Елорда • 08 Желтоқсан, 2021

Мереке күндері шектеу шараларын ескеру керек – Сархат Бейсенова

120 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова «сары» аймақта мерекелер қалай өтетінін түсіндірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мереке күндері шектеу шараларын ескеру керек – Сархат Бейсенова

«Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, елорда 26 қазаннан бастап «сары» аймаққа кірді. Желтоқсан мерекелері қарсаңында ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 2021 жылғы 24 қыркүйектегі №44 қаулысының 5-қосымшасы негізінде салтанатты, естелік және отбасылық іс-шараларды (банкеттер, үйлену тойы, мерейтойлар) «сары» аймақта 50%-ға дейін, 70 орыннан асырмай, барлық келушілер мен қызметкерлердің «жасыл» мәртебесі болған жағдайда ғана өткізуге рұқсат етіледі», деді Сархат Бейсенова әкімдікте өткен брифингте.

Сонымен бірге, спикер қаланың «сары» аймақта болуы ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің тиісті қаулыларымен белгіленген карантин шектеулерін жоймайтынын еске салды.

«Алдағы мерекелер эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына және коронавирус инфекциясының көбеюіне әкелмеуі керек және бұл біздің жүріс-тұрысымызға және алдын алу шараларына тікелей байланысты екенін түсінгеніміз жөн. Сондықтан қала тұрғындарын жаңа жылды кішігірім ортада, өз туыстарымен бірге өткізуге шақырамын», деді С. Бейсенова.