Мұндай шаралар Тараз қаласы мен аудандарда да жалғасуда. Аталған жоба аясында Тараз қаласындағы бірқатар жомарт азамат та «Шалғай Қарасу» тұрғын алабынан қаралған жер телімінен 15 үйдің құрылысын бастаған болатын. Жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, жеті үй пайдалануға берілді. Қалған сегіз үйдің де құрылысы жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Облыс әкімі Б.Сапарбаев тараздықтардың қуанышына ортақтасып, қоныстой иелерін арнайы келіп құттықтады.
«Ежелден бері елдік мұратты, ұлттық құндылықтарды ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі соның бір айғағы. Бүгінде ұлттың болмысындағы осы бір ерекше қасиет облысымызда жаңғырып, жалғасын тауып, туған-туыстар мен ауылдастар жиылып мұқтаж жандарға көмек қолын созуда. Оған жергілікті билік те атсалысуда. Біз сонау ашаршылық және соғыстан кейінгі қиын жылдары да бір-бірімізге қолғабыс білдіріп, бірлігімізден айырылмаған елміз. Өзге ұлт өкілдерін де бауырымызға басып, мейірімділік танытқанбыз. «Асарлатып үй салу» жобасының мақсаты мұқтаж жандарға үй салып беру ғана емес, өзара бірлігіміз мен ынтымағымызды, қоғамдағы өзара келісімді, қамқорлықты арттыруға негізделген», деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ облыс әкімі қоныстой иелеріне баспана кілттерін тапсырып, үйлердің құрылысына атсалысқан барша азаматтарға, жеке кәсіпкерлер мен қала басшылығына ризашылығын білдірді. Б.Сапарбаев өз сөзінде «Жомарт түлек», «Таразға тарту» секілді жобалары аясында демеушілер есебінен атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелеріне де тоқталды.
Баспаналы болған тұрғындар атынан Аида Абдезова сөз алып, өзі секілді талай жыл пәтер жалдап келген отбасылар, көпбалалы аналар үшін бұл үлкен көмек, тамаша тарту екенін айтып, облыс басшылығына және бұл іске атсалысқан барша жандарға алғыс айтты. Бүгінде аталған тұрғынжай алабында инженерлік-инфрақұрылымдық мәселелері де оңынан шешілуде. Ең бастысы, жарық пен газ тартылған. Келесі жылы таза ауыз су мен жол мәселесі түбегейлі шешілетін болады. Жақын маңнан жаңа мектеп те салынуда. Пайдалануға берілген үш бөлмелі әр үйдің аумағында сегіз сотық жері бар. Ал үйлердің аулаларына тақтатастар төселіп, қоршау да орнатылған. Сонымен қатар әр бөлме қажетті жиһаздармен жабдықталып, тұрмыстық заттармен де қамтылған.
Жалпы, облыс бойынша «Асарлатып үй салу» жобасы аясында былтыр 99 үй салынса, биыл 133 үй тұрғызу жоспарланған. Ал бүгінге дейін 75 үйдің құрылысы аяқталған. Қалған үйлер жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұдан кейін облыс әкімі Б.Сапарбаев аталған тұрғын алапта салынып жатқан 600 орынды жаңа мектептің құрылысын барып көрді. Мердігер – «Темір Строй сервис и Ко» ЖШС. Бүгінде құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталған. Аталған нысан келесі жылдың басында пайдалануға берілмек. Өз сөзінде Б.Сапарбаев жұмысты сапалы әрі жеделдетіп жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар білім ошағының ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарына айрықша ден қою керектігін баса айтып, жауаптыларға нақты тапсырма берді.