Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен Алматы қаласының әкімдігі, Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім Қоры, EdCrunch Academy заманауи білім беру институты және ұйымдастыруымен өткен байқаудың бас серіктесі – «Алматы кітап баспасы», ресми серіктесі «Халық» қайырымдылық қоры болып табылады.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау салтанатында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев үздік ұстаздарға сәттілік тілеп, еліміздің білім кеңістігінде білікті мамандар рөлінің жоғары екендігін атап өтті.
Байқауға 2 мыңнан астам мұғалім қатысты. Байқау жарияланған күннен бастап YouTube желісінде тегін білім беру вебинарлары, әлеуметтік желілерде пайдалы әрі қызықты материалдар жарияланды. Алғашқы кезеңнен өткен 105 ұстаз келесі кезектегі тапсырма – сандық құралдарды қолдана отырып сабақ әзірлеу тапсырмасын орындады. Бұл кезеңнен 30 мұғалім мүдірмей өтті. Осылайша 21-26 қараша аралығында жеңімпаздар еліміздегі алғашқы интенсив лагерьге жолдама алды.
Алты күнге созылған Ustaz Camp «Оi-Qaragai Lesnaya Skazka» тау курортының аумағында орналасты. Байқаудың жартылай финалистері тәжірибелерін үйлестіре отырып, бос уақытта табиғатта демалып, жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік алды. Лагерь бағдарламасы 53 академиялық сағатты құрады. Оның барысында 6 сабақ өтіп, 7,5 сағатты құрайтын кешкі интерактивтермен толықты. Сабақтар digital білім берудің өзекті тақырыптарына арналған. Теориялық, тәжірибелік бөлімдердің мұғалімдер үшін жаңашылдығы көп. Спикер ретінде Қазақстан мен ТМД елдерінен 8 маман осы шараға қатысып, олардың 5-еуі білім беру және цифрлық педагогика саласындағы білімдерімен бөлісті.
Ustaz Camp қорытындысы бойынша финалға шыққан 10 ұстазға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. І орынды тарих пәнінің мұғалімі, Galaxy International School гуманитарлық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі Сағынғали Қалиев жеңімпаз болып танылды. Ол М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2011 жылы «Тарих» мамандығы бойынша үздік бітірген. Назарбаев университетінің кәсіби даму бағдарламасының (PDP) тыңдаушысы, Л. Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық қатынастар магистрі. Назарбаев зияткерлік мектептеріне арналған 9 және 10-сынып дүниежүзілік тарих оқулықтарының авторы. International Baccalaureate Organization және Cambridge International Examinations – A-Levels халықаралық білім беру жүйелерінің емтихан қабылдаушы. Үздік ұстаз ендігі кезекте Лондонға барып, ағылшын білім беру ұйымдарының бірінде тәжірибе жинақтауды жоспарлап отыр. Ал ІІ орынды «Білім-Инновация» лицейінен Ерлан Нұғман мен Нұрбек Серікұлы бөліссе, ІІІ орынды Ерлан Керімбай иеленді.
Бүгінде Digital Ustaz Almaty үздіктері озық білімнің үлгісіне айналды. Осы ретте айта кететін мәселе, қатысушылардың 83,3 пайызы мемлекеттік мектептерде жұмыс істейді. Болашақта олар жинаған білімдерін мектептерде қолданып, тәжірибелерімен бөлісетін болады.