Руханият • 07 Желтоқсан, 2021

Мінсіз – кім?

2992 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Алла – мінсіз. Адам – мінді. Мінсіз – кім? Мінсіз адам – шайтанның шә­кір­ті.

Мінсіз – кім?

Адамның білімі жетіліп, қызмет дәрежесі өсіп, байлығы молайған сайын, оның міні кө­бейе бермек. Парадокс, бірақ жағдай солай.

Білім жетілген сайын сұрақ-са­уал­дар көбеймек. Бәріне жауап таба ал­май қиналған адам мінді болмақ.

Қызмет-дәрежесі өскен жан әді­­­лет­ті жолға түссе әділет­тілік­тің үнемі шешімін таба алмай, мін­ді болмақ.

Заң, құқық қызметкерлері тура­лы сөз жоқ, олардан қашан болсын мін табылады. Әділетті шешім болуы мүмкін бе? Болады, бірақ көбінесе әділетсіз, яғни қызметтің өзі мінді.

Әрбір шаршы топ алдында сөй­леу­шінің сөзінде мін бар. Мінсіз сөз қа­лай бол­мақ, әлімсақтан бері адам таби­ғаты мінді болса.

Мінсіз әрекет те, қызмет те жоқ. Мұн­­дай жағдайда қандай шешім бол­мақ.

* * *

Мін болған соң, Дін болды, оның ұғымдары қалыптасты: тәубе, қанағат және шүкіршілік.

Мінсіз адамзат баласы болма­ған­дық­тан, күнәмізді өтеу үшін «тәубе» дейміз.

Нәпсімізге ие болу ниетінде «барға қанағат» дейміз. Жарату­шы­мыздың бізге берген нығ­мет­те­ріне – «шүкір» дейміз.

Мұның бәрі мұсылмандық-қазақ­ша түсініктер.

* * *

Ай мен күннің астында не мінсіз? Мінсіздік бар ма? Жоқ. Ел жадында сақталған түсінік бар: «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ».

Адам табиғаты қат-қабат. Өз мі­нін ешкімнің де жария еткісі жоқ. Сірә, бұл дұрыс та шығар. Адамның физио­логиялық қалпы бөлек әңгіме. Жалған дүниедегі кеміс жандардың бақи әле­мін­де орындары жұмақта дейтін біле­тін­дер.

* * *

Біздің сөз қозғап, талқыға салғалы отырған адамның адам­шы­лығына қатысты мәселе. Адам болмысындағы – мін.

Мәселе ұғынықты болуы үшін, мін туралы хакім Абайдан бас­тайын:

«Ойға түстім, толғандым,

Өз мінімді қолға алдым.

Бойдағы мінді санасам,

Тау тасынан аз емес.

Жүрегімді байқасам,

Инедейін таза емес.

Аршып алып тастауға,

Апандағы саз емес.

Бәрі болды өзімнен,

Тәңірім салған наз емес».

Кім өз мінін санауда?! Әдетте, өзге­нің мінін санауға шеберміз.

Мін дегенді өз басымызға жолатпаймыз. Оны ғылымда эгоизм дейді. Өз мінін білгісі келмейтіндерді, тілі­міз­де образбен өрнектеп: «кеуде­сі­не нан піскендер», «көзін шел бас­қан­дар», дейді.

Есіме поляк жазушысы Болеслав Прустың «Қуыршақ» ро­маны түсуде, оның басты ке­йіпкері – Нувориш.

* * *

Ауыр сұрақ. Неге адамдардың көз­де­ріне шел бітіп, кеуделеріне нан пі­се­ді? Дүниеде себепсіз ешнәрсе жоқ.

Біріншіден, бай адамдар өздерін «мінсіздер» қатарына қосады. Байлық адам­ды өз шамасынан асыратын жағ­дай. Шама дегеннің шегі бар. Ша­мадан асқан нәрсе шашылады, бірақ оны дер кезінде кім түсінген?

Бұл сөз қазіргі қоғамда аңға­рылып қалған Нувориш деген жұртқа қатысты. Олар кімдер, айтайын, Нувориштер кешегі кеңестік қоғамның кедейлері. Олардың көбісінің ата-тектері бай болмаған. Әйтеуір, оларға жел оңынан соғып, тағы да басқа айла-шарғылар арқасында қолдары байлыққа жетті.

Нувориштер бүгінде биліктің бар қабаттарына орнықты. Бұлар өздерін «жолы болғыштар» деп атайды. Олар кедейлерді мінділер қауымына жатқызады, айталық баяғы Бейімбет Майлин айтқан Мырқымбайлар. Дәлел. Мінсіз болсаң, неге кедейсің? Мін жеке басқа қатысты. Айталық, міне бізде мін жоқ. Байлығымыз, билі­гі­міз бар, не айтсақ та, сол «шындық».

Расы сол. Билікке, байлыққа жет­кен­­дерге бас иеміз. Сөйтіп енді біз мінді боламыз. Рақымды Алладан емес, солардан күтеміз. Солар жарыл­қай­­ды деп, қарадан-қарап кінәлі бола­мыз.

Жарылқаушы Алла тағала емес пе еді? Қазақ айтушы еді ғой, «Жаңа байы­ғаннан қарыз алма», «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас», деп.

* * *

Нувориштер айнаға қарап сәнде­не­ді. Айнаға қарап көңілі толып, баяғы өзі «дэнди», әйелі «лэди». Келісті. Мін жоқ өмірлерінде де, тұрмыстарында да. Балалары арнайы ақылы мектептерде. Мін деген нендей түсінік тәйірі. Құдай деп сарнамай, құдайсыз, бай-ауқатты күн кешіп, әлем елдерін мейлінше шарлау қандай бақыт – еркіндік. Бай адамның түсінігі осылай, ол дүниетаным жағынан космополит, «әлем адамы», қысылатын не бар. Бұған қарсы қандай уәж айтуға болады. Амалсыз келісесің.

Мұндай космополиттік дүние­та­­ным­ға, көзқарасқа сыймайтын екі нәрсе бар, олар: біздің қа­зақ­­тығымыз және мұсыл­ман­ды­ғымыз.

* * *

Мінсізбін деу Құдай дағуасын құру. Тегіс бәрін білемін, бәрі менің уы­сымда деу – шайтандық. Шай­тан­дық болмыс туралы орыс ақыны Михаил Лермонтов пен қазақ ақыны Абай бір түсінікте болған. «Ол күнде (әңгіме шайтан туралы) көз жетпесті көп көздеген, түгел білім қайда екен деп іздеген. Жападан жалғыз білімнен бақ шықпайды, өлшеусіздің сыймасын бір сезбеген».

Дүние өлшеусіз, ол бір адамның сана­сына, түсінігіне сыймайды. Дү­ниені тегіс білу адамзат баласына бұ­йыр­­маған. Адам білімі шамалы. Оның үстіне тек білімге бақ, құт, дәу­лет қонбай болмайды. Білімді адам күз­­дегі жасыл жапырағынан арылған, си­диған ағаш. Жапа-жалғыз білім адамды өсір­мей­ді, кептіріп тас­тайды.

Шайтанның халі ауыр. «Алла­дан қар­ғыс алған кеудесінен – сүю мен сол са­­ғат­та сенім кетті».

Шайтанда сүю жоқ, сенім жоқ, бұл қасиеттер шайтанға шәкірт болған­дар­да да жоқ.

Шайтанның шәкірті оны мін деп санамайды. Сүю мен сенім орындарына билік пен байлық жайғасқан.

Бұл қазіргі қазақ қоғамының рух­сыз­дануының келбеті.

* * *

Тым биік билік, тым мол байлыққа қол жеткен соң, кім болса да пенде ғой, басы айналған делік. Мейлі. Әркім жауапты Жаратушыға өзі бермек, бас жаққа бармайық. Әміршілер туралы әңгімеге араласпайық...

* * *

Мәселе төменгілерде. Жарты би­лік жарты байлыққа иелерде, осылар «мінсізбіз» деп тай­раңдауда. О, Алла! Азап осылардан. Александр Сергеевич Пушкиннің «Дубровский» поэ­масындағы Троекуров дегеннің образын еске алайық. Ол жаңа байыған – дүлей. Байлықтан өзгені құндылық деп есептемейді.

«Бай өзі оқымаған надан екен,

Тәкаппар, мақтау сүйгіш

адам екен.

«Малы көпке пәле жоқ»

деп ойлайтын,

Зорлықшыл, өр мінезді,

жаман екен».

(Шәкәрімнің аудармасы бо­йынша)

Қазіргі қазақ қоғамында Трое­ку­ров­­­­тар өсіп келеді.

О, тоба! Олар өздерін мін­сізбін деу­де, мінді өзгелерден іздеуде, адам міні туралы еш ойланбауда. Ойсыз Троекуровтар қоғамға, оның келе­ше­гі­не аса қауіпті.

* * *

Алла – мінсіз. Адам – мінді. Мінсіз – кім? Мінсіз адам – шайтанның шә­кір­ті.

 

Ғарифолла ЕСІМ,

академик, жазушы