Коронавирус • 06 Желтоқсан, 2021

Елбасы: «Пандемияның соғыстан несі кем?»

840 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Egemen Qazaqstan газетінде жарияланған «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында әлемдік пандемияның жаһандық экономика мен адам өміріне тигізген әсері жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Елбасы: «Пандемияның соғыстан несі кем?»

«Міне, екі жылдан бері дү­ние жүзі алаң күй кешуде. Коронавирус дертінен туын­даған пандемия әлемдік эконо­миканы ғана емес, өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруды, ғылым мен технология дамуын, жалпы адамның ойлау жүйесін айтарлықтай өзгертті. Ең алдымен, адамзатқа ортақ індет даму деңгейіне қарамастан ел мен елдің экономикасы мен технологиясын жақындастырып, бір-бірімен ынтымақтастыра бастады. Соның негізінде жаңа жаһандық экономикалық парадигма қалыптасты», деп жазады Елбасы.

Ол, сондай-ақ, Нобель сый­лы­ғының ғылым сала­сын­дағы лауреаттары жақында «Біздің ғаламшар, біздің болашағымыз» саммитінің қоры­тын­дысын шығарып, әлем мемлекет­теріне үндеу жасағаны жөнінде сөз қозғады.

«Олар: «Егер осы бесжылдықта трансфор­мациялық шаралар қабылданбаса, адамзаттың болашағына ауыр қатер төнетін болады... Қоғамның ең кедей және маргиналданған топтары мейлінше әлсіз жіктер күйінде қала береді», деді. Бұл менің осыдан тура 30 жылдай бұрын, 1992 жылдың 5 қазанында, Бірік­кен Ұлттар Ұйымының мінбесі­нен айтқан ұсыныстарыммен астасып жатыр. Біз сол кезеңнің өзінде әлем­­нің ең бай мемлекеттерінің әс­ке­ри-соғыс мақсатына қарас­тыратын шығын­дарының 1%-ын бөлу арқылы адамзатқа айтып келмейтін, төтенше апаттарға қарсы күресудің халықаралық қорын жасауды ұсынған едік. Әңгіме ол кезде БҰҰ-ның бітім­гершілік күштері туралы бол­ған еді, бірақ, біріншіден, маңыз­дысы идея және ұжымдық әре­кеттестіктің тетігі болатын, екін­шіден, түрлі елде тәулік сайын жүздеген, мыңдаған адам­ды баудай түсіріп жатқан пан­демияның соғыстан несі кем?  Егер дәл сол кезде мен ұсын­ғандай қор жасалған болса, қазіргі пандемия жағдайында кедей мемлекеттерге коронавирус­пен күресуге және оның зиянды зардаптарын жоюға бағытталған шараларды ұйымдас­тыруға мол мүмкіндік туған болар еді», деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.