Ақтөбе облысында бір тәулікте 5 пәтер тонаған күдіктілер ұсталды. Көршілес Қостанай облысынан келген 37-38 жас шамасындағы 3 жігіт 5 пәтердегі алтын бұйымдарды, бағалы киімдерді, тұрмыстық техникаларды және ақшаны қолды еткен. Олар пәтер иелерінің үйде жоқтығын пайдаланып, есікті бұзып ойындағыларын іске асырыпты. Жалпы, жыл басынан бері осы қалада 100-ден аса пәтер тонау дерегі тіркеліп, 4 қылмыстық топ қолға түскен. Араларында Алматыдан пәтердегі мүлікті арнайы тонауға келгендері де бар. Қазір осы қылмыстық топ мүшелері тергеу оқшаулағышында отыр.
Ақтөбе қалалық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Арман Дәулетовтің айтуынша, 5 пәтер мүлкін қолды еткен күдіктілер де қамауға алынған. Қазір олар туралы өзге өңірлерде де тексеру ісі жүргізілуде.
Данияр ТҮЙМЕБАЙ.