Ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруды көздейтін маңызды міндетті межелі мерзімге дейін орындап шығу бүгінде Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ең басым бағыттың бірі болып отыр. Облыста іске асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде ауыл халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де жылдан жылға өз шешімін тауып, кеңестік кезеңнен бері құдықтан су ішіп келген көптеген елді мекенде тұрғындар құбырдан келетін сапалы суға қол жеткізді. Бүгінде өңірде 520 ауыл бар десек, соның ішіндегі 292 елді мекенге су келіп тұр. Мұны адам басына шақсақ, ауылдық елді мекендерде өмір сүріп жатқан 348 мың тұрғынның 252,7-сі, яғни 76,6%-ы ауызсумен қамтылған.
Облыстық энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Дәурен Асқаровтың айтуынша, 2020 жылы ауылдық елді мекендердің сумен қамтылу деңгейі 7,9 пайызға ұлғайған. Мәселен, 104 ауылға сырттан әкелінетін су тарату пункті орнатылып, нәтижесінде сапалы ауыз сумен қамтылмай отырған ауылдар 20,1 пайызға қысқарған. Сумен қамтылмаған 228 ауылдың 207-сі құдықтан су ішіп отырса, 21 елді мекенге ауыз су сырттан әкелінеді.
Биыл өңірде «Нұрлы жер» және «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламалары аясында мемлекет қазынасынан бөлінген 9,7 млрд теңге көлеміндегі қаржыға тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту бойынша 32 жоба іске асырылып жатыр. Дәурен Асқаровтың сөзінше, бүгінге дейін бұл қомақты қаржының 75,5%-ы игерілген.
– Жыл соңына дейін 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланған еді, бүгінде соның алтауы іске қосылып, халық игілігіне асып жатыр. Жангелдин ауданындағы Қарасу және Ақкөл ауылдарына, Жітіқара ауданына қарасты Приречный елді мекеніне, Қарасу ауданындағы Октябрь, Железнодорожный, Федоров ауданының Банновка, Чеховка ауылдарына су құбыры тартылды. 14 жоба алдағы жылы аяқталады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 10 мыңға жуық адам тұратын 19 ауыл орталықтандырылған су құбырымен қамтамасыз етіледі, – деді басқарма басшысы.
Биыл Денисов ауданындағы Красноармейск, Қостанай ауданындағы Алтынсарин, Науырзым өңіріндегі Раздольный, Ұзынкөл ауданына қарасты Ершов, Арқалықтың маңайындағы Үштөбе, Федоров ауданындағы Банновка мен Чеховка секілді 8 ауыл орталықтандырылған су құбырына қосылады. Ал Федоров ауданындағы Цабелевка, Қарақопа, Александрополь, Таза Шаңдақ, Қамысты Шаңдақ, Кравцово, Торғай өңіріндегі Сарысу мен Қалам-Қарасу, Қостанайдың іргесіндегі Шеминов елді мекендеріне су тазарту және тарату тораптары орнатылады.
Мұның сыртында, биыл 25 мыңға жуық халқы бар 16 ауылда тозығы жеткен су құбырлары жөндеуден өтті.
Дәурен Асқаровтың сөзіне қарағанда, 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамту деңгейі 75 пайызға дейін ұлғаяды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022 жылы Қостанай облысында құны 9,2 млрд теңге болатын 21 жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетеді. Мысалы, 1,2 млрд теңге көлеміндегі қаржыға Денисов ауданының Приреченка және Окраинка елді мекендеріне су тарату тораптары мен сумен қамту құрылғылары орнатылады. Нәтижесінде, 2023 жылға қарай екі ауылда тұратын 1 мың 128 адам орталықтандырылған суға қол жеткізеді. Сонымен қатар Денисов ауданындағы Свердлов, Қамысты ауданындағы Бестөбе, Адаевка, Қарабалықтағы Станционный, Қостанай ауданындағы Айсары мен Половиновка, Меңдіқара ауданына қарасты Архиповка мен Михаиловка, Сарыкөл өңіріндегі Қараоба мен Крылов, Федоров ауданындағы Ленино секілді 9 ауыл сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы.
Облыста Мемлекет басшысының ауылдарды алдағы төрт жыл ішінде сапалы ауыз сумен қамту туралы тапсырмасына сәйкес арнайы жоспар әзірленген. Бұл құжат бойынша, 50 адамнан аз тұрғыны бар 32 ауылды жою жұмыстары жүргізілмек. Сондай-ақ 2022-2024 жылдар аралығында барлығы 20 мыңнан астам тұрғыны бар 29 елді мекенге су құбыры тартылады. Бұл мақсатқа 19 млрд теңге қаржы жұмсалмақ.
Қазір аймақ басшысы облыстық басқармалар мен жергілікті әкімдіктерге 2022 жылдың сәуір айына дейін тағы 15 жобаны әзірлеуді тапсырып отыр. Бұл жобалар бойынша мыңнан астам тұрғыны бар 3 ауылға орталықтандырылған су құбыры тартылып, 12 елді мекенге су тарату тораптары орнатылмақ.
Сонымен қатар 2022 жылдан 2025 жылға дейін ел көшіп кетіп жатқан 116 ауылға сырттан тасымалданатын су тарату тораптары орнатылады. Д.Асқаровтың айтуынша, халқы аз ауылдарды сырттан әкелінетін сумен қамту – уақытша шара. Бұл елді мекендерде тұрғындар саны көбейіп жатқан жағдайда, орталықтандырылған су құбыры тартылатын болады.
Естеріңізде болса, таяуда Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев ауыл халқын ауызсумен қамтудың ең төмен деңгейі байқалған өңірлерді атаған еді. Оның ішінде Қостанай облысы да бар. Алайда соңғы жылдары бұл бағытта өңірде ауқымды іс атқарылып жатқанын айтпай кетуге болмайды. Ал бұған мүдделі басқарма өкілдерінің айтуынша, ауыл тұрғындарының ауыз су мәселесін шешу мақсатында әзірленген арнайы жоспар Мемлекет басшысы тапсырған міндеттердің 2025 жылға дейін 100% орындалуын толық қамтамасыз етеді.
Қостанай облысы