Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2021

Полицейлер үшін арнайы тұрғын үй бағдарламалары әзірленеді

421 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Ішкі істер министрлігі полицейлерге арнайы тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік беру үшін «Отбасы банкімен» келісім жасасуға ниетті. Бұл туралы ҚР ІІМ ресми өкілі Нұрділдә Ораз брифинг барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Полицейлер үшін арнайы тұрғын үй бағдарламалары әзірленеді

«Банктермен бірлескен жұмыс жүргізілуде. Қазір «Отбасы Банкі» басқармасымен келісім жасасу бойынша мәселе пысықталуда, бұл полицейлерге банктің арнайы тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға және тиімді шарттармен тұрғын үй алуға мүмкіндік береді», деді Нұрділдә Ораз.

Бұған дейін хабарланғандай, елімізде баспанаға мұқтаж полицейлердің 70%-дан астамы арнайы жеңілдіктермен қамтамасыз етілген.

«2014 жылы қызметкерлердің белгілі бір санатына тұрғын үйді жалдауға арналған өтемақы төлеу құқығы берілді. Бастапқы кезеңде 6 мыңнан астам полиция қызметкері осы құқыққа ие болды, бұл жедел-тергеу және криминалистикалық бөлімшелер. 2019 жылы тізбе патрульдік полиция және учаскелік инспекторлар лауазымдарымен толықтырылды. Сол кезде қызметкерлердің жалпы саны 9 мыңнан астам адамды құраған болатын», деп түсіндірді Нұрділдә Ораз.

Спикер жыл басынан бері мұндай лауазымдардың тізімін учаскелік көмекшілер, арнайы мекемелер мен айдауыл қызметі, күзет және кинологиялық бөлімшелер, медициналық бөлімшелер мен қылмыстық-атқару жүйесіндегі сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімшелері, кезекші бөлімдер мен жедел басқару орталықтарының қызметкерлері толықтырғанын қоса айтты.