Қоғам • 04 Желтоқсан, 2021

Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің ұлттық жүйесі

273 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ұйытқы болуымен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметін кәсібилендіру: саясат, тәжірибе және сын-қатерлер» атты халықаралық конференция өтті.

Мемлекеттік қызметті кәсібилендірудің ұлттық жүйесі

Президент жанындағы Ұлт­тық жоғары мемлекеттік бас­қару мектебі түлектерінің қауым­дастығы және «Астана» мем­ле­кет­тік қызмет хабы бірлесіп ұйым­дастырған конференция­да саясаткерлер, сарапшылар және халықаралық мамандар мем­ле­кет­тік қызметтің қазіргі за­манғы кәсіби негіздерін құру мәселелерін жан-жақты тал­қы­лады.

Конференция модераторы, Мем­лекеттік басқару акаде­мия­сы­ның ректоры Ерлан Әбіл сөз басында мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру мемлекеттік қыз­мет­шілерді даярлау және олар­дың біліктілігін арттыру жүйе­­­сіндегі негізгі мәселе екенін айтты. «Елбасының Жарлығымен Мем­лекеттік қызметке кадр даяр­­лау мақ­сатында 1994 жылы Пре­зи­дент жанындағы Мем­ле­кет­тік басқарудың Ұлттық жоғары мек­те­бі құрылды. Кейін осы мектептің негізінде Мемлекеттік басқару ака­демиясы ашылды. Қа­зір­гідей құн­дылықтар құ­былған және сын-қатерлер белең алған за­ман­да мемлекеттік қыз­мет­ші­лер­ді даяр­лаудың басым ба­ғыт­та­рын айқындау аса маңызды», деді Е.Әбіл.

Мемлекеттік қызмет істері агент­ті­гінің төрағасы Анар Жа­йыл­­ғанова тарихи өлшеммен қара­­ғанда, қысқа уақытта елі­міз­дің мемлекеттік қызметі қа­лыптасудың үлкен жолынан өткеніне назар аударды. Ол тәуелсіздіктің даму жылдарында Қазақстанның сая­си құры­лы­мының мәнін көр­сететін мем­ле­кеттік басқару инсти­тут­та­ры­ның құрылғанын да атап өтті. «Мем­ле­кеттік кадр саясаты уа­қыт талабына сай мемлекеттік қыз­мет­тің қуатты құралына айнал­уы тиіс» деген А.Жайылғанова Ұлт­тық жоғары мемлекеттік бас­қа­ру мектебінің осыдан 27 жыл бұрын адам капиталын дамыту мақ­са­тын­да құрылғанын еске алды.

«Академияның негізгі мақ­са­ты – кәсіби, тиімді әрі тұрақты мемлекеттік аппаратты дамыту. Ал бұл міндеттерді үздік әлем­дік тәжірибелер, білікті оқы­ту­шылар құрамы, сондай-ақ озық цифрлы құрал-жабдықтар ар­қылы жүзеге асыруға болады», деді агенттік төрағасы. А.Жайыл­ға­нова агенттіктің қазіргі заманғы үр­дістер мен талаптарды ескере отырып, мемлекеттік аппарат­ты трансформациялау және дамыту бағытындағы жұмыстарды жалғастырып келе жатқанын да мәлімдеді. Атап айтқанда, мем­ле­кеттік қызмет мансаптық моделге көшті, келісімшарт қыз­мет­шілері институты енгізіліп, ірік­теу рәсімі жетілдірілмек. Сон­дай-ақ жеке басқару қызмет­те­­рін кәсібилендіру бойынша іс-шаралар қабылданады. «Ел Президенті Елбасының саяси ба­ғы­тының сабақтастығын сақтай отырып, халықтың әл-ауқатын одан әрі жақсарту, Қазақстанның ха­лықаралық аренадағы ұста­ны­мын нығайту, мықты және ұйымшыл мемлекет құру жө­нін­дегі жұмысты жалғастырып келеді. Ал Тәуелсіздіктің үш он­жыл­дығы Қазақстан үшін эко­но­микалық прогресс пен тұрақ­ты даму дәуіріне айналды. Еліміз посткеңестік кеңістіктегі ең табыс­ты және ауқымды реформаларды жүзеге асыруда көшбасшы болды», деді агенттік басшысы.

Жиында Стратегиялық жос­парлау және реформалар агент­тігінің төрағасы Қайрат Келім­бетов жаңа экономикалық ба­ғытты іске асыру үшін бас­қарушы кадрларды даярлау міндеттеріне ке­ңінен тоқталды. Соны­мен қа­тар ол конференцияға қа­тысу­шыларды Мемлекет бас­шы­сы­ның басшылығымен жүр­гі­зі­ліп жатқан мемлекеттік бас­қа­руды жаңғырту реформаларымен таныстырды. Ал Президент Әкім­­шілігі Мемлекеттік бас­қа­ру бөлімінің меңгерушісі Әл­та­йыр Ахметов мемлекеттік бас­қару тұжырымдамасы шең­бе­рінде мемлекеттік аппаратты кәсібилендіру жөнінде пі­кірін білдірді. «Мемлекеттік ап­па­­раттың әлі де жабық түрде ше­шім қабылдауы, мемле­кет­тік қызмет көрсетуде сервистік модельді пайдаланбауы, шешім қабылдау кезінде ғылыми дерек­терге сүйенбеуі және басқа да кәсіби қабілеті мен білік­тілік­те­ріне қатысты сын-ес­керт­пелер өкінішке қарай, бізде өте көп. Бүгінгі бас­қосудың басты көздегені – мем­лекеттік қыз­мет­шілердің кәсі­би біліктілігі мен құзыретін же­тіл­діру. Бұл ба­ғыт­та елімізде біраз өзгерістер болды. Мәселен, мем­лекеттік қыз­метшілердің жала­қылары едәуір өсті. Осы фак­тор­дың өзі мем­лекеттік аппаратқа кәсіби әрі мықты мамандарды тартуға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Қазіргі таңда бізге жобалық менед­­жмент, сертификат­тау сала­сындағы білікті кадр­лар өте қа­жет», деген ол халыққа қызмет көр­сету кезінде бұл жүйенің тым бюро­краттанып кеткенін де ашық сын­ға алды. Сондай-ақ жиында «Астана» халықаралық ғылыми кешені директорлар кеңесі төр­а­ға­сының орынбасары Фархад Қуанғанов Президент жанындағы Ұлттық жоғары мемлекеттік бас­қа­ру мектебінің еліміздің саяси элитасын қалыптастырудағы рөлі жөнінде баяндама жасады.

Мемлекеттік қызмет сала­сын­­­дағы Өңірлік хаб Басқа­ру­шы ко­­­ми­тетінің төрағасы Әлихан Бай­менов мемлекеттік қызметті жаң­ғыртудың өзекті мәселелері туралы айта келіп, Елбасы мен Президенттің ұзақ мерзімді жос­парларын жүзеге асыру кәсіби мемлекеттік аппараттың маңызын арттыра түсетін ұсыныстарын білдірді: «Біріншіден, мемлекеттің ұзақ мерзімді мүддесін қор­ғай­тын кәсіби мемлекеттік қыз­мет­­­шілерді іріктеу және лауа­зым­дарға тағайындауда мерито­кра­тия қағидаттарын кү­шей­­ту, екіншіден, ақпарат ағым­да­ры мен шешім қабылдау рәсім­де­рін оңтайландыру және өкілет­ті­лік­тер­ді неғұрлым төменгі деңгейге беру арқылы дебюрократизацияны жүргізу, үшіншіден, адалдық, па­расаттылық және әдептілік қа­ғи­­даттарына, заң алдында бар­ша­ның теңдігін қамтамасыз етуге сүйене отырып, асқынып кеткен жемқорлықты ауыздықтау. Бұл тұрғыда қоғамдық игіліктерді бөлу, мемлекеттік инвестициялар, сатып алулар және жеке­ше­лен­діру мен салықтық, тарифтік жеңілдіктер беру жүйесінде блок­чейнді пайдалану өте маңыз­ды», деген Ә.Байменов заманауи ақпараттық технологиялар­ды кеңінен пайдаланғанда азамат­тардың құқықтарын сақтау үнемі назарда болуы тиіс екенін де алға тартты. «Корпоративтік мәде­ниет­ті дамыту әр мемлекеттік қыз­мет­шінің және азаматтың еңбегін, абыройын және уақытын бағалап, құрметтеуге негізделгені абзал. Тарихи себептерге байланысты мемлекеттік басқару ғылымы ТМД аймағында кенжелеп қал­ғанын ескере отырып, ғылыми дәлелдерге негізделген шешімдер қабылдау жүйесін енгізу – қазіргі заманның талабы», деді ол. «Бұл іс-шаралар халықтың мемлекеттік аппаратқа деген сенімін арттыруға септігін тигізеді деп сенемін», деді сөзінің соңында комитет төрағасы.

«Конференция кезінде көтеріл­ген барлық мәселе маңыз­ды әрі орынды. Осы ретте Президент жа­нын­дағы Мемлекеттік басқару ака­демиясы басқосу барысында ортаға тасталған ұсыныс-пікірлерді то­лық қолдап, қолға алуға дайын. Қазіргі заманғы талаптарға жауап беретін мемлекеттік қыз­мет­ші­лердің кәсіби корпусы арқылы мемлекеттік қызметтің тиімді жү­йе­сін құру – бұл еліміздің тұрақты дамуы үшін негізгі факторлардың бірі болып саналатыны анық», деді іс-шара модераторы, Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.

Конференцияға қатысқан ор­та­лық мемлекеттік және жергі­лік­ті атқарушы органдардың өкіл­дері, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет сала­сындағы отандық және шетел­дік сарапшылар, академия түлек­те­рі, білім алушылары мен қыз­мет­керлері пленарлық сессия ке­з­інде мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің ұлттық жүйесін дамыту бағыттарын талқылап, мем­лекеттік қызметшілердің кә­сі­би даярлығын дамытудың басты мақсат-міндеттерін атап көрсетті.