Аймақтар • 07 Желтоқсан, 2021

Газ бен ауыз су тартылып, көшелер жарықтандырылады

163 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл облысында бүгінде атқарылып жатқан шаруалар аз емес. Мұндай жүйелі жұмыстар легі келесі жылы да жалғасын табатын болады. Nur Otan партиясының облыс мәслихатындағы депутаттық фрак­циясының кеңейтілген отырысында көп­теген мәселе талқыланып, тиісті шешім­дер шығарылды. Жиында партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол карталарының орындалу барысы қаралды.

Газ бен ауыз су тартылып, көшелер жарықтандырылады

Жиынға облыс әкімі, партия облыстық филиа­лының төр­ағасы Бердібек Сапарбаев, облыс­тық мәслихаттың хатшысы Мах­мет­ғали Сарыбеков қатысты. Сес­сия­ны фракция жетекшісі Мұқаш Ескендіров жүргізіп отырды. Сон­дай-ақ жиын барысында облыс әкімінің орынбасарлары Талғат Мамаев, Рүстем Дәулет және Дәулет Кәрібек ат­қарылып жатқан жұ­мыстар туралы баяндаса, фрак­ция мүшелері Айгүл Ақшалова мен Керімқұл Бегалиев сайлауалды бағдарламаларының орындалу барысы мен депутаттық мін­деттерін атқаруы туралы есеп берді. Қатысушылар Тұңғыш Пре­­зидент – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың Саяси кеңес­тің ке­ңейтілген отырысындағы «Ел­­діктің жеті тұғыры» атты қағи­да­ты­нан туындайтын мін­дет­тер және депутаттардың рейтингісін қалып­тастыру мәселелері туралы тал­қылады. «Кешегі а­рнайы мәжілісте Nur Otan партиясының «Өзге­рістер жолы: баршаға лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Жол картасын» орындау шаралары талқыланды. Әр­бір көрсеткіштердің орындалуына бақылау жүр­гізуге барлық фракция мүшелері бекітілген. Жауап­ты мекемелер өзара бірлесе отырып шешу жол­дарын қарастыру керек. Алдағы жылдардағы көрсет­кіштер осы бастан пысықталуы тиіс», деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар облыс әкімі «Жол картасы» аясында 2022 жылы 119 елді мекенге газ, таза ауыз су тарту, көшелерді жарық­тан­дыру, 54 әлеу­меттік нысанның және 500 шақырымнан асатын жол­дардың құрылысы мен жөндеу жұ­мыстары жоспарланып отыр­ға­нын айтты. «Жол картасы» көр­сеткіштерінің орындалу сапасы да партиялық депутаттардың жұ­мысын бағалаудың басты өлшемі болып табылатынын жеткізді.

Депутаттарды бағалау әдіс­те­­ме­сіне де айтар­лықтай өзге­рістер енгізілген. Биылғы жыл­­дың тамыз айынан бастап қанат­қақ­ты режімде ақ­па­раттық жүйе­де барлық деңгейдегі мәс­ли­хат депу­таттарының рейтингі қалыптастырылуда. Өзгерістерге сәйкес, бұдан былай мәслихат хат­шылары мен фракция же­тек­ші­лерінің бағалауына «Жол картасындағы» барлық ин­дика­тор­лардың орындалуы, оларды қаржыландыру мәселесі, Қоғам­дық кеңестердің жұмыс тиімділігі секілді арнайы тармақтар ен­гі­зілген. Яғни оларды бағалау жүйесі күшейтіліп отыр.

«Партияның кеңейтілген оты­рысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік жылдарын­да­ғы атқарылған шаруаларды саралай келе, жаңа дәуір­дегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттарын ұсынды. Олар: Тәуел­сіздік – кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық, Бір­лік пен келісім – елдігіміздің мыз­ғымас тұғыры, Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы, Отбасы мен салт-дәстүр – қоғамның алтын діңгегі, Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі, Білім мен еңбек – бақуатты өмірдің кілті, Прагматизм – бәсекеге қабілетті болудың кепілі. Бұл қағидаттардың халқымыз үшін, әсіресе, жас ұрпақ үшін маңызы зор. Біз үшін оның орындалуы аманат, міндет. Елдіктің жеті тұғыры – болашағы жарқын, еңсесі тік, рухы асқақ ұрпақтың ұраны. Біздің алдымызда аталған қағидаттан туындайтын үлкен міндеттер тұр. Бұл тұрғыда облыс тұрғындары арасында кең ауқымды түсіндіру шараларын қолға алуымыз керек», деді әкім.

Сондай-ақ Б.Сапарбаев филиал басшыларына бірқатар міндет жүктеп, «Елдіктің жеті тұ­ғыры» қағидаттар жиынтығы мен кеңейтілген Саяси кеңес отырысының қорытындыларын тал­қы­лау үшін ірі бастауыш партия ұйымдары, бар­лық деңгейдегі мәслихат депутаттары, беделді қоғам қай­раткерлері, сондай-ақ сарапшылардан құрал­ған спикерлер пулын жасақтау, ақпараттық-түсін­діру топтарын құрып, топтың жыл соңына дейін атқа­ратын жұмысының кестесін әзірлеуді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше