Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер сан-салалы. Мұнда кез келген қазақстандық қоғам мүшелерінің мұң-мұқтаждары мен талап-тілектері, бүгінгі күні оларды алаңдатып отырған мәселелер ескерусіз қалмаған. Соның бірі – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуге бағытталған.
«Нұр Отан» партиясы осындай ізгі міндет пен парызды атқару үшін «Кедергісіз келешек» атты жобаны жүзеге асыруға кірісті. Осы жоба шеңберінде аталған топқа кіретін ел азаматтарының өмір сапасын жақсартуға көңіл бөлінбек. «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалында қолға алынған іс-шаралар кешені олардың үкілі үміттерінің ақталуына берік сенім туғызады. Әсіресе, Орал өңірінде мүмкіндіктері шектеулі жандар мен мүгедектерді жұмысқа орналастыру жөніндегі мәселелерге жаңаша көзқарас қалыптасып келе жатқаны сүйсіндірмей қоймайды. Екіншіден, олар үшін кедергісіз жағдайлар жасау мен туғызуға да жан-жақты көңіл бөлінуде.
– Өйткені, қазір көптеген әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандары мүгедек жандар үшін ыңғайсыздық пен қолайсыздық туғызып жүргені жасырын емес. Сол үшін партия филиалы бастамасымен нысандардың қолжетімді картасын жасау шаралары ойластырылған. Бұған қоса, инклюзивтік білім беру жүйесін орнықтыру ісі де жолға қойылмақ. Қазіргі қазақстандық қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандарды барлық жағынан қорғай алатын құқықтық алаң қалыптастыру қажеттігі де айқын көрінуде. Бұл мәселені бірінші кезекте мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы заң тармақтарымен реттеуге болатыны белгілі. Ел Парламентінің депутаттары бұл орайда аталған заң жобасын кешіктірмей қарайды деп сенім артамыз, – деді газет тілшісіне «Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен.
Қазіргі кезде облыс тұрғындарының 3,8 пайызын мүмкіндігі шектеулі қамкөңіл жандар құрайды екен. Партия филиалына қарасты қоғамдық қабылдау бөлмесіне олардан түскен өтініштер мен тілектерге үлкен жауапкершілік және сергек көңіл-күймен қарау дағдысы орнығып келе жатқаны да атап айтуға тұрарлық мәселе. Иә, қалай десек те, мүмкіндіктері шектеулі жандар мен мүгедектер қол қусырып қарап отырған топтар емес. Олар да еңбек етіп, белгілі бір өнім өндіреді. Осы өнімдерді өткізуге жеңілдіктер жасауға ықпал ету тұтқаларын ойластыру да филиал қызметкерлері назарынан тыс қалмаған.
Осындай байыпты көзқарас көріністері қызмет көрсету мамандықтарына қайта әзірлеу, демалу мен ем алуға жағдай жасау, параолимпиадалық спортты жандандыру секілді ілкімді істерден де өз нәтижесін табатын болса, нұр үстіне нұр. Сондай-ақ, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін бүгінгі аталған топ өкілдеріне қатысты көтеру керектігі де талас туғызбайды. Міне, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы кедергісіз болашақ құру жобасын жүзеге асыруға өз үлестерін осылайша қосып келеді.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.