Білім • 02 Желтоқсан, 2021

ҚазҰУ студенттері Елбасы туып-өскен ауылға барды

408 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Тұңғыш Президент күніне орай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» онкүндігі бастау алды.

ҚазҰУ студенттері Елбасы туып-өскен ауылға барды

Патриоттық-танымдық іс-шара Тәуелсіздік тарихы және Қазақстанның қалыптасуындағы ҚР Тұңғыш Президенті–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін айшықтау, жастарды отансүйгіштікке баулу, тарихи құндылықтарды қастерлеу мақсатында қолға алынған онкүндіктің алғашқы күні «Елбасы жолымен» экспедициясының мүшелері Елбасы дүниеге келген Шамалған ауылындағы Тұңғыш Президенттің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына барып, ұлт көшбасшысының балалық шағына саяхат жасап, қызметтік жолымен танысып қайтты.

Үшқоңыр тауының етегіндегі Шамалған ауылы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кіндік қаны тамған мекен. Ұлт көшбасшысының тағылымды өмір жолын өскелең ұрпаққа паш ететін «Атамекен» орталығы 2017 жылы бой көтерген. Тарихи-мәдени орталық төрт залдан тұрады. Алдымен университет студенттері Елбасының оқушы кезінен бастап, еңбекке араласа бастаған сәтінен сыр шертетін отбасылық суреттер мен бірқатар жәдігерлердің көшірме нұсқалары орналасқан бірінші залдан бастады. Бұл бөлмеден білім алушы жастар  Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағында тұрған үйі мен оқыған мектептің макетін тамашалады. Ал екіншісі экспозициялық зал – ел тарихындағы ерекше маңызға ие «Тәуелсіздік кезеңіне» арналады. Мұнда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әйгілі «Тарих толқынында» еңбегінен алынған цитаталар, тәуелсіздік алған жылдардағы ең басты саяси шешімдер мен республика ауқымын қамтыған ірі шаралардан көріністер қамтылған. Үшінші зал – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған. Бөлменің тұтас қабырғасына Елбасының «Еуразия жүрегінде» еңбегінен алынған үзінділер мен бүгінгі Қазақстанның дамуын көрсететін фототоптамалар көз тартады. Сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы ауыл шаруашылығы, өндіріс, медицина, спорт және оқу-білім мен ғылымдағы жетістіктері бар. Орталықтың төртінші залы нағыз заманауи талапқа сай жабдықталған. Бөлменің дәл ортасында ғылыми конференция мен басқосу жиындарына арналған дөңгелек үстел қойылған. Залдың сол жақ қабырғасына Елбасының ТМД елдері басшыларымен, ал оң жақ қабырғасына алыс-жақын шетел басшыларымен түскен суреттер ілінген. Шетел президенттері сыйға тартқан кәде-сыйлардың басым бөлігін осы залдан кездестіруге болады.  

1

– «Елбасы жолымен» экспедициясы Тұңғыш Президенттің өмірі мен еңбек жолын тереңінен тануға мүмкіндік берді. Осындай сапар ұйымдастырған университет ұжымына алғысым шексіз, – дейді 3-курс студенті Жеңісбек Ұларбек.

Шара соңында ҚазҰУ ректорының кеңесшісі Мәлік Отарбаев орталық ұжымына алғыс білдіріп, университет атынан бағалы сыйлықтар табыс етті.

«Елбасы жолымен» аталған экспедицияға жамбылтанушы ғалымдар, білім алушылар, оқытушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Әр күнге жоспарланған бағдарлама аясында Елбасының «Ұлы дала ұлағаттары», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Он делает историю» кітаптарын талқылау, «Тәуелсіздік – 30» флешмобы, «Тәуелсіздік толғауы» поэзия сағаты, «Балалық шағымның аспаны» кино кеші, «Қазақстан Тәуелсіздігі және түркі әлемі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, ел егемендігіне арналған жинақтардың тұсаукесер рәсімі,  «Елім менің» жастар пікірталасы, «Кітап FEST» жәрмеңкесін өткізу жоспарланып отыр.

2 

 

АЛМАТЫ