Бүгінде елді елеңдететін бір-ақ нәрсе бар: ол – мемлекеттің өркендеуіне төнетін қауіп. Ал бұл қауіп қайдан шығады? Әрине, сырттан келмейтіні анық. Демек, іштен шыққан жау жаман дегендей, елдің өркендеуіне қатер төндіретін жалғыз аса қауіпті кедергі – сыбайлас жемқорлық. Мұны, яғни мемлекетті жайлаған асқынған дертті құртудың жолы туралы біз әңгімелескен Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Марат ШАБАҚБАЕВ та жасырмай айтады.
– Құрметті Марат Несіпбекұлы, Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлық мәселесіне ерекше назар аударды. Осы орайда Президент тапсырмасына сәйкес қандай игі жұмыстар атқарылмақ?
– Елбасы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында Қазақстанның алдағы онжылдықтардағы басты мақсаты әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылуды белгіледі. Әрине, өзіңіз айтқандай, сыбайлас жемқорлық еліміздің өркендеуіне қауіп төндіріп, кедергі келтіретіндігі даусыз. Сондықтан да Елбасының міндеттеріне сәйкес, Қаржы полициясы өз қызметінің басым бағыттары ретінде сыбайлас жемқорлыққа және көлеңкелі экономикаға қарсы тұру, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қорғауды қолға алды. Сөйтіп, сыбайлас жемқорлықтың ұйымдасқан нысандарының жолын кесуге бағытталған «жүйелі сыбайлас жемқорлыққа» қарсы жұмыстың жаңа тәсілдері жасалды.
Бұл бағытта орасан жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, өткен жылы ұйымдасқан қылмыстық топтарға басшылық ету, сондай-ақ олардың құрамында мемлекеттік органдардың уәкілетті адамдары қатысқан алты дерегі анықталды. Ал 2012 жылы мұндай қылмыстар мүлдем анықталмаған болатын. Атап айтар болсақ, өткен жылы «Алматы қаласының жылжымайтын мүлік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры С.Оразақынов бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленіп, 12,5 жылға сотталды. Ол 2012 жылғы тамыз-желтоқсан аралығында Жылжымайтын мүлік орталығы басшыларынан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты құрып, жетекшілік еткен. Олар азаматтар мен заңды тұлғалардан жылжымайтын мүлікке кедергісіз техникалық төлқұжатын дайындау, сондай-ақ тұрғын жайдың қайта жоспарлауын заңдау үшін пара алған. Сөйтіп, тұтастай алғанда, 300-ден аса адамның 100-ден астам жүйелі түрдегі жасаған сыбайлас жемқорлықтары анықталды.
– Қазіргі таңда қаржы полициясы басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 2011-2015 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің салааралық бағдарламасын іске асыруда. Яғни, бұл бағдарламаға сәйкес қандай шара қабылдайсыздар?
– Бұл бағдарламаның шеңберінде ұлттық заңнаманы жетілдіруге, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді азайту, көлеңкелі экономиканың деңгейін төмендетуге бағытталған ұйымдастыру-құқықтық шаралар көзделген. Елбасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының жаңа тәсілдерін жасау туралы тапсырмаларын орындау мақсатында агенттік Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасына ұсыныстар дайындап енгізді.
Ұсыныстарды жасау барысында агенттік халықаралық тәжірибені, еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына мониторинг жүргізетін халықаралық сарапшыларының ұсыныстарын, құқық пайдалану тәжірибесінде туындайтын келелі мәселелерді қаперге алды. Атап өту қажет, басты назар Қазақстан әлі іске асырмаған Ыстамбұл жоспарының ұсыныстары мен БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ережелеріне, сондай-ақ 2011-2015 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етудің салааралық бағдарламасының іс-шараларына аударылды. Мұндағы іс-шаралардың бір қатары Қазақстан үшін концептуалдық сипатқа ие дегім келеді.
– Қазір сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандар үшін жауапкершілікті күшейту керек дейді көпшілік. Қаржы полициясының бұл мәселеде ұстанымы қандай?
– Сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін қатаң жазалау шараларына қарамастан, оған қосымша мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін күшейту және мемлекеттік қызметте болуға байланысты тағы да шектеулерді арттыруды біз де ұсынып отырмыз. Атап айтқанда, ең маңызды бастамалардың бірі болып заңсыз баю, пара беруге уәде ету және пара ұсыну, оларды қабылдау, үшінші тұлғалардың пайдасына пара беру және коммерциялық сатып алу, ықпал етуді саудалау (теріс пайдалану), пайда болуын түсіндіре алмайтын мүлікті тәркілеу, және т.б. белгіленді. Осындай шаралар Еуропа, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде қолданылады. Аталған жаңалықтарды енгізу үшін жаңа заңдардың бірқатарын дайындау мен қолданыстағы заңнаманы «түзейтін» заңдарды қабылдауды көздейтін іс-шаралар қосылды. Біздің ойымызша, ұсынылған бастамаларды іске асыру ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға барынша жақындатуға, сөйтіп, Қазақстандағы сыбайлас жемқорлықтың деңгейін іс жүзінде төмендетуге мүмкіндік береді.
– Алдында айтып өткеніңіздей, агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп отырған саясаттың тиімділігін арттыру үшін кешенді іс-шаралар қабылдауда дейсіз. Бірақ қаржы полициясының 2012 және 2013 жылдар көрсеткіштері бір деңгейде тұр ғой. Бұған не дейсіз?
– Біз сандық көрсеткіштерді қуудан бас тарттық. Бұл бар күш-қуатымызды жүргізіліп отырған жұмыстың сапасына бағыттауға мүмкіндік берді. 2013 жылдың 2012 жылмен салыстырғанда, қылмыстарды ашу көрсеткіштері бір деңгейде қалғанымен, жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғалардың саны үштен бірге артқан (784-тен 1121-ге дейін), ал сотқа жіберілгендердің саны 1,5 есеге (501-ден 853-ке дейін) артқан. Жалпы, сыбайлас қылмыстарды жасағаны үшін әртүрлі деңгейдегі 200-ге жуық басшылар (республикалық деңгейде – 17, облыстық – 58, қалалық – 36, аудандық 88) қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
– Сотталған бұрынғы ірі лауазымды тұлғаларды атасаңыз?
– 2013 жылы қылмыстық жауапкершілікке Білім және ғылым вице-министрі С.Шаяхметов, Ауыл шаруашылығы вице-министрі М.Өмірияев, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компания перзиденті Г.Мырзақұлов, Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі Т.Бастенов, ТЖМ Мемлекеттік материалды резервтер жөніндегі комитетінің «Резерв» РМК Пайдалану және капиталды құрылыс басқармасының бастығы М.Біләлов және т.б. бар.
Мемлекеттік міндеттерді атқаруға уәкілетті және оларға теңестірілген тұлғаларға қатысты барлығы 1445 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде жартысына жуығы 46 пайыз (660) – әкімшілік пен оның құрылымдық бөлімшелері қызметшілеріне, 16 пайыз (232) – ішкі істер органдары, 5 пайыз (70) – әділет органдары, 5 пайыз (66) – Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлеріне, 3 пайыздан салық қызметі органдары мен әкімдерге (49 пен 47 сәйкес) қатысты қозғалған. Бұл осы ведомстволар басшыларының тарапынан өз қатарларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді.
– Қаржы полициясы мемлекет мүддесіне қауіп төнетін жағдайда, мемлекеттік қаржы бөлінген жобалар аясында тексерулер жүргізуге құқылы дейміз. Бірақ, қазір көптеген арыздар бойынша тексерістер жүргізу мүлдем тоқтатылды. Бұл Қаржы полициясының тексеру дәрменін төмендетпей ме?
– Біз қаржы полициясының кәсіпкерлер арасындағы азаматтық-құқықтық дауларына араласу тәжірибесін тоқтаттық. Қаржы полициясы органдары арамза шенеуніктер мен экономиканың «көлеңкелі» секторы арасындағы сыбайлас жемқорлық байланыстарын әшкерелеуге бағытталған. «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау» заңына сәйкес Қаржы полициясына бизнес пен мемлекеттік органдар субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметін жеке тексеру уәкілеттігі берілмеген. Біз тексерістерді қозғалған қылмыстық істер шеңберінде ғана біздің қызметкерлердің қатысуынсыз салық комитетінің, қаржылық бақылау және басқа органдардың мамандарымен өткізуге тапсыра аламыз. Олардың түйіндемесі негізінде жазықтылардың қылмыстық жауапкершілікке тартылуы туралы шешім қабылданады.
– Сонда кәсіпкерлікті тексеру мәселесі қандай деңгейде?
– Жалпы, соңғы екі жылда қабылданған шаралардың арқасында уәкілетті органдардың Қаржы полициясының бастамасымен кәсіпкерлерді тексеруі 5 есеге азайтылды. Атап айтқанда, 2011 жылы 1715 тексеріс, 2012 жылы – 1009, ал 2013 жылы Қаржы полициясының бастауымен бақылаушы органдармен барлығы 340 тексеріс өткізілді. Керісінше, Қаржы полициясы қызметкерлері үшін басты бағыт ретінде бақылаушы орган қызметкерлерінің заңды кәсіпкерлікке бөгет жасау фактілерінің жолын кесу белгіленді. Соңғы 2 жылда біз бизнес істеріне заңсыз қолсұғушылықтың 500-ге жуық дерегін анықтадық, қылмыстық жауапкершілікке 325 лауазымды адам тартылды.
– Дұрыс екен. Ал бұл орайда бизнеспен өзара ынтымақтастықты одан әрі жақсарту үшін қандай шаралар қабылдап отырсыздар?
– Қоғамның, оның ішінде кәсіпкерлердің қаржы полициясына деген сенімін арттыру біз үшін өте маңызды және жұмысымыздың басты көрсеткіші. Жақында агенттік және Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы бизнес субъектілердің құқығын қорғау мәселелері бойынша өзара қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойды. Қазіргі таңда кәсіпкерлер – біздің тең құқылы серіктестеріміз, олар бізге қауіп-қатері көп салаларды анықтауға және сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономиканың пайда болу себептерін жоюға жәрдемдеседі.
– Шетелдермен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша өзара әрекет ету барысы қалай?
– Агенттік құрылғаннан бері еуропалық және азиялық мемлекеттердің құзырлы органдарымен тығыз ынтымақтастық жасалуда. Аталған ынтымақтастықтың құқықтық негізі халықаралық келісім болып табылады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету мәселелері бойынша Франция, Түркия, Қытай, Италия, Испания және ТМД мемлекеттерімен 19 келісімге қол қойылған. Сонымен бірге, Еуропаның алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі бюросымен келісімге қол қою жөнінде жұмыс жүргізілуде. Қазақстан осы жылдан бастап 2010 жылы халықаралық ұйым ретінде БҰҰ қамқорлығымен құрылған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық академияның толық мүшесі болып саналады.
Жалпы ойымызды түйіндей келе айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауындағы мақсаттарын ескере отырып, Қаржы полициясы агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа стратегия жобасын дайындауға қатысуда. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа саясатта отандық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру көзделеді. Әсіресе, қылмыстылықтың бастапқы кезеңінде алдын алу және әшкерелеу, сыбайлас жемқорлықтың пайда болуына себеп болатын жағдайларды жою, сондай-ақ саясатқа қоғамды белсенді тарту қажет. Әлбетте, бұл жұмыс қазақстандық ерекшеліктерге сай ұйымдастырылады, тиімді шаралар ғана қолданылады. Ал еліміздің заңнамасы бүкіл мемлекеттік мекемелерді және лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға міндеттейді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».