Руханият • 04 Желтоқсан, 2021

Ұлы Жамбыл мұрасы ұлықталды

342 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мерейтойын атап өтуге қатысты биылғы іс-шаралар мәресіне жетіп қалды. Бұл бағытта ұлы жыраудың ұлағатты мұрасын ұлықтауға Жетісу жұрты жұдырықтай жұмылып, ауыз толтырып айтарлықтай істерді жүзеге асырды. Игі жұмыстың бір парасы Жамбыл ауданында атқарылды.

Ұлы Жамбыл мұрасы ұлықталды

 

Кеше ақын мұражайында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Жамбыл әлемі» 30 томдық шығармалар жинағының тұсауы кесілді. Ақын музейіндегі бұл шарада шығармашыл жастармен кездесу ұйымдастырылып, руханият тақырыбында өзара пікір алмасу өтті. Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы үйлестірілген жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қырғыз елінің делегациясын бастап келген Қырғызстанның Мемлекеттік хатшысы Сүйүмбек Касмамбетов қатысты.

Алдымен ресми қонақтар Жамбыл Жабаев пен Нұрғиса Тілендиевтің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып тағзым етті. Мұнан соң ақын музейінде Алматы облысы әкімдігінің Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесіп шығарған 30 томдық «Жамбыл әлемі» кітаптарының тұсауы кесілді.

Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев еліміздегі «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы өзінің заңды жал­ғасын «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасынан тауып жатқанын, еліміздің әдеби-мәдени өміріндегі елеулі бастамалар, жастарды қолдау шаралары туралы айта келе, Жамбыл бабаның қазақ пен қырғызға тең тұлға екенін тілге тиек етіп, көрші елден арнайы келген ресми қонақтардың қадамына құт тіледі. Содан соң жастарға қарата:

– Шығармашыл жастар Жам­был ақынның рухына тәу етсін, өз­дері­ңіз­ді баба рухы қолдап жүрсін деп бү­гін осы шараны арнайы жыр алы­бы­ның музейінде өткізіп отырмыз. Сіздер тәуелсіздік жылдарында Қазақ­станның әр түкпірінде шығармашы­лық­тарыңызды шың­дап, көптеген табыс­қа қол жет­кіздіңіздер. Біз сіздерге зор үміт­пен қараймыз. Жамбыл бабамыз туын көтерген қазақ пен қырғызға тең өнер айтыс – нағыз тәуелсіздіктің, азат рухтың символы. Сондықтан рухани ішкі тәуелсіздігіміз үлкен жетістіктерге жол бастайды. Президентіміз айт­қан креативті индустрия бағытын дамытуға, заманауи технологияларды қолдана отырып, жаңа жобаларды іске асыруға сіздердің мүмкіндіктеріңіз мол. Оған мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдаулар бар, – деді Қ.Көшербаев.

Қырғыз Республикасының Мем­­ле­кеттік хатшысы С.Кас­мам­бетов көрші елдегі Жамбыл Жабаев мұрасының насихатын, жас ұрпақтың тәрбиесіндегі, екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтудағы ақын тұлғасының рөліне тоқталды.

Сол сияқты Қазақстан Респуб­ликасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова жә­не басқа да лауазымды тұлғалар ақын­ның мерейтойлық шарасының өнерлі жастарға берер тағылымын сөздеріне арқау етті.

Өз кезегінде Алматы облы­сы­ның әкі­мі Қанат Бозымбаев өңірде Жамбыл Жа­баевтың мерейтойына бағытталып өткізілген шараларға қысқаша тоқталып өтті.

– Міне, өздеріңізбен бірге Жам­был Жабаев әдеби-мемориалды музейінде еліміздің келешегін кемел ететін рес­публикамызға бел­гілі жас ақын-жа­зу­шылармен кездесіп, Қазақстан Жа­зушылар одағы басқармасымен бір­ле­сіп шығарған «Жамбыл әлемі» 30 том­дығының тұсаукесер рәсімін сал­та­натты түрде өткізіп отырмыз. Бұл ғасырдан-ғасырға мұра болып қала­тын әдеби алтын қор деп санаймын. Ұлыларымызды ұлықтайтын игі істеріміз көп болсын! – деді Қ.Бозымбаев.

Кездесуде белгілі айтыс ақыны Жандарбек Бұлғақов, ақын, «Egemen Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі Мирас Асан, танымал өнерпаз, Made in KZ тобының жетекшісі Бауыржан Итикеев, Солтүстік Қазақстан облысы Ғ.Мүсірепов ауданындағы ауылдық кітапхананың кітап­хана­шысы Николай Вербовский және басқа да бір топ талантты жас өз ойларын ортаға салды. Солардың қатарында республикалық телеарналарда жас қаламгерлердің шығармашылығын насихаттайтын арнайы хабар болса, жас кітапханашылардың кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететін жо­ба­ларға мемлекеттік гранттар берілсе, мектепте 1-7 сыныптарға қазақ күйлері­нің тарихы оқытылса, елімізде «Азия дауы­сы» сияқты халықаралық өнер бай­қауын өткізуді қолға алса деген тәріз­ді көптеген ұсыныс-пікір айтылды. Олар­дың әрқайсысына Қырымбек Елеу­ұлы ой қосып, халықтың рухани жаң­ғы­руына ықпал ететін бұл ұсыныстардың барлығы да тиісті салалармен бірлесіп талқыланып, ескерілетінін жеткізді.

Кездесу соңында ел Тәуел­сіз­дігінің 30 жылдығына орай кездесуге келген әр өнерлі жасқа Жамбыл баба рухы дарысын деген ниетпен домбыра сыйға тартылды.

Жалпы, осы жиында таныс­ты­рылған «Жамбыл жолы» 30 том­дығын Алматы облысының әкім­дігі Жазушылар одағымен бір­лесіп шығарды. Оған облыстық бюд­жеттен 114 млн теңге бөлін­ді. Онда ақынның өмір тарихы, шет тілден аударылған шығар­малары, музыкалық мұрасы, Жам­был Жабаев туралы зерттеу­лер, естеліктер, ақынның ұстаз­дары Сүйінбай, Қабан жырау, Майлықожа, замандастары, шәкірттері туралы деректер мен шығармалары, Ж.Жабаев туралы көркем шығармалар, Жамбылдың талантты ұрпақтары жайлы және басқа да деректер енгізілген.