциядағы Төтенше және өкілетті елші (1999-2003 жж.) және Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі қызметін қоса атқарушы (1999-2001 жж.) болды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі. Тарих ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық қатынастар және дүниежүзілік саясат мәселелері жөніндегі бес монографияның, отандық және шетелдік басылымдардағы көптеген жарияланымдардың авторы.
Биылғы жылдың 2 наурызында еліміздің әлемдегі ең басты ұйым – БҰҰ-ға толыққанды мүше болғанына 22 жыл толды. Осы орайда, біз Ақмарал Арыстанбековаға Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық мәселелеріне, сондай-ақ, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасына қатысты сауалдарымызды қойған едік.
– Ақмарал Хайдарқызы, биылғы жылдың 21 қаңтарында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл Тұжырымдама «Қазақстан-2050» Стратегиясында бекітілген сыртқы саяси ұстанымдар аясында әзірленген. Жаңа құжат осыған дейін дайындалған құжаттардан несімен ерекшеленеді?
– Қазақстан Республикасының 2014-2020 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасында Отанымыздың «Қазақстан-2050» Стратегиясы негізінде қарқынды экономикалық дамуымен, саяси тұрақтылығымен, байыпты сыртқы саяси бағытымен ерекшеленетін қалыптасқан мемлекет ретіндегі басты қағидаттары, мақсаттары, міндеттері мен басымдықтары анықталған. Сондай-ақ, Қазақстан сыртқы саясатының көпвекторлы, теңгерімді қағидаттары мен еліміздің ұлттық мүдделерін табанды қорғауға негізделген сабақтастығы қуатталған. Мемлекет басшысының шет мемлекеттермен қарым-қатынасты халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарына негіздеген бұл сыртқы саяси бағыты тәуелсіздік жылдары бойында Қазақстанды халықаралық қатынастардың толық құқылы және жауапты қатысушылары қатарына қосты.
Бұл құжат еліміз дамуының жаңа кезеңінде Қазақстанның сыртқы саяси бағыты сыртқы саясаттың басымдықтарын жоспарлау мен жүзеге асырудағы прагматизммен және жұмыстың озықтығымен, елдің ұлттық мүдделерін қамтамасыз ететін идеялар мен бастамалардың ұсынылуымен де ерекшеленетін болады. Тұжырымдамаға тұңғыш рет кең жариялылық сипат берілуі мемлекетіміздің сыртқы саясатының ашықтығы мен болжамдылығының айғағы болып табылады.
– Сыртқы саясаттың 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында Қазақстанның ұлттық мүдделеріне сәйкес, сыртқы саясаттағы негізгі күш-жігер бірнеше мақсатқа қол жеткізуге бағытталатыны жайлы жазылған. Олардың қатарына еліміздің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету, бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту секілді қадау-қадау мәселелер бар. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы не айтасыз?
– Тұжырымдамада атап көрсетілгеніндей, мемлекетіміздің сыртқы саясатының негізгі мақсаты еліміздің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін, егемендігі мен аумақтық тұтастығын барынша қамтамасыз ету болып табылады. Басты сыртқы саяси күш-жігер орнықты экономикалық даму үшін, халық өмірінің деңгейі мен сапасын арттыру үшін, құқықтық мемлекет пен демократиялық институттарды нығайту үшін қолайлы сыртқы жағдай жасауға бағытталады. Қазақстан халықаралық бейбітшілікті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық және үйлестірушілік рөлі кезінде әділетті және демократиялық әлемдік реттілік орнату жөніндегі күш-жігерін жалғастыратын болады. Қазіргі заманғы әлемдегі жаһандану жағдайында жаһандық үдерістер мен проблемалардың күрделілігі мен сан алуандығы елдің дамуы мен оның әлемдік аренадағы ұлттық мүдделерін қамтамасыз етудің аса маңызды құралы болып табылатын мемлекеттің сыртқы саясатының негізгі бағыттарын дер кезінде болжамдау мен белгілеуді қажет етеді.
– Қазақстан – БҰҰ, ТМД, АӨСШК, ҰҚШҰ, ШЫҰ, ЕҚЫҰ, сондай-ақ, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі және басқа да халықаралық ұйымдар мен форумдар қызметінің жауапты қатысушысы. Біз әңгіме өзегіне айналдырып отырған Тұжырымдамада еліміздің осы ұйымдардың қызметі шеңберіндегі негізгі міндеттері туралы айтылады. Қазақстанның сыртқы саяси бастамаларды ілгерілету төңірегіндегі мұндай қадамдарын қалай пайымдар едіңіз?
– Әлем дамуының қазіргі заманғы беталыстары, қалыптасып отырған халықаралық-саяси ахуал жаһандану жағдайында жаһандық проблемаларды дүниежүзілік қоғамдастықтың ортақ мүдделері негізінде шешуге жаңаша тұрғыдан қарауды талап етеді. Осы орайда, бүгінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауда көпжақты дипломатияның рөлі, мемлекеттердің көпжақты саяси және қаржы-экономика институттарының қызметіне, интеграциялық үдерістер мен өңірлік ынтымақтастыққа белсене қатысуының қажеттігі арта түседі. Ал Тұжырымдамада көпжақты келісімдер мен шешімдер белгілеу үдерісінде Қазақстанның ұлттық мүдделерінің есепке алынуын қамтамасыз ету, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту, саяси-құқықтық нормаларды кемелдендіру, өңірлік және халықаралық ұйымдардың жұмысының пәрменділігін арттыру жөніндегі халықаралық күш-жігерге елдің сындарлы қатысуы басты міндеттер ретінде атап көрсетіледі.
Тұжырымдамада, сондай-ақ, Қазақстанның БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен қағидаттарын ұстанатындығы, мемлекеттер арасындағы саяси қарым-қатынас пен ынтымақтастық үшін құқықтың үстемдігі қағидатының түпнегіздік маңызы, жанжалдарды саяси-дипломатиялық тетіктер мен құралдар негізінде шешу қажеттігі нақтыланған. Әлемнің ядролық қарудан азат болуына қол жеткізу, осы бағытпен үдерісте Қазақстанның сіңірген тарихи еңбегі мен дүниежүзілік қоғамдастық үшін үлгілі қызметі ядролық және жаппай қырып-жоятын өзге де қару түрлерін таратпау режімін нығайту ұстанымының бұлжымайтындығын қуаттайды.
Дүниежүзіндегі саяси және экономикалық өзара тәуелділіктің арта түсуі еліміздің халықаралық интеграциялық үдерістерге қатысуының басымдығын да анықтап отыр. Тұжырымдамада атап көрсетілгеніндей, еліміз экономикасының бәсекеге қабілеттілігі мен инвестициялық тартымдылығын арттыру, қазақстандық бизнес пен өнімнің дүниежүзілік нарықтарға қатысуын ұлғайту үшін қолайлы жағдай жасау мақсатындағы іс-қимылдар экономикалық және сауда дипломатиясын одан әрі дамытуды көздейді. Қазақстанның донор-мемлекет ретінде дамуға ресми көмектесу жөніндегі халықаралық қызметке қатыспақшы ниеті де өзіне назар аудартады.
– Қазақстан БҰҰ мүшесі ретінде бұл Ұйымның қызметіне белсенді қатысып жүр. Мәселен, еліміз көтерген бірқатар бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тапты. Бұл 2017-2018 жылдары Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болуға үміткерлігі заңды деген ой туғызады. Осы ретте, еліміздің Бас ұйымның қызметіне жан-жақты қатысып келе жатқаны Қазақстанның халықаралық беделін қалыптастыруға қаншалықты ықпал етті дей аласыз?
– 1991 жылғы желтоқсанда, Қазақстанның Тәуелсіздігі жарияланған соң екі күннен кейін, Мемлекет басшысы мені еліміздің Біріккен Ұлттар Ұйымына кіруін дайындау үшін Нью-Йоркке жіберді. 1992 жылғы 2 наурызда Тәуелсіз жаңа мемлекет – Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып бірауыздан қабылданды. Бұл – Отанымыз үшін тарихи күн. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастықтың толық құқылы мүшесі және халықаралық құқықтың сындарлы субъектісі деңгейіне көтерілді.
Қазақстан Республикасының БҰҰ-дағы тұңғыш Тұрақты өкілі болып 8 жыл дерлік жұмыс атқарғанда мен Қазақстанның халықаралық құқық нормалары мен қағидаттарын ұстануға негізделген дәйекті сыртқы саяси бағыты арқасында Тәуелсіз жас мемлекеттің халықаралық беделінің нығайғанын айқын көрдім. БҰҰ-мен біздің ынтымақтастығымыз, тіпті, еліміз Ұйымға мүше болып қабылданбай тұрып басталғанын атап айту керек. Мен Қазақ КСР Сыртқы істер министрі және кеңес делегациясының мүшесі ретінде 1990 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 45-сессиясының жұмысына алғаш рет қатысқан болатынмын.
Қазақстан Президенті егемен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарында дүниежүзілік тәжірибені зерделеу мен енгізуге өте маңызды мән берді. Осы себепті, 1991 жылы әлеуметтік және экономикалық салалардағы республикалық заңдарды талдап-белгілеу кезінде БҰҰ БА 45-сессиясының құжаттары белсенді пайдаланылды. Сол жылы жазда Сыртқы істер министрлігі тарапынан республикаға БҰҰ Трансұлттық корпорациялар жөніндегі орталығының директоры шақырылып, ол Алматы қаласы мен Қарағанды облысының кәсіпорындарында нарықтық экономика мәселелері бойынша кездесулер мен консультациялар өткізді. Орталық директоры, сондай-ақ, Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ-ның аталған Орталығы арасындағы Ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды, ал кейіннен республиканың сыртқы экономикалық қызметі мен еркін экономикалық аймақтар туралы алғашқы заңдарының жобаларына халықаралық сараптау ұйымдастыруға көмектесті.
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымында ядролық полигонды жабу және қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен ерікті түрде бас тарту жөніндегі теңдессіз әрекеті, өңірлік және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға нақты үлес қосқаны, мәдениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуды дамытуға ден қоюы арқылы барынша кеңінен танылды. Өңірлік тұрақтылық пен әлемдегі қауіпсіздікті нығайту туралы БҰҰ Жарғысының қағидаларына сай келетіндіктен, Бас ұйым жас мемлекеттің АӨСШК-ден бастап басқа да барлық сыртқы саяси бастамаларын қолдап келеді.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері Қазақстан Ресей, Қытай, Орталық Азия мемлекеттері, АҚШ, Еуропа және ТМД кеңістігіндегі елдермен тығыз дипломатиялық байланыс орнатуға үлкен басымдық беріп келеді. Ал жаңа саяси Тұжырымдамада дәстүрлі басымдықтардың аясын кеңейту көзделіп қана қоймай, алдағы уақытта сыртқы саясаттың азиялық векторын ілгерілету мәселесі де қарастырылыпты. Қазіргі таңда бұл бағытта қандай арнайы бағдарламаны іске асыру жоспарланып отыр?
– Өңірлік ынтымақтастық саласында Тұжырымдамада Орталық Азия алғаш рет өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету, саяси және экономикалық ынтымақтастықтың белсенділігін арттыру, ішкі және сыртқы сын-қатерлерге бірлесіп қарсы әрекет жасау тұрғысында біздің сыртқы саясатымыздың стратегиялық сипатының негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіленген. Өңірлік интеграцияны белсене ілгерілету Орталық Азия өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, сауда және көлік проблемаларын бірлесіп шешудің пәрменділігіне септеседі.
Мемлекеттің сыртқы саясатының азиялық векторын нығайтуға, әлемнің басқа өңірлерінің елдерімен қатынастар географиясын ұлғайтуға маңызды мән беріліп отыр. Қазақстан Шығыс, Оңтүстік, Оңтүстік-Шығыс Азия және Тынық мұхит өңірі елдерімен, сондай-ақ, олардың өңірлік бірлестіктерімен сауда-экономикалық және инвестициялық-технологиялық ынтымақтастықтың белсенділігін арттырмақ. Азиядағы дәстүрлі серіктестер – Жапониямен, Корея Республикасымен, Үндістанмен, Малайзиямен қатар, Индонезиямен, Вьетнаммен, Сингапурмен, Таиландпен ұзақ мерзімді және перспективалы байланыстар дамитын болады. Орта және Таяу Шығыс, Орталық және Латын Америкасы, Африка континенті елдерімен ынтымақтастықты дамыту мақсатында Вьетнамда, Оңтүстік Африка Республикасында елшіліктеріміз ашылды, Эфиопияда, Мексикада және Кувейтте де елшіліктеріміз ашылатын болады.
– Сіздің ойыңызша, бұл Тұжырымдамада әлемдік дамудың заманауи бағыттары мен үрдістері, халықаралық күн тәртібінде тұрған түйткілді мәселелер толықтай көрініс тапқан ба?
– Тұтастай алғанда, Тұжырымдама дүниежүзілік дамудың қазіргі заманғы беталыстарына, халықаралық күн тәртібінің көкейкесті проблемаларына сай келеді. XX және XXΙ ғасырлардың тоғысында әлемдік саясаттың жаңа субъектілерінің, трансұлттық қатерлердің пайда болуы жаһандық проблемаларды шешуге дүниежүзілік қоғамдастықтың ортақ мүдделері негізге алынған жаңа көзқарас тұрғысынан келуді талап етеді.
Қазіргі заманғы әлемдік саяси үдерістердің өрістеу дәрежесі жаһанданудың ықпалымен айқындалады. Әлемдік саясаттың жаһандануына ілесе халықаралық қайшылықтар жаһанданады, басқарудың жаһандық құрылымдары қайта құрылады, әлемдік үдерістердің реттелу дәрежесін арттыру қажет болады. Бұл факторлар көпжақты дипломатия мен халықаралық институттардың, ең алдымен, Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлінің едәуір артуына себепші болады.
Қазақстанның геосаяси жағдайы, оның теңгерімді және байыпты сыртқы саясаты республиканың көпжақты дипломатия шеңберінде өңірлік те, жаһандық та сипаттағы өзекті саяси проблемалардың шешімін табуға нақты қатысуына және бұған өз үлесін қосуына мүмкіндік береді. Жаңа Тұжырымдамада алға қойылған мақсаттар мен міндеттердің ойдағыдай және пәрменді жүзеге асырылуы мемлекетіміздің бұдан әрі үдемелі дамуына, дүниежүзілік аренада рөлі мен беделінің артуына мүмкіндік туғызатын болады деп сенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».