Қоғам • 03 Желтоқсан, 2021

Түркістан мен Литва арасында әуе рейсі ашылады

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанға еліміздегі Литва Республикасының Бас консулы Гвидас Керушаускас жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістан мен Литва арасында әуе рейсі ашылады

Балтық жағалауынан келген елшімен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Рашид Аюпов кездесу өткізіп, екіжақты байланысты жан-жақты талқылады.

«2018 жылдан бері Түркістан облысына 3,5 млрд АҚШ доллары көлемінде ивестиция тартылды. Өңірімізде Литва және Қазақстан кәсіпорындарын қатыстырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Туризм саласында әріптестік орнатуға мүдделіміз. Сондықтан Түркістан мен Вильнюс қалалары арасында әуе рейсін ашуды және арнайы турпакеттер әзірлеуді ұсынамыз. Біз жалпы литвалық кәсіпкерлерді Түркістанға шақырамыз», деді Рашид Аюпов.

Облыс әкімінің орынбасары алдымен онлайн байланыс арқылы кәсіпкерлер форумын немесе кездесуін өткізуді ұсынды. Бас консул Түркістандағы оң өзгерістерден хабардар екенін айта келе өңірде инвесторларға көрсетілетін қолдау жөнінде өз елінің кәсіпкерлеріне мағлұмат беретінін, әріптестікті нығайту бағытында жұмыс жалғасатынын мәлімдеді.