Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2021

Алматының дамуы әртараптандырылады

386 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Аlmaty Investment Forum-2021 қаланы дамыту, агломерация, урбандалу және цифрлы трансформацияның басым бағыттары мен құралдарын талқылауға басымдық берді. Жиында белгілі бол­ғандай, енді Алматы экономикасы «мега-қала», «поли-сити» және «метро-қала» айналасында дамиды.

Алматының дамуы әртараптандырылады

Бұл бағыттардың басты идеясы – Алма­тыны кеңейту, әр ауданның жеке инфра­құрылымы мен тұрғын­дар үшін барлық қолайлылығы, көліктік байланысы және басқа да факторлар болған кезде полицентрлікті ны­ғайту. Сондай-ақ мегаполистің өңірлік бәсекеге қабілеттілік, әуе қатынасы, таланттар мен экспаттар үшін қолайлы орта сияқты негізгі артықшылықтарын дамыту маңызды екені айтылды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мұхит Әзірбаев шаһар­дың алдағы уақытта бірнеше бағытта да­митынын айтты. Соның ішінде се­рік­тес қалаларды дамыту, урбандалу мә­селесіне ерекше басымдық беріл­мек. Қалаға тәулігіне кем дегенде 500 мың адам келіп-кетеді. Ал Алматыда тұрақ­ты жұмыс істейтін азаматтардың саны 200 мың. Сондықтан қала билігі Алматы агломерациясын көрші облыс­тардың экономикасымен қатар дамыту керек деген байламға келіп отыр. 2030 жылға қарай Алматы агломерациясында 5 млн-ға жуық адам тұ­рады. Бұл фактор қала экономикасы мен креативті индустрияға жаңа мүмкіндіктер береді. «Алматы-2050» стратегиялық жоспарына сәйкес ха­лықаралық инвестиция тарту және да­рынды мамандарды дамыту мақ­са­тында қала смарт жоспарлауға кө­шіп, жаңа Жібек жолының ірі сауда, логистикалық және коммуникациялық хабын қалыптастырады.

М.Әзірбаев атап өткендей, урбан­­далуды жос­парламасақ, көлік пен қор­шаған ортаға байланысты проб­ле­малар туындауы бек мүмкін. Тиісті заң әзірленіп, көлік жүйесі, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, эко­логиялық жағдай мен инфра­құры­лымды жақсарту бойынша жобалар пысықталып жатыр. Қала шетіне кең жолақты интернет және басқа да инженерлік желілер орнатылып, жаңа технологиялар мен цифрлы жобаларға инвестиция тарту қолға алынды. Стартаптар үшін акселерация бағдарламасы іске қосылып, 2 жоба жүзеге асырылды, 9 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Қала әкімінің орынбасары креативті экономиканы дамытуға айтарлықтай көңіл бөлу жоспарланып отырғанын да қаперге салып өтті. Қазір бұл саладан 37,7 млрд теңге түсім түсіп, 402,8 млрд тең­генің қызметі көрсетілген. Алматы билігі жеке серіктестермен 562,4 млн теңгеге 11 жобаны қаржыландыруға дайын.

Centras тобының жетекшісі Ел­дар Әбдра­зақов сұранысты қана­ғат­тандыру үшін бизнес қалаға не қажет екенін білуі керек екенін айтты. ХХI ғасыр бизнесіндегі басты тренд – клиенттің ішкі сұранысын қанағаттандыруға басымдық беру. Егер тауарға елде сұраныс болмаса, шетел­ге өткіземіз деп армандау­дың қажеті ­жоқ. Екінші мәселе – тек қана тиімді­лік, цифрландыру және интеграция­ға басымдық беру. Себебі бизнестің инерциясына байланысты қозыкөш кейін қалғанымызды сарапшылардың бәрі айтады. Алдағы уақытта белсенді болу керек. Бұл үшін бизнестің барлық сегменті цифр­лы тізбектер арқы­лы орталықтандыры­луы маңыз­ды. Са­рапшы айтып өткен­дей, цифрлы немесе смартфондар­дың өмірімізге әсері – кешегі күннің әңгімесі. Қазір смартфон әлемдегі про­цес­терді өзінің қауызына сыйдырды. Алдағы бі­рер жылда әлемнің кез келген нүктесіндегі биз­несті ас үйде отырып, смартфон арқылы бас­қа­рамыз. Сондай-ақ ол урбандалу мәселесін бірнеше бағытпен қатар тал­қылауға кеңес бер­ді. Бұл процес­тің жағымды аспектілерімен қоса, қо­­ғам­дық болмысқа әсер ететін жағым­сыз тұс­тары да бар.

Цифрлы үрдістер тереңдеп, мүм­кіндік­тері әр­тараптандырылған са­йын адам­дардың ұжым­дасып бірге өмір сүруге деген қажеттілігіне селкеу түсіреді. «Смартфон кәрінің де, жастың да барлық қажетін қана­ғат­тандырып отыр. Мұның алдын алмасақ, ұрпағымыз онжылдық­тар­­да жалғыздық дертіне шалдыға­ды, ешкімді керексінбейді. Бала­ларымыздың да, өзіміздің де бір мез­гіл болса да одан бас тартып, бір-бірі­мізбен жиірек кез­десуге мүмкіндік бе­ретін жайттар жайын­да қазір­ден бас­тап ойлану керек, адам­ның техни­ка­ға тәуелділігі жақсы­лық­қа апармай­ды», деп түйіндеді Е.Әбдразақов.

«Жыл жобалары» тақырыбындағы пленарлы сессияда «АлЭС» АҚ даму және трансформация жөніндегі бас­қарушы директоры Серік Қалиев Алматы ЖЭО-2 жаңғырту жобасы бойынша шешім 2020 жылдың қазан айында қабылданғанын, мо­дер­­низациялаудың төрт нұсқасының ішінде жылу электр орталығын кө­мірден газға көшіру мақұлданғанын айтты. Экологиялық жағдайды жақ­сарту мақсатында Алматыдағы ЖЭО-2-де қуаттылығы 400 МВт-қа дейінгі құрамдас циклді станса құрылысына инвестиция тарту есебінен 315 млрд теңге қажет. Оның 10,5 млрд теңгесі 2022, 101,4 млрд теңгесі 2025 жылға дейін жұмсалады.

Еске сала кетейік, биыл сәуір ­айында ЖЭО-2 газға көшіру жобасы­ның алғашқы нұсқасы сараптамадан өтпеді, құнының қымбаттағаны белгілі болды. С.Қалиев қымбаттау құрал-жабдықтардың құрамын нақ­тылау және басқа да шараларға бай­ланысты екенін, жобаның қаржы­лық-экономикалық бөлігі әлі пысық­талатынын атап өтті.

Онлайн арқылы байланысқа шық­қан Париж, Рим қалалары билігі өкілдері ірі қалалардың мигра­ция­лық тартылыс ошағына айналуы әлем­дік құбы­лысқа айналғанын, бі­рақ қала іші, қала сыртына қаты­най­тын электрлі жүрдек пойыздар арқы­лы оның салмағын жеңілдетіп отырғанын айтты. Халықаралық Mer­cer жобасының жетекшісі Сла­жин Паракатил мегаполистер үшін қазіргі тренд адам саны емес, өзімен қатар дамып келе жатқан шағын се­ріктес қалалардың әлеуеті екенін айт­ты. Мысалы, Париж, Рим, Ыстан­бұлдың дамуына айналасындағы қа­лалар септесіп отыр. Бұл – әлемдік тәжірибеде сыннан өткен құбылыс. «Миграция мен урбанизациядан ту­ған проблемалар жыл өткен сайын терең­дей береді. Бірақ оның шешімі бар. Сондықтан әлемдік тәжірибені қаперге алған дұрыс. Серіктес қала­ларды дамыту арқылы үлкен, тарихи қала­лардағы санғасырлық тарихы бар ғимараттарды сақтап қаламыз. Үлкен қалалар санғасырлық тарихты жермен-жексен етіп, жою емес, жан-жағындағы елді мекендердің да­муы арқылы ғана қаланың тарихи келбетін сақтап қалады, сонымен бір мезгілде жаңарады», деп түйіндеді С.Паракатил.

Форумға қатысушылар әлемнің айтулы мега­полистерінің басшыларымен телекөпір өткізіп, интеграция мүмкіндіктерін талқылады, әкімдердің кәсіби біліктілігін жетілдіру мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.

 

АЛМАТЫ