ЭКСПО шежіресі: Буфалло, 1901 жыл
Буффало қаласында Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы 6 ай бойы желбіреді. Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінен келген қонақтар көрме жәдігерлерін қызыға тамашалады. Көрме жәдігерлерінің арасында білім саласының жетістіктері барынша мол болды. Осы жәдігерлер арқылы ғылым мен техниканың соңғы жетістіктері кеңінен насихатталды. Көрме қалашығындағы барлық ғимараттар, биік мұнаралар, түрлі-түсті жарық беретін шамдармен әрлендіріліп, қайталанбас қызылды-жасылды көрік берді. Көрме қалашығында орналасқан субұрқақтар алаңы, үлкен амфитеатр, айнадай шағын көлдің үстінен салынған Салтанатты көпір, осы көрме өткізу қарсаңында жер шарын айналып шығу сапарынан оралған Джошуа Слокуманың «Спрей» атты қайығы туристердің ерекше қызығушылығын туғызды.
Өкінішке қарай, Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі өтіп жатқан кезде барша Американы дүрліктірген үлкен қайғылы оқиға орын алды. 1901 жылы 6 қыркүйекте көрмені тамашалауға келген АҚШ президенті Уильям Мак-Кинлиге қарсы қастандық жасалынды. Музыка сарайына кіріп бара жатқан АҚШ президентіне қарсы анархист Леон Чолгош оқ атып, Мак-Кинлиді ауыр жаралады. Осы ауыр жарақаттан айықпаған президент 8 күннен кейін қайтыс болды. Бүкіләлемдік көрмені ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың есінде президенттің көрмені тамашалауға келген кезінде айтқан мынандай сөзі қалды: «Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі адамзат прогресінің шежіресі болып табылады. Ол жаһандық жетістіктерді адам игілігіне жаратады. Ол өнертапқыштықты, ізденісті дамытады, адам ақыл-ойының жетілуіне серпін береді. Ол ұрпақ игілігіне айналатын небір ғылыми жаңалықтарға жол ашады».
Иә, Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі шежіресін саралайтын болсақ, оның адамзатқа берген жетістіктері жетерлік. 1851 жылы өткен алғашқы көрмеде тұңғыш рет бумен жұмыс істейтін қозғалтқыштар адамзат игілігіне жаратылды. Филадельфияда өткен Бүкіләлемдік көрмеде Александр Белл ойлап тапқан телефон адамзат назарына ұсынылды. Осы көрмеде Бразилия императоры ІІ Педру журналистердің көзінше телефон құлағын көтеріп: «О, құдайым! Мынау сөйлейді ғой!» деп дауыстап жіберді. Міне, сол сәттен бастап, телефон байланыс құралына айналды. 1878 жылы Париж көрмесінде фонограф ашылса, 1889 жылғы Париж көрмесінде Эйфель мұнарасы адамзат игілігіне берілді.
Эйфель мұнарасындай болмағанымен, Буфалло көрмесінде де бірқатар сәулет өнерінің озық үлгілері салтанат құрды. Көрме қалашығында сәулетші Джордж Шеплидің тамаша туындысы болып табылатын ауыл шаруашылығы ғимараты бой көтерді. Джон Говард Галеннің үлкен еңбегінің жемісі –Электр мұнарасы көрмені тамашалауға келген халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Архитектор Джеймс Тейлор Нокстың қолынан шыққан сәулет өнерінің тамаша үлгілері болып табылатын ғимараттар да көрмеден кейін ұзақ уақыт халық игілігіне жаратылды.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».