Қоғам • 07 Желтоқсан, 2021

Сенатта отбасылық құндылықтардың өзекті мәселелері талқыланды

366 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының төрағалық етуімен «Қазақстандық отбасы: ұлт негізі» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды, деп жазады Egemen.kz.

Сенатта отбасылық құндылықтардың өзекті мәселелері талқыланды

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Нариман Төрағалиев Сенатта биылғы наурыз айында отбасы институтын нығайту мәселелері бойынша парламенттік тыңдау өткенін айта келіп, оның қорытындысы бойынша осы саладағы жағдайды жақсартуды көздейтін ұсынымдар мемлекеттік органдарға берілгенін атап өтті. Ол сонымен қатар Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аналар мен балаларға, жастарға қажетті жағдай жасау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу тетіктерін әзірлеу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырғанын еске салды.

Сенатор Динар Нөкетаева да осындай ұстанымға қолдау білдірді. Ол өз сөзінде мемлекеттік отбасылық саясаттың басты міндеті – отбасын қолдау, нығайту, қорғау және дәстүрлі құндылықтарды сақтауға бағытталуы тиіс екенін атап өтті.

«Отбасының негізгі қағидалары отбасындағы тәрбие барысында қалыптасатыны анық. Бүгінгі таңда отбасы институтының құлдырауына, құндылықтардың өзгеруіне әлеуметтік желілердің, бұқаралық ақпарат құралдарының, жалпы интернет мазмұнының әсері өте қатты болуда. Осы ресурстарды пайдалана отырып тиісті аудиторияларды отбасылық және ұлттық құндылықтарға бай мазмұнмен қамтамасыз етуіміз маңызды деп пайымдаймын», деді Динар Нөкетаева.

Сенатор сонымен қатар телевизия хабарлары мазмұнының сапасына да тоқталды. Динар Нөкетаева отандық анимация өнімдері көрерменді қызықтыра қоймайтынын, себебі сапасы мен тартымдылығы төмен екенін атап өтті. Сенатор осыған байланысты мәселеге салалық министрліктің назар аударғаны жөн екенін айта келіп, жағдайды жақсарту жөнінде жоспар әзірлеуді сұрады.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ішкі істер министрінің орынбасары Марат Қожахметов және т.б. баяндама жасады. Сондай-ақ дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдардың өкілдері, Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың мүшелері де қатысты.